Салт-дәстүр – ұлттың алтын ұстыны

Пятница, 07 Июнь 2024 08:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 332 раз

ulttyn-altyn

Бүгінде әлем күніге мың құбылып тұр. Мынаның жайы мынадай болады деп тайға таңба басқандай анық айту мүмкін емес. Шағын ұлттардың озбырлығы басым, дегенін істетпей қоймайтын үлкен ұлттардың жемсауына торға түскен балықтай жұтылып жатқанын көзіміз көріп отыр. Осындайда ұлт өз болмысын қалай сақтап қала алады?!

Бұл жағдайға Африка халықтарының көсемі Нельсон Мандела пақыр айтудай айтты. «Отарлаушылар келгенде жеріңді, еліңді сақтау үшін аянбай күрес, соғыс. Жымысқы әрекеттерімен салт-дәстүр, мәдениетіңді алып қойса, шекараңды ашып тастай сал. Өйткені, ол жер де, ел де сенікі емес». Ауыр айтса да шындық осы.

Осы қауіпті біздің заңғар жазушымыз Мұхтар Мағауин де айтты.

Ойы мынадай. «Мұсылман діні елімізге дендеп енгенде қуанғандардың бірі едім.Қазаққа үлкен өркениет есігін ашады, толық мұсылман ел боламыз. Иманымыз молаяды, халқымыз кемелденеді деп. Олай болмады. Дін атын жамылған уағызшылар қазақтың салт-дәстүр, мәдениетіне шабуыл жасай бастады. Ал, бұл өте үлкен қауіп. Оның астарында ұлтсыздандыру жатыр».

«Қазақ әдебиетінің тарихы 18-ғасырдан, яғни Бұхар жыраудан басталады» деп жүрген кезеңде зерттеулерімен бес ғасыр кейін шегеріп, сонау Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз сияқты жырауларға апарып тіреген, қазақтың арғы-бергі тарихының аса білгірі Мұхтар Мағауин бекерден-бекер қауіп қылмаса керек.

Деструктивті ағымдар келіннің сәлем беруі дейтін әлемі салтымызды Аллаға серік қосу деп ширкке жатқызады. Қасиетті домбырамыз сайтанның сапалағы екен. Шешем деп еміреніп жүрген анамызды көшедегі қағынды әйелге теңеді. Шақалаққа «Бауы берік болсын!» деген тілеу де қазақтікі емес болып шықты.

Несін айтасың, қазақ өте ауыр кезеңді басынан өткеріп жатыр.

Шымкентте әзірге республикада жалғыз Салт-дәстүр орталығы бар. Арнайы мектеп қажеттіліктен ашылған. Көп жыртығымызды осы орталық мейілінше бүтіндеп келеді. Басшысы Бақтияр Спанов – ұлтқа болсын дейтін азамат.

Мұнда қазақтың салт-дәстүрі, мәдениетіне байланысты жиындар көп өтеді. Өзіміз талайына куә болдық. Халқымыздың көрегенділігіне, ырым-салт, жөн-жоралғы, ұлттық тәрбиесіне тәнді болдық.

Жуырда Бақтияр Әбілұлымен арнайы жолығып, орталықтың бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарын бір саралап көрдік.

– Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы 2014 жылы ашылған,– дейді Бақтияр Әбілұлы.

Негізгі қызметі қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, жөн-жоралғыларының мәнін терең мазмұнда қайта жаңғыртып, өңірлерге іс-сапарларға шығып, жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізу, этнографиялық мәліметтер мен рухани құндылықтарымызды насихаттау арқылы келешек ұрпақ санасына ұялату болады.

Орталық басшысы сол жылдардан бері атқарылған іс-шараларды бір жіліктеп өтті. Яғни, осы уақытқа дейін орталықта 300-ге жуық мәдени-танымдық, этнографиялық шаралар өткізілген. Атап айтқанда, «Сарқылмас қазына» телевизиялық жобасымен 50-ден аса бейнеролик, «Дәстүр мен дастарқан» бағдарламасы түсірілді. «Отаным – бақыт ордасы» телевизиялық жобасының қырғыз, өзбек, кәріс, шешен т.б. этномәдени орталықтарымен бірлескен түсірілімдер жасалып, «Ұлы дала өсиеті» даналық сөздер антологиясы жарияланды. Тәжірибе алмасу, Қазақстанның әр өңірлерінің мәдени-тарихи мұраларын зерттеу, салт-дәстүрлерін саралау, ерекшеліктерін зерттеу мақсатында республикамыздағы өзге өңірлерге іс-сапарлар ұйымдастырылды. Ұлттық киім өндіретін кәсіпкерлер, колледждер, дизайнерлермен бірлесе «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау барысында «Дәстүрге берік отбасы» ток-шоуы, Шымкент қалалық жастар бөлімімен бірлесе «Биік болсын шаңырақ!» тақырыбында қазақтың киіз үйін құрудан шеберлік сағаты, «бесік жырын» насихаттауда «Жақсы келін – ырысың!» атты қалалық жас келіндер байқауы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Айды алқа ғып берейін» атты облыстық жас жазба ақындар мүшәйрасы, шілде айының 1 жексенбісі «Ұлттық Домбыра күні» болып белгіленуіне орай ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі және әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында «Домбыра-Думан» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.

Ғасырлардан келген ұлттық сусындарды насихаттауда, төрт түліктің киесі, ұлттық сусындардың шипасы, жөн-жоралғылары мен ырым-тыйымдары туралы «Ұлттық сусындар – ұлттық бренд» атты танымдық сағаты, ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтайтын батырлық эпостарды, дәстүрлі әндер, тәлімді термелерін насихаттауда «Ұлы дала сарыны» атты батырлық жырлар оқуын өткізді. Қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған «Дәстүрдің дара діңгегі» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.

«Дәстүрім – асыл қазынам» атты энциклопедиялық жинақтың және «Ұлттық киімдер» альбомының тұсаукесер рәсімі, данышпан ақын, ғұлама ойшыл хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай даналығы – халық мұрасы», көне заманнан келе жатқан асыл мұраларымызды, ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ән қазынасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Дәстүp және ғұрыптық ән» танымдық шарасы, «Көнеден жеткен сыр сандық» тақырыбында шеберлік сағаты, «Жастар жылы» аясында «Қызды ауылдың қызығы...» атты тағлымдық шаралар өтті. Мұндай мазмұнды, тағлымы терең шаралар әлі де жалғасын табуда.

Мәдениет пен өнер саласына қырық жылға жуық еңбек сіңірген, ҚР Мәдениет қайраткері Бақтияр Әбілұлы еліміздің басқа облыстарынан бөлек, көрші мемлекеттің мәдениет ұжымдарымен тығыз байланыста екендігін айтады. Түбі түркі халықтарының тамыры бір, дәстүрі ортақ. Жаһанданудың ұсақ ұлттарға қаупін көріп отырған көрші ағайындар ынтымақтасып бірге жұмыс істеуге бейіл. Деструктивті дін ағымдарының қазаққа қаупі туралы жоғарыда айттық. Сондықтан да жастар олардың жетегінде кетпеуі үшін ауқымды іс-шаралар жүйесі түзілген.

Мәселен, өткен жылы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен Салт-дәстүр орталығы бірлескен «Дәстүр мен дін тағлымы» іс-шарасы өтті. Оған ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов, Дін істері басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев бастаған имамдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Мұнда дін мен дәстүрдің ортақ, сауапты тұстары насихатталды. Бас мүфтидің тұщымды, тағлымды әңгімесі тыңдалды.

– Біздің жұмысымыз кейбір адамдарға, сырт көзге оншалықты маңызды көрінбеуі мүмкін, – дейді Бақтияр Әбілұлы. – Бірақ, дәстүрін жоғалтқан халықтың оңғаны жоқтығын кәрі тарих көрсетіп отыр. Мәселен, түбі тамырлас Қиыр Шығыс халықтары саха, тыва, эвенкі мен нивхи, айнилар ата-тегінен мүлде айырылып қалды.

Шор сияқты ұсақ ұлттар орыс жұртына сіңіп кетті. Сондықтан қауіп қайда деуге болмайды. Бұл ұлттық мәселе Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты да қатты толғандыратындығын Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелерінен көріп жүрміз. Бүгінде шетелдік өркениеттің ащы жемісі қазақ жеріне жетіп жатқанына көз жұмып қарауға болмайды. Басқасы басқа, әлем жұртшылығы бір әйелдің өзі туған ұлына тұрмысқа шыққанының, екеуінің аста-төк той жасағанын, жаһанға жар салып мақтанғанын көрсетті. Бұл – азғындау, деградацияға ұшырау. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Бұған бізде қарсы тұра алатын үлкен күш бар. Ол ұлы Абайдай заңғарларымыздың ар әлемі, халқымыздың ғажайып әдет-ғұрып және қалтқысыз қызмет еткен салт-дәстүрі.

...Біз орталық басшының пікіріне толықтай қосылдық.