Ішек инфекциясы: қалай сақтанамыз? Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 306 раз

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жыл басынан бергі 4 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, халықтың жазда қандай аурулардан сақтануы керектін айтып берді.

BriFF

 

Департамент өкілінің айтуынша, осы жылдың 4 айындағы статистикалық мәлімет бойынша тұрғындар арасында 174 жіті ішек инфекциясы тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,9 пайызға өскен. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі – 74,7 пайыз. Ал, соңғы жылдары Шымкентте тырысқақ жұқпасы тіркелмеген.
Айгүл Мелесқызының түсіндіруінше, ЖІИ – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар су, сүт, сүт өнімдері, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жұғады. Құрамында қоздырғышы бар қайнатылмаған суды, сақталуы бұзылған дайын тағамдарды пайдалану арқылы (сүт және сүт тағамдары, салаттар, ет пен ет өнімдерінен дайындалған тағамдардан, паштет, іркілдек (холодец)) жаппай жіті ішек инфекциясы орын алуы мүмкін. ЖІИ-мен ауырған науқасты күту кезінде және ластанған сумен қол жуғанда, жеке басының тазалығын сақтамағанда қоздырғыш жұғады.
– Жіті ішек инфекциясы ауруына ұшырағандар саны жаз-күз мезгілдерінде артады, себебі осы уақыттарда жеміс-жидектер піседі. Сонымен қатар, аурулардың тарауына шыбын-шіркейлер үлкен әсерін тигізеді, олар дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайды. ЖІИ жасырын мерзімі қысқа – 6-48 сағаттан бастап 7 күнге дейін жүреді. Клиникалық белгілері іштің ауыруы, құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі байқалса, уақыт өткізбей дәрігерге көрінген дұрыс. Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметі бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтеді, асқыну жағдайы көбірек болады, – дейді Айгүл Мелесқызы.
Эпидемиологтар, сонымен қатар, халық арасында ЖІИ тіркелуі тырысқақтың таралуына да әсер етеді дейді. Тырысқақ (лат. cholera) — тек адамнан адамға ауыз-нәжістік жолмен жұғатын (антропонозды), қоздырғышы вибрион, өте жоғары жұғымды аса қауіпті карантинді жіті ішек жұқпасы. Вибрион суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады екен. Жұқпа таралуының жалғыз көзі – ауру адам немесе тырысқақ бойынша қолайсыз аймақтан келген қоздырғышты нәжіс немесе құсық арқылы бөлетін вибриотасымалдағыштар. Қоздырғыш тамақ және су арқылы адам ағзасына түседі, ауру адаммен қатынаста болғанда немесе тұрмыстағы заттарды пайдаланғанда жұғады. Қоздырғыш су, сүт, ағынды суларда ұзақ уақыт бойы сақталады және қайнатқанда жойылады. Вибрион ас қорыту органдарына түсе салысымен сұйық, ауырсындырмайтын, жиі іш өтуге, жалпы уланумен тоқтаусыз құсуға әкелетін экзотоксин бөледі. Адам өзінен көп көлемде сұйықтық жоғалта бастайды, нәтижесінде ағза сусызданып, адам өліп кетуі де мүмкін. Тырысқақтың жасырын мерзімі қысқа – 1 күннен 5 күнге дейін.
– Ауру таралуының негізгі себебі таза судың тапшылығы немесе жоқтығы, санитариялық құралдардың болмауы, бұған қоса, қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауынан болады. Ауырған науқастарды және осы ауруға күдікті науқастарды оқшаулап, дәрігерге дер кезінде көрсетіп, тағайындаған емін алу керек. ЖІИ науқастың ауырлық жағдайына қарай ауруханаға жатқызуын немесе амбулаториялық емделуін дәрігер шешеді. Үй жағдайында амбулаториялық емделген кезде жеке бастың тазалығын қатаң сақтап, қоршаған ортаны ластамауға, көпшілікке жұқтырмаудың амалдарын қарастыру керек. Әр ауырған науқас өз бетінше емделуден аулақ болуы керек! Тек, дәрігер ғана дұрыс диагноз қояды, емдеу жолын қарастырып, емдеуді тағайындайды және қолайсыз жағдай тудырмаудың жолын біледі. Тырысқақпен ауырғандарды тез арада оқшаулап, ауруханада емдейді, – дейді санитар дәрігер.
Жеке бас тазалығының ережелерін сақтау, ас дайындауда – өңдеу, тасымалдау мен сақтау ережелерін орындау, тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін қолды өте мұқият тазартып жуу, тұрғылықты жерлердің, үй маңын таза ұстау, тез бұзылатын кондитерлік өнімдерді, әр түрлі салаттарды, дайындалған ыстық тағамдарды, азық-түліктерді тоңазытқышта дұрыс сақтау, жеміс-жидектерді пайдалану алдында тазартып жуу және қайнаған сумен шаю, шыбындарды жою сияқты тазалықты сақтаумен қатар жаз айларында ашық су орындарында шомылғанда еріксіз суды жұтып, жанасу арқылы ауру жұқтыру қаупі жоғары, сондықтан рұқсат етілген шомылатын орындарда шомылған жөн.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.