Версия для печати

АҚЫЛ МЕН ӨНЕРДІ ПҰЛДАЙТЫН ЗАМАН немесе мемлекет креативті индустрияларды дамытуға көңіл бөле бастады Избранное

Среда, 25 Январь 2023 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 857 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын.

762

 

Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметі «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен, «креативті индустриялар» ұғымы еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізіліп, бұл саланы реттеу мен оған мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздері жасалды.
Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, креативті
индустриялар бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету кезінде басымдыққа ие бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Бүгін біз креативті индустриялар дегеніміз не, оның қандай бағыттары бар, қандай өнім түрлерін шығарады, бұл секторды дамытудағы халықаралық тәжірибе қандай және біздің еліміз бен қаламызда оның жағдайы қалай деген сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.
Креативті индустриялар деген ұғымның аясы өте кең. Соған қарамастан оған жататын салаларды айқындау бойынша бірыңғай әдістеме қалыптаспаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолданыстағы тәсілдеріне сәйкес, креативті индустрияларға 14 бағыт: шоу-бизнес, дизайн, сән, креативті сәулет, кино, анимация, музыка, медиа, компьютерлік графика, білім беру және зияткерлік қызметке негізделген басқа да бағыттар жатады. Яғни, бұл индустрияларға шикізаты қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал болатын экономика секторлары жатады. Шығармашылық қызметі мен ой еңбегінің жемісін коммерцияландырып, монитизациялаған, қазақшалап айтқанда, өнерін сатып пұлдаған кәсіпкерлердің бәрін де креативті индустриялардың өкілдері деуге болады.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ұсынған статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық ішкі өнімінің құрылымындағы креативті индустриялардың үлесі 2,67 пайызды құраған. 2011 жылдан бастап 2021 жылға дейін барлық кезең ішінде креативті индустриялардың экономикаға қосқан үлесі 3 пайыз деңгейінде тұрақты сақталыпты. Өткен онжылдықта бұл сектор номиналды мәнде 3,2 есеге өскен. Демек, бұл бағыттағы өсімді Қазақстанның бүкіл экономикасының сол кезеңдегі өсуімен (3,2 есе) шамалас деуге болады. Статистикалық деректерге сүйенсек, аталған кезеңде Қазақстанда неғұрлым тез өскен креативті индустриялар «Веб-порталдар мен ақпараттық агенттіктер», «Мәдени ойын-сауық іс-шаралары мен әртістік қызмет», «Дизайн, фотосуреттер мен аудармалар» және «Кино және телебағдарламалар» екен.
Креативті индустриялардың орнықты дамуы, әсіресе, Шымкент сияқты ірі қалалардың экономикасы үшін айрықша маңызға ие. Халықаралық тәжірибеге қарап отырып осылай деп сеніммен айтуға болады.
Қазақстан Үкіметі бекіткен «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында» көрсетілген талдауларға сүйенсек, креативті сектордың әлемдік экономикаға қосқан үлесі 3 пайызды, ал, қаржы айналымы жылына 2 триллион 250 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Бұл секторда бүкіл әлем бойынша 30 миллион адам жұмыс істейтін көрінеді. Бұл ретте аталған сектор жұмыспен қамтудың кез келген басқа салаларына қарағанда 18-25 жас аралығындағы жастарға жұмыс орындарын көбірек ұсынады.
АҚШ-тағы әйгілі Калифорния бүкіл әлемде креативті экономиканы дамытудың эталондық үлгісі ретінде танылған. Қазір ол әлемдегі ең танымал орындардың бірі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген шығармашыл және талантты адамдардың көп шоғырлануымен сипатталады. Жыл сайын мұнда 650 миллиардтан астам долларға креативті өнімдер шығарылып, қызметтер көрсетіледі екен. Сол өнімдер мен қызметтерден АҚШ бюджетіне салық түсімдері 30 миллиард доллардан асады. Бұл ретте Калифорнияның креативті индустриясы 2,68 миллион адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Мұнан бөлек креативті экономиканы дамыту мәселесін алғашқылардың бірі болып қолға алған ел ретінде Оңтүстік Кореяны айтуға болады. Олар 2013 жылы салалық бағдарламаны әзірлеуден бастап, қазіргі кезде көптеген өзіндік брендтері бар әлемдік құбылысқа айналған. Бұл елде креативті индустрияны дамытуға ғылымға, технологияға, өнеркәсіптік саясатқа, шағын және орта бизнесті басқаруға, зияткерлік меншікті басқаруға жетекшілік ететін бірнеше мемлекеттік құрылымдар тартылған. Бұл ел креативті секторды дамыту үшін мемлекеттік шектеулер мен БАҚ-ты бақылауды алып тастап, кино мен музыканы еуропалық және америкалық аудиторияның талғамына қайта жасап шықты.
Нәтижесінде бүгінде кәрістер әртүрлі креативті өнімдерді – кино, музыка, телевизиялық бағдарламалар, сериалдар, жоғары технологиялы ойын контентін жаһандық нарықтарға белсенді түрде экспорттайды. Бұл елде креативті индустрияның шарықтап дамып кеткені сондай K-POP бағытындағы бір ғана «BTS» тобының табысы мен мемлекетке төлеген салығы әйгілі Korean Air ұлттық әуе компаниясының табысы мен салығынан асып түскен. Жалпы, бұл елдің креативті индустриядан түскен экспорттық кірістері 2021 жылы 12 млрд АҚШ долларынан асқан.
Нью-Йорк және Лос-Анджелес, Лондон және Берлин, Гонконг және Сеул, Шанхай мен Гуанчжоу сияқты әлемдік қалалар бүкіл әлемдегі талантты, өнерлі, ақылды адамдарды өздеріне магнитше тартып, оларға зор мүмкіндіктер ұсынып, өздері де сол арқылы табысқа кенеліп келеді. Сонымен қатар сарапшылар бір қалада креативті индустриялардың жақсы дамуы ол жерге туристердің ағылып баруына себеп болатынын, сөйтіп, креативті сектордың дамуы туризм, ІТ, бөлшек сауда мен қызмет көрсету салаларының да дамуына серпін беретінін айтады.
Қош, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ақылы мен өнерін, ой еңбегінің жемісін сатып табысқа кенеліп жатыр екен. Ал, біздің елде солай етуге не кедергі? Креативті индустрияларды дамытуда қандай проблемалармен бетпе-бет келіп отырмыз?
Басқасын айтпағанда, жүйелі түрде шешуді талап ететін негізгі 4 мәселені атап айтуға болатын сыңайлы. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, өткен жылға дейін еліміздің қолданыстағы заңнамасында креативті индустриялар ұғымын айқындайтын ұғымдар болмады. Соның салдарынан осы уақытқа дейін осы секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларынан көбіне тыс қалып жүрді. Мемлекеттің қолдауы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп секілді экономиканың дәстүрлі салаларына бағытталып келді. Дегенмен, Президенттің тапсырмасынан кейін бұл проблеманы шешу бойынша нақты қадамдар жасалды. Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар – соның дәлелі.
Екіншіден, креативті индустриялардың орнықты дамуы – авторлық және зияткерлік құқықтардың заңмен қорғалуына тікелей байланысты. Біздің елімізде бұл мәселелер заңмен реттелгенімен, зияткерлік құқықты қорғау практикасын әлі де жетілдіре түсу қажет.
Үшіншіден, мойындау нәпсімізге қаншалық ауыр болса да, Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға қажетті адами ресурстар жеткіліксіз, ал, барының сапасы төмен. Мұның негізгі себептерінің бірі – отандық білім беру жүйесі адамды креативті ойлауға машықтандырмайды және шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етпейді. Соның салдарынан біздегі мамандардың білімі мен кәсіби біліктілігі жаһандық бәсекелестікке төтеп беретін жағдайда емес.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстан жаһандық инновациялық индексте «қызметкерлердің білімі» көрсеткіші бойынша әлемде 52-ші орын алады. Бұл ретте «адами капитал және ғылым» көрсеткіші бойынша Қазақстан Түркия (26-орын), Ресей (29-орын), Беларусь (38-орын) және Украина (44-орын) сияқты елдерден айтарлықтай артта қалып, 132 елдің ішінен 66-орынды иеленді. Бұл – жоғарыда аталған тұжырымдамада келтірілген деректер.
Төртіншіден, елде креативті кәсіпкерлікті дамыту және орнықты креативті индустрияларды қалыптастыруға қажетті инфрақұрылым жеткілікті дәрежеде дамымаған. Креативті кластерлер мен хабтар, бизнес-инкубаторлар мен акселераторлар, арт-кеңістіктер мен көркем галереялар жеткіліксіз.
Енді мемлекет аталған проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін қандай шараларды қолға алып жатқаны жөнінде бірер сөз. Егер Шымкент қаласының көлемінде алсақ, әкімдіктің туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мұнан былай туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы болып аталады. Яғни, креативті секторды дамыту және мемлекеттік қолдау функциясы осы басқармаға жүктеліп отыр.
–Бұл функция біздің басқармамызға өткен жылы бекітіліп берілді. Содан бері Шымкент қаласындағы креативті индустрияның қазіргі жағдайына талдау жүргіздік. Сөйтіп, Шымкентте осы секторда жұмыс істеп жатқан 3 500-ден астам кәсіпкерлік субъектісі бар екенін анықтадық. Ендігі жерде Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, осы бағыттағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы субсидия және гранттар бөлінуі мүмкін. Оған қосымша Шымкентте «Іскер қала» атты өңірлік бағдарлама да бар. Онда ғимаратты жалға алудың бір бөлігін субсидиялау, жылына 1 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктері қарастырылған. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың осындай тетіктерін ендігі жерде креативті индустрияларда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де пайдалана алады, - деді Шымкент қаласы әкімдігінің туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы маркетинг және креативті индустрия бөлімінің басшысы Жанар Махажанова.
Иә, ХХІ ғасыр – өндірген тауарыңды ғана емес, білім, біліктілік, ақыл мен өнеріңді де пұлдайтын заман. Уақыттың осынау талабын ескеріп, мемлекеттің креативті индустрияларды дамытуға мойын бұра бастағаны қуанышты жағдай. Себебі, бұл сектор қаржылай табыс әкелумен шектелмейді, креативті сектор дамыса, жалпы қоғамның мәдениеті өсіп, ой-өрісі кеңейіп, пайым-парасаты артады. Отандық экономиканың креативті секторы өрге басса, креативті, талантты, білімді, кәсіби деңгейі жоғары жастардың шет ел асып, ұлттың ақыл-ойының сыртқа «ағып» кетуі де тоқтар еді.
Тек бір ескеретін жағдай бар, креативті сектордың дамуы үшін оны қаржы-экономикалық тұрғыда ынталандыру мен қолдау жеткіліксіз. Себебі, шөл далаға гүл өспейтіні секілді, авторитарлық билік орнаған, демократиялану деңгейі төмен елде әлемді таңдай қақтыратын креативті дүниелердің туа қоюы екіталай. Сондықтан креативті индустриялар қарыштап дамысын десе, билік либерализм, ашықтық пен жариялылық, сөз бостандығы мен ой еркіндігі құндылықтарын ілгерілете түсуі тиіс.