«Студенттер үйiнде» үздiктер тұрады

Пятница, 01 Апрель 2016 05:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5460 раз

 MG 9567Әр адамға жастық шағы, студенттік өмірі қымбат. Кез келген жан осы бір ең аяулы кезеңге көз жүгіртсе, кино лентасындай көз алдында тізбектеліп, сағыныштан көзіне жас тұнар. Өткен күндерге көз жүгіртіп, жылы жымиыспен еске алар. Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының 12 қабатты жатақханасы алыстан менмұндалайды. Былтыр қыркүйектің бел ортасында сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі келіп, ашылу салтанатына қатысқан. Біз сол еңселі ғимараттың тыныс-тіршілігімен, студенттердің өмірімен танысу мақсатында бас сұққан едік. «Студенттер үйінің» тәрбиешісі Нұрай Жақабай қарсы алып, жол бастады.


Қала сәулетiне көрiк қосқан

Жатақхана – бұл студенттердің құтты ұясы, жылы мекені.
Мұнда болашақ педагогтар үшін барлық жағдай жасалыпты. Әр жатын бөлмеде екі студент ғана тұрады. Бөлме ішінде ванна, кітап сөрелері мен киім қоятын шкаф, ыңғайлы кереует, тіпті кішігірім тоңазытқыш та бар.
Ол аз десеңіз, ғимарат ішінде кітапхана, асхана, арнайы медициналық кабинет, химиялық тазарту, тағы басқа қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда Шымкентте бұрын-соңды мұндай жатақхана болмаған.
Жеделсатымен жоғары қабатқа көтерілдік. Асхана жақтан қыздардың сыңғырлаған күлкілері естілді. Сабақтан келген олар кешкі астың қамына кірісіпті.
– Асханада қажетті заттардың бәрін табасың. Тамақ жылытатын пешімізге дейін әкеліп қойған. Сосын жатақханамызда буфетіміз де бар. Нан, басқа да ас-суымыз таусылса, көшеге жүгірмейміз. Ата-анамыз жатақханадағы өмірлерін еске алғанда, жігіттер жағы тамақтарын қазанымен қоса ұрлап әкететінін жиі, күліп еске алады. Ал біздің «Студенттер үйінде» кілең қыздар тұратындықтан, ондай жағдайлар кездеспейді, – дейді 2 курстың студенті, қоғамдық жұмыстардың белсендісі Парасат Тұяқбаева.

Жастарға жiгер берген...

 MG 9553

«Студенттер үйіне» бірінші кезекте оқуда озат, білім, ғылым, спорт сайыстарында оза шауып жүрген, институттағы іс-шараларға белсенді қатысатын қыздар қабылданады.
Жатақхананың жетінші қабатында тұрмыз. Терезеден көз салсаң қаланың сұлулығы, әсемдігі, биік ғимараттары анық көрінеді. Осы қабаттағы бөлмелердің бірінде тұратын Ұлмекен Алдиярова дене шынықтыру және әскери дайындық факультетінің 1 курс студенті. Каратэден республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, институттың ғана емес, облысымыздың мерейін үстем етіп жүр. Спортты жанына серік еткен қыз: «Жаттығудан шаршап келіп, бірінші терезе алдына келем. Сыртқа біраз көз тастап, қала көрінісін бақылаймын», – дейді. «Жатақханадағы студенттік өмір ұнайды. Бәрі бар. Қонақүйде тұрып жатқан сияқтымыз. Бағасы да қалтаға қонымды. Бір жылға 23 мың теңге төледік».
Ал 1-курс студенті Сандуғаш Асанова Қызылорда облысынан келген екен. Волейболшы. – Басында ата-анамды, ауылымды, достарымды сағынып, Қызылордаға қайтқым келетін. Бірақ жатақханадағы қыздарға тез бауыр басып, олармен жақсы араласып кеттім. Жиі болмаса да, мерекедегі екі-үш күндік демалысты пайдаланып, сағынышымды басып қайтамын, – дейді Сандуғаш.

Талантты шәкiрттер тасада қалмайды

 MG 9534

Жатақхананың екінші қабатында түрлі үйірмелердің кабинеттері ашылған. Біз барғанда жатақхана ішінде Құрманғазының
«Адайы» күмбірлеп жатты. Еппен есікті ашқан едік, 7-8 қыз-жігіт домбыра шертіп отыр екен. Үйірме жетекшісі Роза Сырайлова
40-тан астам студент қатысатынын, оларды үш топқа бөліп, күйлерді үйрететінін айтты. – Бірінші топқа домбыраны енді қолға алып, үйренуге кіріскен студенттерді жинаймыз. Ал екінші топта 2-3 күй білетіндер, ал 3 топта 8 күйден көп білетіндер топталған. Үйірменің студенттері институттағы, қаладағы іс-шараларға, мерекелік кештерге жиі қатысып, өз өнерлерін ортаға салады, – дейді.
Бұдан кейін Ләззат Ергебекова мен Қуат Таукеев жетекшілік жасайтын би үйірмесінің есігін қақтық. Үйірмеге 100-ге жуық қыз-жігіттер қатысады. Ұлттық биімізден бастап, шығыс және әлем билерін үйренеді.
Бұдан бөлек дефиле, айтыс, эстрада, фольклорлық аспаптар, бейнелеу өнері, вокаль, сәндік өнер, ұлттық аспаптар жасау, тігін, компьютер, тағы басқа үйірмелердің есігі институт студенттері үшін айқара ашық. Ал жатақханада тұратындар үшін тіпті рахат. Алысқа сабылмай-ақ, өнердің сан түрінен шеберлігін шыңдайды. – Үйірмеге қатысушылардың қолдарына арнайы сертификат тапсырамыз. Олар болашақ педагогтар болғандықтан әннен, биден, қолөнерден, басқа да өнер түрінен хабардар болуы шарт, – дейді сәндік өнер үйірмесінің жетекшісі Гүлмира Бегалиева.

Ата-аналар да дән риза

 MG 9522

Бұл «Студенттер үйінің» орнында бұрын 50-ші жылдары салынған институттың оқу ғимараты болған еді. Сол ғимарат сүріліп, 1,5 жылда-ақ орнына жаңа жатақхана бой көтерді. 

Гауһар Камалова басшылық жасайтын «Студенттер үйінде» бүгінде 314 қыз тұрады. – Алыстан, басқа облыстардан келген студент қыздар бар. Ата-аналары, туған-туыстары сағынып, қал-жағдайларын көзбен көріп, көңілін жайландыру үшін іздеп келеді. Олар қаланың әр бұрышынан пәтер мен қонақүй іздеп әуреленбесін деп, ата-аналарға арналған арнайы қонақ бөлмелерін аштық. Кез келген уақытта келіп, екі-үш күн қыздарының жанында болып, жатақханамызға түней алады. Жатақхана есігі кешкі 21.00-де жабылады. Әзірге тәртіп бұзып, көзге түскен қыздарымыз кездескен жоқ, – дейді Гауһар Камалова.
Алаңсыз білім алуға барлық жағдайды жасап, аз уақыттың ішінде осындай еңселі жатақхана салуға мұрындық болған институт ректоры Оңалбай Аяшевқа әрбір студенттің айтар алғысы шексіз. Олар да жылдар жылжыған сайын пана болған құт мекеніндегі, сүйікті шаңырағындағы естелікке айналған әрбір күнін сағынышпен еске алар...