×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қоғамдық көлiк: жаңару және сапалы қызметке бетбұрыс Избранное

Среда, 27 Апрель 2016 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5353 раз

Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру – өзекті саланың бірі екені даусыз. Бұл бағытта көлік құрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру – жауапты сала мамандарының ұдайы назарында. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіштерінің жоғарылауы – аталмыш саланың қызметін жетілдіруге, тұрғындардың сұранысына сай оңтайландыруға оңды ықпалын тигізуде.

Көлiкпен жүрдiк, не бiлдiк?

Күн ұзағында қала тұрғындарына сапалы қызметін ұсынып жүрген №69 бағытындағы автобустардың біріне отырып, «саяхат» жасауды жөн көрдік. Қаланың үлгілі бағыты бойынша қызмет көрсететін автобус шын мәнінде кеңдігімен әрі жайлылығымен ерекшеленеді. Аралық 8 минуттық интервалды сақтай жүретіндіктен жолаушылар да іздегенін көп күте қоймайды әрі сыйымдылығы үлкен автобустарда отыруға орын қашанда табылады.
Арнайы көк түсті форма киген кондукторға өзімді таныстырып, әңгімеге тарттым.

DSC 0747

– Жолаушылардың талап-мүддесін орындап, қызмет сапасын жақсарту бағытында біздерге жүктелген жауапкершілік, міндеттер ауқымы артып отыр, – дейді кондуктор қыз Сәуле. – Күнделікті қызмет барысында, жүргізушінің көлік жүргізудегі тиянақтылығы мен мына біздерден, яғни кондукторлардан ибалы мінез талап етіледі. Қаланың мәдениеті мен ішкі тәртібіне тікелей әсер ететін қызметтің ауқымдылығын өзіміз де жете түсінеміз. Бұл тұрғыда, автопарк басшылығы тарапынан да түсіндіру жұмыстары ұдайы, жан-жақты жүргізіледі.
Шынында да, бұл жолғы сапар барысында көлік жүргізушісі мен кондуктордың өз міндетіне сай тиянақтылығына көз жеткіздік. Өз кезегінде, олар да әкімдік тарапынан белгіленген талап-міндеттерді орындауға толығымен дайын екенін айтты. Саланы жетілдіру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар өзінің оңтайлы жемісін береріне олар да кәміл сенімді.

Тасымалдаушы мекемелер қызметi жүйеленедi

Қоғамдық көлік қызметін жүйелеу бағытында «Шымкент қаласының 2020 жылдарға дейінгі әлеуметтік және экономикалық даму Тұжырымдамасын» таныстыру барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлік мәселесіне де баса назар аударған еді. Онда Астана, Алматы, Қызылорда қалаларының үлгісінде коммуналдық автопарк ашу қажеттігі айтылған болатын. Шымкент қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев осы міндеттің үдесінен көріну мақсатында зерделеу жұмыстары басталып кеткенін мәлім етті. Яғни, муниципальді автопарктың 51 пайыз үлесі қаланың өз меншігіне алынса, өзгесі жеке инвестор мекеменің еншісіне берілмек. Әзірге серіктес мекеме анықтала қойған жоқ. Дегенмен, бұл мәселе жыл соңына дейін толық шешімін табуы тиіс. Муниципальді автопарк қызметі пайдалануға берілер болса, Бас жоспар бойынша қала аумағына жаңа қосылған 40 елді мекеннің тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту мәселесі де біржола оң шешімін таппақ. Яғни, жолаушы тасымалдаушы мекемелерге қаланың әрбір шалғай тұстарына жүйелі түрде автобус жүргізу міндеті жүктеледі. Бұған дейін жолаушыларының аздығын айтып, шағымданумен келген қоғамдық көлік жүргізушілері үшін қажеттіліктің барлығы қала бюджеті есебінен өтелетін болады.

Автобустар 100 пайыз жаңаланады

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жолаушыларға қызмет көрсететін автобустар алдағы бірер жылда толығымен жаңалануы тиіс. Бұл бағытта тек жыл басынан бері №69 бағытта қызмет көрсететін «Автоимпульс» ЖШС 10 дана жаңа автобусты пайдалануға берсе, №34 бағытта «Бек Сервис» ЖШС-і 5 дана жаңа автобус жеткізген. Жалпы, автобустарды жаңалау мәселесі соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, тасымалдаушы мекемелер 2013 жылы қолданыстағы 162 автобусты жаңартқан болса, 2014 жылы 55 жаңа автобус сатып алған. Өткен жылы жалпы саны 215 жаңа автобус бағытқа қойылыпты. Сала мамандарының айтуынша, жолаушы тасымалдаушы мекемелермен арада бекітілген келісімге сәйкес, қоғамдық көлік қызметі жыл соңына дейін тағы 100 жаңа автобуспен толықпақ. Қала аумағында әлі де болса, 400-ге таяу қоғамдық көлік жаңалауды қажет етуде.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 30 көлік компаниясы 78 бағытта, 1145 кестемен қызмет көрсетуде.

Қоғамдық көлік қызметінде жаңашылдық бар

Жауапты мамандардың берген мәліметінше, бүгінде қоғамдық көлік қызметінің 90 пайызы автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, олардың қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын арнайы GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады.
Сондай-ақ, енді таяу арада шымкенттік жолаушылар қоғамдық көлік қызметі үшін арнайы электрондық қондырғы арқылы есеп айырысатын болады. Автобустардың толығымен автоматты жүйеге енгізілуі 100 пайыз инвестор мекеменің есебінен жүзеге асырылады. Яғни, жеке инвестор электрондық қондырғыларды автобустарға орнату мен арнайы жол жүру картасын шығаруды толығымен өз қаражатымен орындамақ. Жоба жүзеге асқан сәттен бастап инвестор тек әр билеттен 10 пайыз үлес алып отырмақ.

Бұл бағытта Шымкент қаласының әкімдігі мен кореялық «Korea Smart cart» кәсіпорнының басшылары арасында қол қойылған екіжақты меморандумның нәтижесінде, еліміздің үшінші мегаполис қаласында осынау заманауи жүйе іс жүзінде жүзеге асырылатын болды. Бұл салада корейлік мекеменің әлемдік аренадағы тәжірибесі мол. Алғашқыда Сеул мэрінің қолдауымен құрылған біздің кәсіпорын қазіргі таңда Моңғолия, Жаңа Зеландия, сол секілді Африканың бірқатар елдерінде табысты қызмет атқарып келеді. Бұл мекеме басшылығы бүгінде Шымкенттегі қоғамдық жолаушылар тасымалының қызмет жүйесін саралап, зерделеу үстінде. Электрондық валидаторлардың қызметін ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Айта кетерлігі, электрондық валидаторлардың бірнеше тиімді тұсы бар. Яғни, қала тұрғындарының әрбіріне жеке төлем карталары берілетін болады. Осы арқылы жолаушылар өзі қалаған сомада карта есеп-шотын толтырып, қоғамдық көліктерде электрондық қызметті пайдаланбақ.
Өз кезегінде, бұл жүйе «Ақылды қала» жобасы аясындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Сондай-ақ, Шымкентте қоғамдық көліктерге арналған тың жобаның бірі – қала көшелерінде автобустардың жүруіне арналған сары жолақ пайда болды. Бүгінде Тұрар Рысқұлов даңғылында қанатқақты жоба негізінде қоғамдық көліктерге арналған арнайы сары жолақ сызылған. Белгіленген жолмен тек автобустар ғана жүре алады.
Жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер арнайы жол бөлігімен жүрмеген жағдайда жүргізушінің үстінен әкімшілік тәртiп бұзушылық туралы хаттама толтырылуда.
Жаңа жобаның басты мақсаты – «Қауіпсіз қала» акциясы негізінде шаһар аумағындағы көлік қозғалысын ретке келтіру. Қоғамдық көліктің бәсекелестігін арттырып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау.
Айта кету керек, бұл жұмыстар арнайы құрылғының көмегімен әуеден бақыланатын болады. Заң бұзушылық орын алған жағдайда Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі тиісті шара қолданады.

Экологиялық ахуалға да назар аударылады

Шымкентте қоғамдық көліктер алғаш рет метан газымен жүретін болады. Дизель отынымен жүретін автобусты арнайы қондырғымен жарақтау жұмыстары бүгінде басталып та кетті. Мамандар бұл жаңалықтың қаншалықты маңызды, әрі үнемді екенін жан-жақты зерттеп, көз жеткізгенін айтады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, метан газына өткен жағдайда тасымалдаушы компаниялар бұрынғыдай шығынға шаш етектен батпайды және қоршаған ортаға зиян келмейді.
Бүгінде Шымкент қаласына жеткізілген соңғы үлгідегі жаңа автобустар метан газымен қозғалады. Қажеттілігін ескеріп, «Бек сервис» ЖШС өткен жылы Шымкентте метан газын құятын стансаны пайдалануға берген болатын. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, метан газының бағасы дизельді отынға қарағанда біршама төмен болмақ.

Қоғамдық көлiкте тегiн жүредi

Заманауи талапқа сәйкес, тәжірибеге жаңа енгізілген жаңа жүйелер мен технологиялар қызметін жандандыру бағытында қаладағы автотранспорт қауымдастығы басшыларының ұсынуымен мамыр айының алғашқы жұлдызынан бастап жолақы құны 70 теңгеге көтерілді. Оған ең алдымен, автобустарға қажетті қосалқы бөлшектер мен жабдықтардың құны айтарлықтай қымбаттағаны себеп болып отыр. Алайда, жолақы құны қымбаттағанмен студенттер үшін бастапқы баға қаз-қалпында сақталады. Сондай-ақ, бірінші топ мүгедектері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қоғамдық көлік қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін алған көп балалы аналар, «Қаланың құрметті азаматтары» да тегін жүреді.

Сөз түйiнi

Жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көлік қызметін жандандыру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп жатқаны көңіл қуантады. Ең алдымен, қаладағы қоғамдық көлік бағыттарының кешкі уақыттағы жұмысы реттелді. Аудан әкімдерінің өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиналыстарында қала тұрғындары тарапынан қоғамдық көліктердің кешкі уақыттағы жұмысына байланысты айтылған шағымдары айтарлықтай азайғаны байқалды. Бұл ретте, сала мамандары жүргізушілер мен бақылаушылардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру мақсатында көлік компаниялары басшылығымен тұрақты түрде бірлескен жұмыстардың атқарылып жатқанын айтады. Өз міндетіне бей-жай қараған бірнеше жолаушы тасымалдаушы мекемелермен екі жақты келісім-шарттың тоқтатылуына байланысты 6 бағыт бойынша ашық конкурстар ұйымдастырылып, нәтижесінде, «Галиев и К», «Автоимпульс», «Асыл» ЖШС-тері жеңімпаз ретінде танылып отыр. Сала қызметін түбегейлі жаңартуға бағытталған жұмыстар ең алдымен, көпшіліктің көңілінен шығуға деген бетбұрыс екені анық.