«Қошқар атаның» қадiрін бiлсек... Избранное

Пятница, 22 Апрель 2016 07:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6001 раз

Қаланы қақ жарып өтетін «Қошқар ата» өзенінің бүгінгі кейпіне көңіл сүйсінеді. Бұлақтың бастауы көрікті орынға айналған: абаттанып, ажарлану үстінде. Қала тұрғындары қадіріне жете білсе дейсің. Бұлақ басында шомылып жанына шипа тапқандар жетерлік. Көңіл жарастырған қос ғашықтардың басы тоқайласатын мекен де осы жер. Бұдан бөлек, нағыз чемпиондардың жаттығатын орнына айналғанына да көзіміз жетіп отыр.

Балуандар жаттығып жүр...

DSC01485

«Қошқар ата» қанша ғасырлар бойы тоқтаусыз қала тұрғындары үшін тазалықтың бастауы болған өзен.
Елімізде қаланы ортасынан кесіп өтетін өзендер санаулы-ақ. Соның бірі – «Қошқар ата».
Өзеннің шипалық қасиетін айтпағанда, шаһардың микроклиматтық жағдайын реттеуге де мол әсері бар бұл судың. Білетіндердің айтуынша, бұлақ суы Сайрам ауданындағы Сусіңген көлінен келеді.
Жаз маусымы шығысымен тұрғындар демалыс орнын іздеп сабылады. Осы күні бұл маңда сейіл құрып жүрген жастар көп. Қазіргі бұлақтың тыныс-тіршілігімен танысу үшін аяңдап едік, бір топ спортшылардың дене әлеуеттерін шынықтырып жатқанының үстінен түстік. Жас балуандар бір сағат өзенді айнала жүгіріп, бір сағат темір жақтауды жағалай жаттықты. Жас шәкірттерді бұл орынға елге белгілі бапкер Жангелді Жұмабаевтың өзі ертіп келіпті. Еркін күрестен жиырма жылдан астам облыстың аға бапкері болған маманның өзі. Бас-аяғы 15 спортшы. Бәрі де Шымкент қалалық №1 спорт мектебінің шәкірттері екен. 2000-2001 жылы туған еркін күрес балуандары Түсіпхан Сайхановты еске алуға арналған халықаралық турнирге дайындалып жатыр. 5 мамырда басталатын дода Азия балалары сайысына іріктеу ретінде өтеді.
– Қаламыз үшінші мегаполис болып жатыр. Жастар көп келетін орынды ретке келтіріп қойған облыс, қала басшыларына рахмет айтамын. Осы демалыс саябағының игілігін біз де көріп жатырмыз. Судың жағасында жүгірудің пайдасы көп. Спортшының тыныс алуы жақсарады. Бұл жер тек қыдырып жүру ғана емес, нағыз спортпен шұғылданатын орын, – дейді білікті бапкер ризалық танытып.
Осы шәкірттердің келешекте Жасұлан Мұхтарбекұлы, Ермек Байдуашев сынды өрендердің ізін жалғайтынына сенім бар. Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы балаларды былтыр көктемнен бері осында жаттықтырып жүр. Оларды аптаның үш күнінде осы жерден көресіз.

Шомылып, сырқаттан айықты

«Қошқар ата» суының қасиетін сезініп жүргендердің бірі – «Қазақстан-Шымкент» радиосының аға редакторы Уәлихан Қожақ. Қаламгер 1998 жылдан бері қысы-жазы шомылуды әдетке айналдырыпты. Оның өз себебі де бар. Құяң ауруына шалдығып, дәрігер іздеп шапқыласа керек. Екі аяғы қақсап, тік тұрып жүрудің өзі қиындаған. Олардан еш нәтиже шықпасын түсінген Уәкең осында шомылуды ұйғарған. Кіші ұлы Нұрсұлтан екеуі әліге дейін бастауға күмп беріп, бойын сергітіп алады. Қазір кеселден құлан-таза айыққан.

 MG 7960

Сүйек, буын ауруларына, ас қорыту мүшелеріне бірден-бір ем екенін көпшілік біле алмай жүргенін айтады.
– Қазір тек жексенбі күні түсемін. Өткен жылы күзде асқазаныма ота жасатқан едім, дәрігерлер алты айға шомылуға тыйым салды. Алты ай өтті, қазір қайта бастадым. Бұл судың қасиеті өте тамаша. Шаршағанды басады. Жас жұбайлар да жиі жағалайды. Қазір тұмауратсам да шомыламын. Төрт жасар немерем бар. Күн жылынса оны да ерте келемін, – дейді өзі.
Салауаттылықты дәріптеген Уәкең суға таңертең ерте сағат жеті жарым мен сегіздің арасында түседі. Неғұрлым ерте барса, соғұрлым жақсы. Судың энергетикалық қуаттылығы таңертең сақталады екен.
– Қалалықтарға, ел азаматтарына айтарым, бұл орынды аялай білуіміз керек. Тазалық сақталынса туризмнің нағыз ордасы болардай-ақ орын. Кейде тазалыққа немқұрайлы қарайтындар кезігеді. Қарапайым шомылу ережесін білмейтіндер де бар. Дегенмен, бұрынғыдай емес, тәртіп түзелген. Алда жаз келе жатыр. Жарнама-насихат жұмыстары тұрақты жүргізілуі керек, – дейді қаламгер ұсынысын айтып.

«Жарық қойып берсе екен»

Өзен бойында тал-теректердің жайқалып тұрғаны қандай жарасымды. Бұл мақсатта жұмыстар қолға алынуда. «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК–ның «Қошқар ата» учаскесінің басшысы Мұхтар Аиымбетовтың айтуынша, өткен жылғы күз бен биылғы көктемде 1711 ағаш отырғызылыпты. Оның ішінде – 126 дана қылқанжапырақты тал, 130 емен, 100 терек, 100 үйеңкі, 75 аққайың ағашы.
Учаске басшысының айтар уәжі де бар екен. Жарық шамдарының жартысы жанбайтынына қынжылыс білдірді. Кабельді су астымен жібергендіктен, жаңбыр жауғанда жарық өшіп қалады екен.

Жалынды жастардың бастамасы

zhastar bastamasyОсыдан екі апта бұрын «Қошқар ата» өзенінің бастауында қала тазалығын сақтау және мәдениетті қорғау мақсатында «Өзен қорғаушылар» азаматтық іс-шарасы өтті. Шымкенттік жастар қаламыздың абаттануына өз еріктерімен үлес қосты. Игі істі Шымкент қаласының әкімдігі, «Тұран» талантты жастар одағы және ОҚО «Жас отан» жастар қанаты, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі жастар бөлімі бірлесе ұйымдастырған. 

Бастама аясында 500 шымкенттік тұрғын 500 түп жеміс ағашын отырғызып, 50-ге жуық бұлақ бастарын ашуға атсалысты.
Өзеннің тазалығын сақтауға дағдыландыру, өзен бойын туристік бағытқа айналдыруға үлес қосуды дәріптейтін іс-шара – өте құптарлық. Одан әрі жалғасын тапса дейміз.
«Бастама келешекте «Қошқар ата» өзенін сақтау және көркейтуге бағытталған арнайы қор құру арқылы жалғасады», – дейді «Тұран» талантты жастар одағының төрағасы Дамир Жүнісов.
Қор Шымкент қаласының тұрғындарының ерікті жарналарынан жиналған қаражатпен жұмысын жүргізбек. Мұны облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов та қолдап, жеке қаржысынан қорға 100 мың теңге көлемінде жарна беріпті. Қуантады-ақ.

Тың әдiспен тазартылады

Өзен суын тазарту – өзекті мәселенің бірегейі екені мәлім. Шымкенттік ғалымдар бұлақ суын тазалаудың жаңа әдісін ұсынып отыр. Кәдімгі балдырлар арқылы әртүрлі химиялық заттардан, қоқыстардан арылуға болады. Яғни, өзен бойының белгілі бөліктерінде темір металлдан немесе кез келген материалдан қорған жасалынып, ішіне балдырлар өсіріледі. Яғни, су осы сүзгі арқылы тазарады. 

 MG 3647

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Экология және биотехнология» ҒЗИ-ның директоры Ақмарал Исаева осылай дейді. Мұны ғалымдар польшалық әріптестерімен бірлесе жасаған. Облыс және қала басшылығы бұл мәселеден хабардар. Егер алда қаражат бөлінсе, жаңа жоба іске аспақ.

Сайыстар ордасына айналады

Қолда барды бағалайық. Салғырттық, селқостықпен тіршілік нәріне қол сұғу кешірілмес айып. Өзен жағасында үй жануарларын шомылдырып, кілем жуатындардың ойланар кезі келді. Дегенмен, мұндай қырсыз әрекеттер азаю үстінде. Әйткенмен жарық шамын сындыру, ағаштарды бүлдіру әрекеттері тыйылмай тұр.
Биылғы Наурыз мейрамында «Қошқар ата сейілі» жарысы өткенін көпшілік біледі. 100 жылдан кейін ескі дәстүр жаңғырып, көктем мерекесі бұлақ басында басталғанын құптағандар көп болды.
Асық ату, қазақ күресі, қошқар көтеру сияқты қызықты жарыстар қала тұрғындарының көңілдерін бір серпілтіп тастағаны рас. Бұл мерекені тойлау жыл сайынғы дәстүрге айналмақ. Сонымен бірге, жаңадан ашылған жаттығу алаңшалары да жастардың сүйікті орынына айналған. Воллейбол, баскетбол ойынының қызығына елітетіндер де көп-ақ.
Қала тіршілігіне нәр беріп тұрған өзен көріктене, көркейе берер. Әсте-әсте. Қалалықтардың сүйікті демалыс орны ғана емес, келешекте сайыстар ордасына айналарын бағамдап отырмыз. Спортшылардың, жалпы қала тұрғындарының арқырап ағып жатқан бұлақ бойында жүгіру, жаттығу жиындары да көбеймек.

Последнее изменение Понедельник, 25 Апрель 2016 09:11
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.