Версия для печати

«Аңсаған сәби»: квота саны артты Избранное

Пятница, 13 Январь 2023 06:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 870 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Г. Садыкбековна сайт

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоральді ұрықтандыруға (ЭКҰ) квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Үкімет 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосып, оған республикалық бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бағдарлама аясында биыл Шымкентте ЭКҰ-ға қанша орын қаралған? Өткен жылдың нәтижесі қандай? Тақырыпты тарқатар болсақ...

Шымкентте «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоральді ұрықтандыруға 2021 жылы — 403, 2022 жылы 413 квота бөлінсе, биыл сәбилі болуды аңсаған жандар үшін мүмкіндік көлемі артып, 429 квота қаралып отыр.

— Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың басында 538 келіншек бедеулік диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Оның 293-і әйелдің бедеулігі, ал 271-і ер азаматтың белсіздігі диагнозы бойынша тіркелген. Алайда, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тегін экстракорпоральді ұрықтандыруға 413 орын қаралып, бағдарламаға қатысқандардың ішінен 185 келіншек жүктілік бойынша есепке алынды. Нәтиже 45 пайызды құрады. Бұл — ЭКҰ-да өте жоғары көрсеткіш. Себебі, әйелдердің жасына, денсаулығына қарай нәтижеге қол жеткізе алмайтын кезеңдер де болады. Өткен жыл қорытындысы бізді қуантып отыр. Сонымен қатар, 62 келіншек бағдарлама аясында ем-шараларын жалғастырып жатыр. Былтыр жылдың соңына дейін 33 сәби дүние есігін ашып үлгерді. Бұл көрсеткіш әлі де өсе бермек, - дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекова.

Мамандар өткен жылы Шымкентте экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен жүктілік бойынша есепке алынғандардың көрсеткіші 45 пайызға жеткенін қуанышпен хабарлап отыр. Маманның сөзіне дәлел ретінде АҚШ-та 2016 жылы жүргізілген ұлттық есеп бюросының мәліметінен мысал келтірсек. Онда 35 жасқа толмаған әйелдердің ЭКҰ арқылы жүкті болу мүмкіндігі 45,3%, ал 35-37 жаста — 33,8%, 38-40 жаста — 22,6 %, 41-42 жаста — 12,2 %, 42 жастан жоғары 3,9% ғана екені анықталған. Яғни, бұл істің нәтижелі болуы, ең әуелі, сәби аңсаған жұптың денсаулығы мен жасына тікелей қатысты екенін көрсетіп отыр.

«Аңсаған сәби» бағдарламасына 18-42 жас аралығындағы ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмаған, ресми некеде немесе азаматтық некеде тұратын, өзара нотариалдық келісімі бар отбасылар, сондай-ақ жалғызбасты әйелдер қатыса алады. Алайда, бағдарлама кезегіне тұрғанға дейін пациенттің қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебесі, аналық без резерві анықталып, талапқа сай болған жағдайда тегін ем ала алады. Бағдарламаға қатысуға өтініш беру үшін тіркелген емханасынан тексеруден өтіп, алғашқы медициналық қорытындыны арнайы комиссияға өткізуі тиіс. ЭКҰ-ға жіберу туралы шешімді Шымкент қалалық денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Ал, ем-шара жүргізілетін репродуктивтік медицина орталығын әйелдің өзі таңдауға құқылы.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы алғаш рет ана атанғалы отырған 28 жасар Жазираның бүгінде аяғы ауыр.

— Тұрмысқа шыққаныма 5 жылдай болды. Бала көтере алмаған соң, құжатымды тапсырып, кезекке тұрдым. Кезегім келіп, ЭКҰ жасаттым. Аллаға шүкір, бүгінде аяғым ауыр. Дәрігерлер құрсағыма егіз біткенін айтқанда қуанышымда шек болмады. Аман-есен бауырымызға басуды бұйыртсын деп жүрмін, - дейді ол.

Алайда, мамандар үміткерді медициналық тексеруден өткізгеннен кейін жатырдың туа біткен немесе жүре біткен күрделі ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы, денедегі қатерлі өскіндер анықталған жағдайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талапқа сай, экстракорпоральді ұрықтандыруға жолдама берілмейтін ескертеді.

— Биыл Шымкент қаласы бойынша 429 орын қаралған, ал диспансерлік есепке алынғандардың саны 646-ға жетіп отыр. Бұл мемлекеттің қолдауына мұқтаж отбасы санының артқанын көрсетеді, - дейді қаланың штаттан тыс репродуктологы Гүлжан Садықбекқызы.

Айта кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасына жолдама жылына бір мәрте ғана беріледі.

Последнее изменение Пятница, 13 Январь 2023 06:28