Инвесторлар есебінен 15 мектеп Избранное

Пятница, 13 Январь 2023 06:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 772 раз

mektep

Биыл Шымкент қаласында инвесторлардың есебінен жаңа 15 мектеп ашылады деп жоспарланған. Аталған мектептер 11 810 оқушыға бейімделген және барлығы қазақ тілінде оқытатын білім беру орындары болмақ. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасынан хабарлады.

Басқарманың мәліметіне қарағанда, жаңадан ашылатын мектептердің барлығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, жекеменшік мектептер мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып, ата-аналар үшін тегін болады. Нәтижесінде Шымкент қаласында биыл үш ауысыммен жұмыс істейтін мектеп мәселесі толығымен шешіледі.

Айта кетейік, өткен 2022 жылы Шымкент қаласында тап осындай жүйемен жұмыс істейтін 41 мектеп пайдалануға берілген. Бұл мектептер жалпы 24 800 оқушыға арналған. Өткен жылы ашылған 41 мектептің 34-і (21 400 оқушы) таза қазақ тілінде білім берсе, қалған 7-еуі (3 400 оқушы) аралас мектептер екен.

Осылайша бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған мектептердің саны 246-ға жетіп отыр. Оның 151-і мемлекеттік мектептер болса, жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін жекеменшік мектептердің саны 95-ке жеткен.