Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға нақты көмек көрсету.
Осы орайда, Шымкент қаласының орталық мешітінде «Мектепке жол-2024»акциясы аясында қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылды. Республикалық акция аясындағы іч-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, қаланың бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы арнайы қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
Іс-шарада Бас мүфти оқушыларға білім-ғылымның мәртебесі, артықшылығын атап өтіп, жаңа оқу жылында сабақтарын жақсы оқуға шақырды. Орталық мешіттегі қайырымдылық акциясында «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен 500 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті (дәптер, қалам, сызғыш, церкуль, бояу, түрлі түсті қалам, түрлі түсті журнал, сурет дәптер, қалам ұштағыш, желім т.б.) құрал-жабдықтар үлестірілді.
Игі іс-шара тамыз айының соңына дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандық мешіттерінде жалғасады.
Айта кетейік, ҚМДБ қайырымдылық бағыттағы бірқатар іс-шаралар мен жобаларға атсалысып, өз үлестерін қосып келеді. Соның бірі - оқу-білім алуға қолдау көрсету бағытындағы «Мектепке жол» акциясы. Бірнеше жылдан бері бұл іс-шара дәстүрге айналды.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ