Сенбiлiк бойымызды сергiттi

Пятница, 11 Март 2016 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1303 раз

Шымкент қаласында жылдың алғашқы тазалық шарасы өтті.  Жалпықалалық сенбілікке облыс және қала әкімі аппаратының басшылары, мәслихат депутаттары, басқармалар мен бөлім басшылары, қала тұрғындары қатысты.

12802837 773850012744934 4205925941062789703 n«Тазалық – иманның жартысы» деп бекер айтылмаса керек. Аналар мерекесі қарсаңында қаланы абаттандыруға тек ер-азаматтар үлес қосты. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көшет отырғызып, қала тұрғындарын тазалыққа шақырды.
Әрбір отырғызылған ағаш келешек ұрпақ үшін. Орталық саябаққа жиналған көпшілік игі іс-шарада белсенділік танытты. Бірі тал отырғызуға атсалысса, енді бірі тазалық жұмыстарына үлес қосты.
Облыс және қала әкімінің басшылығымен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және қала әкімі аппараты қызметкерлері «Орталық» саябақта 500 дана аққайың көшетін, 500 дана раушан гүлін және 30 түп Қырым қарағайын отырғызды. «Көктем туғанда ағаш отырғызсаң, жыл табысты болады. Қаламыздың әр тұрғыны бір талдан отырғызса, қаламыз қандай көркейер еді. Ертең немерелеріміз осы жерді саялайды. Әрбіріміз келешек үшін бір үлгі іс қалдырсақ жарасымды емес пе?!» – деді облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы.
Бұл күні «Тарихи-мәдени этно саябағы» аумағында 2630 дана қылқан жапырақты ағаш, «Тәуелсіздік» саябағына 250 дана аққайың, 100 дана қылқан жапырақты ағаш, «Жеңіс» саябағында 250 дана аққайың отырғызылды. Бұл жұмыстарға арнайы 26 дана техника жұмылдырылды.
Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, көшеттер Қазығұрт тауының беткейінен әкелінген. Алда қаланы көркейту-көгалдандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілмек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.