Жүкті әйел үшін мемлекет төлейді

Пятница, 13 Январь 2023 06:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 955 раз

3333

МӘМС бойынша жүкті әйелдердің мәртебесін анықтау бойынша көптеген сұрақтар келеді. Осы тұрғыда МӘМС шеңберінде жүкті әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер бойынша бірқатар сұрақтардың жауабын ұсынып отырмыз.

- Мені жүктілік бойынша есепке қоюдан бас тартты, себебі мен сақтандырылмағанмын. Менің 12 айға ақы төлеуге мүмкіндігім жоқ, не істеуім керек?

Жүктілік бойынша есепке тұру үшін әйелдің келесі мамандарға жүгінуге мүмкіндігі бар:

1) акушер-гинеколог – оның консультациясы МӘМС шеңберінде жүргізіледі, сондықтан қабылдауға жазылу үшін сақтандырылған болу қажет;

2) жалпы практика дәрігері және акушер – олардың қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі, адамның сақтандырылған мәртебесі қажет емес.

Яғни сақтандырылмаған жүкті әйелді емхананың учаскесінде қабылдауға және жүктілік бойынша есепке қоюға болады.

- Мен жүктімін, есепте тұрмын. Жеңілдік санатына кіретін адам ретінде сақтандырылғанмын. Бірақ декреттік төлемдерді алу үшін БЖТ төледім, қазір жүйедегі мәртебем «сақтандырылмаған». Неліктен бұл орын алды және мәртебені қайтадан алу үшін не істеу керек?

- МӘМС жүйесінде жеңілдік санаты «Жұмыс істемейтін жүкті әйел» деп аталады. Олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Бұл санатқа ресми түрде жұмыс істемейтін және соңғы 2 айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар түспеген әйел кіре алады. Егер әйел ресми түрде жұмыс істесе, онда декреттік демалысқа шыққаннан кейін жұмыс беруші ол үшін жарналар мен аударымдарды төлеуді тоқтатады. Және ол «Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыстағы адамдар» жеңілдікті санатына енгізіледі. Бұдан әрі ол мемлекет есебінен сақтандырылған болып табылады.

- Маған скринингтен және басқа перинаталды тексерулерден өту керек. Бірақ емханада маған жолдама берілмейді, өйткені мен сақтандырылмағанмын. Бұрын жұмыс істедім және жарналарды төледім, бірақ содан кейін жұмыстан шығып, МӘМС төлемін жасамадым. Бірақ жұмыс істемейтін жүкті әйелдер жеңілдік санатына кіреді емес пе? Неліктен мені МӘМС-ті пайдалану құқығынан айырады?

-Сіз дұрыс айтасыз, жұмыс істемейтін жүкті әйел жеңілдік мәртебесіне ие бола алады. Сақтандырылған мәртебесін алу үшін оны жүктілік бойынша есепке қою керек. Әдетте жүктілік бойынша есепке акушер-гинеколог қояды. Оны қабылдау МӘМС тізбесіне кіреді, яғни тек сақтандырылған әйелдерге ғана қолжетімді. Алайда, егер әйел сақтандырылмаған болса, оны жалпы практика дәрігері немесе акушер қабылдап, жүктілік бойынша есепке қоя алады. Бұл дәрігердің қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. 3 күн ішінде әйел жеңілдікті санат ретінде сақтандырылған мәртебесін алады. Осыдан кейін ол МӘМС тізіміне кіретін барлық тексерулерге жолдама ала алады.

 

С. Құралбек, 
«Әлеуметтік медициналық 
сақтандыру қоры»
Шымкент қаласы бойынша 
филиалының директоры

 

Последнее изменение Пятница, 13 Январь 2023 06:53
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.