Еңбек еткеннiң еңсесi биiк

Среда, 27 Апрель 2016 06:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4775 раз

Елбасының қолдауымен дүниеге келген «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы уақыт өткен сайын елімізде өз тиімділігін арттырып келеді. Шымкент қаласында осы бағдарламаның көмегімен бірталай жобалар іске асып, талай отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға нақты шаралар атқарылуда.

Ел игiлiгiн көздейтiн бағдарлама

Осы бағдарламаның арқасында облыс орталығындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге қол жеткізілді. Себебі, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасын» жүзеге асыру нәтижесінде еңбек нарығындағы қатынастардың белсенділігі жүйелі түрде артып келеді. Мәселен, жұмыспен қамту органдарына 2015 жылы 19 834 адам жұмысқа орналасу жөнінде өтініш білдіріп, оның 78,9 пайызы (15 648) жұмысқа орналыстырылды.

DSC 0923

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту. Бұл әсіресе Оңтүстік үшін ерекше мәнге ие. Осы бағыттың аясында әрі ескірген нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, әрі жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері), әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеу, инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар) көзделген. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу, елді мекендерді абаттандыру мен мүгедектердің және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымға күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

 

Осы бағыт бойынша Шымкент қаласындағы 5 инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға былтыр республикалық бюджеттен 496 миллион теңге бөлініп, онда ашылған 216 жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталығы тарапынан 108 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды. Жалпы, ағымдағы жылдың 3 айында облыста қосымша бөлінген негізінде жұмыспен қамтудың Кешенді жоспары әзірленіп, бағдарламаның іске асыру механизмдері мен қатысушылар контингенті анықталды. Осы жоспарға сәйкес, облыста «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 84 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4 миллиард тенге бөлінді. Жобаны жүзеге асыру барысында 1511 жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 775 адамды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру көзделуде.

Iздегенге жұмыс бар

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы – қарапайым халықтың игілігіне бағытталғаны айдан анық. Жұмыссыз жүргендер мен аз қамтылған азаматтар, жастар мен мүмкіншілігі шектеулі жандар үшін – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жасалған. Мәселен, бағдарлама қабылданғалы бері республикалық бюджеттен 51,1 млрд теңге бөлініп, облыс бойынша 190,1 мың адамға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 19,4 мыңнан астам Бағдарламаға қатысушылар оқыту және қайта даярлаудан өтті. Қатысушылардың 96,5% оқуды аяқтап жұмысқа орналастырылды. Ал 1500-ге жуық адам (480 отбасы) облыстың әлеуеті төмен елді мекендерден Шымкент қаласына қоныс аударды. Қоныс аударғандардың ішінен еңбекке қабілетті 614 адам жұмыспен қамтылды.
Кәсіби оқу мен қайта даярлау да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі. Себебі, бұл нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша курстарға жолдама беріп, кейінгі жұмысқа орналастыруды көздейді. Кәсіби оқыту бойынша былтыр 14 миллион 884 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді. 2015 жылға жоспар бойынша 148 жұмыссыз азамат қайта даярлау курсынан өту керек болса, жоспар толығымен орындалды. 2012 жылдан өтпелі кәсіби оқуды аяқтаған 696 адам, аяқтағандардың 99 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Тоғыз адам белгілі себептерге байланысты жұмысқа орналаспады. Бес азаматша жүктілігіне байланысты, ал 4 азаматша бала күтіміндегі демалыста болуына байланысты жұмыспен қамтылмады.
Жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайызы мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу бойынша 2015 жылғы жоспарланған 309 адамның 312-і немесе 101 пайызы орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 47, қайта даярлау курсына – 11, жаңа жұмыс орындарына – 22, жастар практикасына – 16, қоғамдық жұмыстарға – 40, бос жұмыс орындарына – 50 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жолданды.
Биылға арналған кешенді жоспарды іске асыру аясында Шымкент қаласында 11 592 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде жұмыссыздардың жылдық жоспары – 10 049 адам, өздігімен жұмыспен қамтылғандардың жылдық жоспары 1543, табысы аз адамдардың жылдық жоспары – 455. Кәсіби оқу бойынша 160 жұмыссыз азаматты қайта даярлау курсынан өткізу көзделген. Бұл курсты ойдағыдай бітірген тұрғындардың лайықты жұмысқа орналасуына жағдай жасайды.

Ескендір ДОСАЛЫ

Последнее изменение Среда, 27 Апрель 2016 06:43
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.