«Текесуда» табысты iстер көбеймек

Среда, 15 Июнь 2016 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5746 раз

«Текесу» – Шымкент қаласына Төлеби ауданынан қосылған елді мекеннің бірі. Әл-Фараби ауданына қарасты шағынауданда қазір 700-ге жуық адам тұрады. Қаладан 22 шақырым қашықтықта орналасқан шағынауданда бүгінгі таңда мәселесі жеткілікті. Қала құрамына енгеннен бастап, мұнда әкімдік тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, атқарылатын жұмыс жоспарлары бекітілді.

DSC 0136

Шағынауданға барғанымызда халық жиылып, күтіп отыр екен. Әрқайсысы көкейіндегі мазалаған мәселелерін айтып, шешімі табылатынына сенімді. Жергілікті тұрғындар үшін қазіргі кезде қоғамдық көлік мәселесі өзекті.

– Бұрын бағыттағы таксилер 5 мезгіл жүретін еді. Қазір қоғамдық көлік мүлдем тоқтады. Қалаға тек жеке меншік таксистерді жалдап, 200 теңгемен барамыз. Жолымыз да нашар. Әсіресе, қыс ауасында қиналамыз. Жолды қар басып қалады. Сондықтан, трактор жалдап, қардан тазартамыз. Ауыл халқы үшін қоғамдық көлік мәселесі шешілсе екен,– дейді шағынаудан тұрғыны Б. Баймаханов.
Жергілікті билік бұл жөнінен хабардар. Шағынаудан қала құрамына қосылғалы бері қордаланған мәселелер зерделеніп, оны шешудің жолдары қарастырылуда. Осы ретте Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, алдағы уақытта жергілікті тұрғындар жайлы автобустармен қалаға қатынайтын болады. Бұл тұрғыда билік тарапынан келіссөздер жүргізілуде.

DSC 0283

– Қала құрамына енгенге дейін Текесу-Абай облыстық бағыттағы автобус жүрген. Ол тек ескі автовокзалға дейін баратын. Біршама уақыт қалалық бағыттардың жолақысымен халықты тасымалдап жүр еді, тиімсіз болғандықтан бағытты тоқтатты. Қазір басқа да тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. «Текесулықтардың» қоғамдық көлік мәселесін шешу жолдарын қарастырудамыз. Соның бір жолы – әлеуметтік маңызы бар 10 бағыт ашпақпыз. Олар «Текесу» секілді қоғамдық көлікке зәру бағыттар бойынша қызмет көрсетпек. Қазір екі көлік компаниясы шыққан шығын бюджет есебінен төленетін болса, шағынауданға қызмет көрсететінін айтып, ұсыныс жасап отыр. Осы ретте жұмысшы топ құрылды. Әлеуметтік маңызы бар бағыттар ашылатын болса, «Текесу», «Асар», «Ақтас», «Тұран», «Ақжар», «Абдулабад», «Жаңаталап» шағынаудандары мен Арғынбеков, Тимирязев көшелері бойынша қоғамдық көлік қатынайды,– дейді Н. Сүгірәлиев.

Шағынаудан халқы үшін ауызсу мәселесі де өзекті. Құбырдан ағатын су жиі тоқтайды. Ауыл биі Әмірхан Исақов жергілікті халықтың тіршілік нәрін үнемдеп пайдаланатынын жеткізді.

DSC 0256  DSC 0214 

– Ауыз су ауылға Абай ауылының бір көшесі арқылы тартылған. Су құбыры сол ауылды басып өтетіндіктен, Абай тұрғындары өз аулаларына бізге келетін құбыр арқылы су тартып алған. Оған қоса, құбырлар бірнеше жерден жарылған. Соның салдарынан лай аралас су ағады. Осы мәселені айтып, «Ленгір су» мекемесіне хабарласқанымызда, шешімін табатынын айтқан болатын. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Бізге ешқандай елді мекенді басып өтпейтін су құбырын тартып берсе деген ұсынысымыз бар, – дейді ауыл биі Ә. Исақов.

Әл-Фараби ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Бақыт Мелдебеков «Текесу» шағынауданы халқының ауыз су мәселесі алдағы уақытта шешілетінін айтты. Қазір әкімдік тарапынан 2017 жылға жобалау сметалық құжат жасалып, шағынаудан халқына қаладан су құбырын тарту жағы қарастырылуда. Ішкі су құбыры да дайын. Айта кетейік, «Текесудағы» су құбырлары 4 жыл бұрын салынған. Қалаға қосылған сәттен бастап, ауыл халқы ауыз судан таршылық көрмейді.

«Текесу» қала мәртебесін алғалы бері жергілікті тұрғындар арыз-өтініштерімен қалаға баруды жиілеткен. Соның нәтижесі болса керек, биыл әкімдіктегілер шағынауданның Көлді және Ақсай көшелеріне шағал тас төселетінін айтып, қуантыпты. Бұдан бөлек, шағынаудан халқы мектеп орналасқан көшеге жасанды жол кедергілерін қойып, аялдамалардың қажеттігін де алға тартқан.

«Текесу» шағынауданында 120 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Олардың игілігі үшін мектеп пен медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Білім ұясы ескірген. Бұрынғы жатақхананың ғимараты. Іргетасы 1967 жылы қаланған екен. Мектеп директоры Бауыржан Дәрібаев қалаға қосылғалы бері бала санының аздығынан, 9 жылдық білім беретін №121 Текесу негізгі орта мектеп болып қайта құрылғанын айтты. Онда қазір 120 оқушыға 20 мұғалім дәріс береді. 10,11 сыныптарды бұл ауылдың балалары көршілес «Жұлдыз» шағынауданына барып оқиды екен. Мектептің жанынан ашылған шағын орталықта қазір 20 бүлдіршін түске дейін ғана тәрбиеленуде. Осы ретте тұрғындар балабақша салынса деген өтінішін жеткізді. 

«Текесу» шағынауданының халқы негізінен мал және егін шаруашылығымен күн көреді. Мал бордақылап, оны базарға апарып сатады, етін саудалайды. Сондай-ақ, бидай, мақсары, жоңышқа және тары егеді. Ал кейбірі өз ауласында шағын құс шаруашылығымен айналысып отыр. Олег және Ирина Гренадеровтардың меншігінде 100-ден астам үйрек бар. Екеуі де жұмыссыз болғандықтан, қарап отырмай, күнкөрістің жолын тауыпты. Олар үйрек жұмыртқаларының әр данасын 40 теңгеден сатады. Осылайша, балаларымен қосқанда төрт жанды асырап отыр.

Последнее изменение Среда, 15 Июнь 2016 07:00
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.