Мұндай жандар арамызда жүргенін кейде байқай бермейміз. Сондай азаматтың бірі – полиция қатарындағы қызметімен бірге, өнер жолында жүрген Шымкент қаласының және Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 1-полиция батальоны (Шымкент қаласы) полицейі, полиция аға сержанты Серік Сейсенбеков. Мейірімді полицей Абай ауданына қарасты жастар орталығының қызметкерлерімен бірге «Балалар үйінің» тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жас буынның өнерге, мәдениетке, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттыру.
Серік Сауранбайұлы кездесуде бос уақытында балалар үйіне жиі барып, өзінің өнерін жас бүлдіршіндерге паш етіп, домбырадан үйірме сабақтарын өткізіп қайтатынын айтып, ағынан жарылды. Бүгінде қызмет пен өнерді қатар алып жүрген полицейлер көп емес.
–Осы екі саланы бірге алып жүрген полиция қызметкеріне алғысымыз шексіз. Рухани азық беретін осындай шаралар жастар үшін ауадай қажет. Әсіресе жастардың патриоттық, шығармашылық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ, дейді ұйымдастырушылар.
Ата-бабамыздан қалған текті өнерді алтындай аялап, мәпелеп, өрісін кеңейтіп, өресін биіктету, жас ұрпақтың бойында қазақтың ұлттық өнеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген мейірімді полицей – отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке.
Дайындаған Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ