Версия для печати

Тұрақтылық тетiгi – ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу Избранное

Пятница, 17 Июнь 2016 06:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4279 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қоғамда саясиланған түрлі діни ағымдар көпшілікті алаңдатып отыр. Кешегі Ақтөбе оқиғасынан сабақ алуымыз керек. Дəстүрлі емес діни ағымның радикалды ұстанушылары біздің елден де бой көрсетіп жүргендігі жасырын емес. Қоғам қайда құбылып барады? Қасиет деп қараған құндылықтарымыз неге жоғалды? Осындай өзекті мәселелерді қоғамдық талқыға салу мақсатында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясында «Дін және қоғам» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Түрлі пікірлер тоғысқан басқосуға ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Амантай Сәдиев, «Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Абдулла Бахадыр, Әл-Фараби ауданы прокурорының көмекшісі Закир Юсупов, философия ғылымының кандидаты, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков және ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы, дінтанушы Ұлықбек Әлиакбарұлы қатысып, тақырып төңірегінде кеңінен ой бөлісті.
«Теріс ағымға кетіп жатқандар кімдер?», «Болашағымызды түрлі ағымдардан қалай қорғаймыз?», «Әлеуметтік желілерден келер қауіп қандай?». Мамандар осы және өзгеде сауалдар төңірегінде ойларын айтты. Дөңгелек үстелді «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің Директор-Бас редакторы Айгүл Қапбарова жүргізіп отырды.

 zhinalys din 1  zhinalys din 4 zhinalys din 6 

А. ҚАПБАРОВА,

«Шымкент келбеті» және
«Панорама Шымкента» газеттерінің
Директор-Бас редакторы

 

 А. БАХАДЫР,

«Нұр Мұра» қоғамдық 

бiрлестiгiнiң жетекшiсi

 А. СӘДИЕВ,

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша 

өкiл имамының орынбасары

 zhinalys din 5  zhinalys din 3  zhinalys din 2

 Ұ. ӘЛИАКБАРҰЛЫ,

дінтанушы

 З. ЮСУПОВ, 

Әл-Фараби ауданы 

прокурорының көмекшісі

 С. МӘЖіНБЕКОВ,

философия ғылымының кандидаты

СҰРАҚ: – Өздеріңіз білесіздер, қазір мемлекетіміз жат діни ағыммен ғана емес, жаһандық күштермен бетпе-бет келіп отыр. Дін адамды Алламен үндестіретін, адамның рухани ізденістеріне жауап беретін жол. Қазіргі үндестік өкінішке қарай, құбылмалы жіктелуге, ерекшеленуге кетіп барады. Осындай хаостың пайда болуы туралы не айтасыздар?

А. БАХАДЫР: – Рамазан айында осындай мәселелерді қозғау – сауап іс. Себебі, білім деген садақаның ең абзалы ғой. Газеттеріңіз арқылы халыққа білім беру, халықтың көзін ашу, діни санасын көтеру дұрыс бастама. Мен туралықты айтқанды жақсы көремін. Қазір рухани құлдырау үстіндеміз. Жалпы, қоғам құлдырап бара жатыр. Бұрын коммунистік партия кезінде де адамдарда құдайшылық болатын. Бір-біріне деген мейірім, құрмет, сыйластық, әдеп деген болды. Бүгінде имандылыққа жол ашылды, дінге еркіндік берілді. Дегенмен, қазіргі уақытта мешітте дұға бірдей болып жатқан жоқ. Жалған, дінді бетперде қылған бұзақылар бірге алақан жайып, бір мақсат аясында жұмылуды көздеп жүрген жоқ. Имамды тыңдамайды, Құранға қосылмайды. Бұл дегеніміз, дәстүріміздің түбіне балта шабу емес пе?!

Дұға бірге болмағаннан кейін, бірге алақан жаймағаннан кейін осындай құлдырауларды бастан кешіп отырмыз. Бір айта кетерлігі, еліміздің тыныш болуы ізгілердің дұғасының арқасында. Сол дұғаны бұзып жатқандар салафи атанғандар. Оларды елдің жауы, ұлттың жауы, діннің жауы деп айтсақ әбден болады.

А. СӘДИЕВ: – Бисмилләһир – рахманир-рахим! Әуелі қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Жалпы, осы мәжілісіміз елімізге, жұртымызға пайдасы тиетін қайырлы отырыстан болуды Алла нәсіп етсін! Жалпы, уахабистік идеологияны 7-8 ғасырда Ибн Таймия деген ғалым сөз етеді. Ибн Таймия бастапқыда шариғаттың кейбір мәселелерінде күмәнді сұрақтар тудыруға тырысады. Одан бөлек, 18 ғасырда Мұхаммад ибн Абдул Уахаб деген кісі вахабизм идеологиясын құрады. Ибн Таймия, шейх Фаузан, Абдул Уахаб, Әлбани болсын, бұның барлығы да осы идеологияның негізін құраушылар. Қазіргі уақытта «салаф», «такфир», «мадхалид» деп оларды түрлі атаумен атаймыз. Атаулары жыл сайын өзгеріп, түрленіп шығып жатады. Яғни, тереңіне үңілсек, «Әһли Сунна» немесе салаф-салихтардың арттарынан ерушілерміз дегенді айтады. Яғни, қой терісін жамылған қасқырдың әрекеті іспетті. Қазіргі кезде кейбір кісілер оларды «мейірімді уахаббистер», «қатігез уахабистер» деп екіге бөледі. Ал бір елге жау шапса, қаскөйлерді «мейірімді», «қатігез» деп бөлмейді ғой. Өйткені, дұшпанның аты дұшпан. Міне, вахабизм идеологиясының түпкі мақсаты осындай.

DSC 0250

Қазір кейбіреулер Ақтөбедегі жағдайға қатысы барларды «такфирлер» дейді. Ол ұйымда қарапайым қоғамды кәпірге шығарғаннан кейін, «бір кәпірді өлтірсең, жәннатқа барасың» деген көзқарас қалыптасқан. Немесе «погон таққан адамдарды өлтірсең, тікелей жұмаққа барасың» деген де көзқарасы бар. Басқа уахабистер, мәдхалидтер болса «Олар такфирлер. Біз оларға қосылмаймыз, жолдарымыз бөлек» дегенді алға тартады. Бірақ олардың ойлау қабілеті мен намаз оқу тәртібі, қоғаммен санасу екеуінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Мәселен, Ауғанстанда жиһад жасап, қашып келген «Тәкфир» бағытындағы адаммен диспут құрдық. Сұхбат барысында «ол әрекетіңнен не ұттың?» деп сұрағанымызда олардан ешқандай мақсат жоқ екені аңғардық. Жалпы, отаншыл адамда елге бір тамшыдай болса да үлес қоссам деген мүдде болады ғой. Бұларда ондай ой жоқ. Түптеп келгенде айтарымыз, қабырғасы қайысып, көзінен жасы төгілген адам өзін жылататын емес, жұбататын жер іздейді. Бір адам қиналып қалса, қолды бір сілтеп, басқа жаққа кетіп қалғысы келеді. Бірақ ол жаққа кетіп қалғаныңмен басыңдағы қайғы мен мұңың осында қалып қоймайды. Ол да бірге еріп барады. Демек, қай жерің ауырса, сол жерді емдеу қажет. Біз мынаған мән берсек, вахабизм идеологиясына бет бұрып жатқан адамды бірден байқауға болады. Сіздің өз балаңыз немесе туған-туыстарыңыздың арасындағы бір бала бес алты түйір сақал қойып, балағын қысқартып жатса, сізге дабыл берді деген сөз. Ол қоғамнан бөлек кетіп бара жатыр. Оған дөңайбат көрсетіп, қоғамнан бөлмей, керісінше қоғамға кіргізуді ойласақ екен. Ол қоғамнан бөлініп кетті ме, бітті зомбиға айналуы әп-сәтте. «Бұлардың бәрі шіріктер, бұлар тозаққа барады. Мен ғана жұмаққа барамын» деген позиция ұстанады. Сондықтан, менің айтарым, мұндай жағдайдың алдын алудың екі жолы ғана бар. Біріншісі – қатаң заң керек. Екіншісі – ахуалмен жалғыз имамдар, теологтар емес қоғам болып күресуіміз керек. Сонда ғана өмір сүріп жатқан ортамыз дұрыс бағытқа қарай өзгермек.

З. ЮСУПОВ: – Жалпы, бұл жағдай 1990 жылдары елдегі қиын қыстау кезден басталды. Дағдарыс жайлап, әркімнің өз әлеуметтік мәселесін шешуі қиындаған кезден бері күрделене түсті. Деструктивтік діни ағымдар осы кезде елге қарай ентеледі. Сол кезде ғой, «Құдайға шүкір, балам намаз оқи бастады, мешітке бара бастады» дедік. Ал мешітте оған намазды кім үйретіп жатқанына бас қатырмадық.

Әріге барудың қажеті жоқ. Биыл қаңтар айында БАҚ-қа, әлеуметтік желілерге талдау жасау барысында біраз деректердің беті ашылды. Әлеуметтік желіде Шымкент қаласының тұрғыны ретінде тіркелген қолданушы өзінің парақшасына террорлық әрекеттегі бейнеролик жүктепті. Кәдімгі ашық насихаттау. Сөйтсек, жұртқа таратып отырғаны «ИГИЛ» ұйымының насихаты. Біз мәселеге үңіліп көрсек, бейнероликтің авторы кәмелетке толмаған бала екен. Ол өз іс-әрекетінің ҚР Қылмыстық Кодекстің 256-бапқа сәйкес, терроризм идеясын насихаттап отырғанын, ол үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын білмейді. Автомат асынған жас балалардың «кәпірлерді жоямыз» деп ұрандағанын қызық көріп отыр. Бұл жағдай бойынша, оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған кім кінәлі? Біріншіден ата-ананың, қоғамның кінәсі. Жас балалармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Кәмелетке толмаған балалар бақылаусыз қалған. Ата-аналар әрқайсысына телефон әпереді, алайда ол телефон арқылы немен айналысып отырғанын бақыламайды. Әлеуметтік желіні ашып, оның достары кімдер екенін іздеп, байқап жатқан ата-аналардың қатары аз.

DSC 0262

СҰРАҚ: – Қазақстан қоғамы мұндай ағымдарға неге дайын болмады? Қазақы менталитетіміз неге қауіптің алдын алмады?
С. Мәжінбеков: – Біз қазір тек болып жатқан жағдайды айтып жатырмыз. «Қазақ неге дайын болмады» дегенге келейікші. Бір нәрсені мойындайық, біз отар ел болдық. Ұлтшылдық деген сөзден әлі күнге дейін қорқып қалғанбыз, әлі айтуға қорқамыз. Керісінше, өсіріп отырған ұрпағымызды ұлтшыл етіп тәрбиелеу керекпіз ғой. Шота Руставелидің бір жақсы сөзі бар. «Ұлтшыл болу – екінші ұлттың бетіне түкіру емес» деген. Біз осы терминнен қорқып қалдық. Өйткені, 1937 жылы өзгеше ойлай алатын, қазақты алға сүйрей алатын ұлтшыл, елшіл арыстарымызды атып тастады. Ал Тәуелсіздік алғаннан осы күнге дейін жасайтын іс-әрекетіміз мемлекетшіл, ұлтшыл топты қалыптастыру еді. Біз мұны жасамадық.

Жалпы діни көзқарастың өзі саяси мәселемен айналыса бастағанда қауіпті. Әлі күнге дейін Исламның саясилануына бәріміз үрке қараймыз. «Ислам террористері» деген ұғымды батыстың журналисі қолданады. Батыс христиан дінінде, оны түсінуге болар. Ал қазақ журналисі не үшін қолданады? Ислам мен терроризм ұғымы еш сәйкеспейтінін бәріміз білеміз. Бұл мәселеде имамдарды ғана кінәлау орынсыз. Біз қазақы санадан айырылып қалмауды ойласақ екен. Қазақы санада баламыздың жақсы болуы да, жаман болуы да ата-анаға байланысты. «Әке мен шешенің берген тәрбиесі жүз мұғалім алмастыра алмайды» деп қазақ айтады. Сондықтан, біз отбасы институтын күшейтуіміз керек. Кешегі тоқсаныншы жылдары баланың тәрбиесі далада қалды. Сондықтан, осы мәселелерді қарауымыз керек сияқты. Жаһандану бізді күтіп отырмайды. Жалпы, ұлтшылдықтан қорықпай, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелесек, сонда ғана теріс күштерге қарсы тұра аламыз. Қазақы тәрбиеде өскен бала үшін бір-ақ Отан бар.

СҰРАҚ: – Адамзат баласына қауіп-қатер туындатқан діни ағымдардың негізгі сипаты қандай? Мұндай жағдайға кімдер мүдделілік танытуда?

З. ЮСУПОВ: – Соңғы 5-10 жыл уақыт төңірегінде әлемді әбігерге салған «Әл-Каида», «ДАИШ» сынды террорлық ұйымдары қазіргі таңда жаңа сипат алып отыр. Бұл ұйымдардың пайда болуы, қаржылай қолдау табуы, қанатын кеңге жаюы сыртқы күштердің ықпалымен болып отырғаны анық. Дегенмен, лаңкестік топқа көмек қолын созғандардың кімдер екенін дөп басып айту қиын. Бұл сауал аясында ақпарат кеңістігінде таласты пікірлер көп.
Жалпы, мұндай террорлық күштерді Ислам дінімен байланыстырып, «исламдық терроризм» деген ұғымды батыс ғалымдары жиі тілге тиек етіп жүр. Олай айту бізге тән емес. Себебі, дінде терроризм жоқ. Батыс елдері тарапынан қалыптасқан бұл ұғымды біздер неге қайталауға, санамызға сіңіруге тиіспіз?

С. МӘЖІНБЕКОВ: – Еліміз егемендігін алған тұста көптеген қазақ жастары бірқатар араб елдерінде діни ілім алу үшін көптеп тәуекелге барып жатты. Олардың біразынан «шынайы дін бар ма екен онда?» деп сұрағанымда, діни ілімді емес, діни саясатты үйреніп келгенін ашық айтып жатты. Түпкі түйінін айтқанда, дінге саясат етене араласып кеткен.
Тарихи тұрғыдан зерделейтін болсақ, адамзат баласы қақтығыстарды қарусыз, саяси жолмен шешуде біраз тәжірибе жинақтағаны байқалады. Мәселен, әлі күнге дейін Үндістан мен Пәкістан арасында бітіспес діни тұрғыдан шайқас жүруде. Яғни, ағылшындардың саясаты нәтижесінде рухани тұрғыдан әлсіреген екі ел арасы діни алауыздықтарға баруда.

СҰРАҚ: – Ел тұрғындарына дұрыс ақпарат беруде олқы түсіп тұрған жағдайымыз бар ма?

С. МӘЖІНБЕКОВ: – «Шай үстінде» деген сөз бар қой қазақта. Кейде шай ішіп отырып, саясат тақырыбын қозғаған кейбір қандастарымыз естіп-білген жаңалықтарымен бөліскенде, кейде зәреңді алады.Қарап отырсаңыз, олардың «біліп айтқан» жаңалықтары көбіне ресейлік телеарналардан берілген мәліметтер екені аңғарылып тұрады. Соған сәйкес, қандай да бір шиеленісті оқиғаларды әңгімелегенде орыстардың тарапын қолдап сөйлеп жатады.Тіпті, бір Ресей мен Украина азаматы ерегісіп қалды десе, орыстыкі жөн ғой деп бас шұлғиды. Яғни, тұрақты түрде Ресейдің телеарнасын көргендіктен, миына саясат әбден сіңіп кеткен.
Яғни, былайғы өмірде адамдар нені естіп, нені көрсе, сол ақпаратты миына сіңіріп алады. Осыған орай, өзінің ой-пікірі, бағыт-бағдары айқындалады. Қазақтың мақалы бар ғой «ұлды ұл етіп тәрбиелесең ұл болады, құл етіп тәрбиелесең құл болады» деген. Сол себептен де, рухани әлсіздігінен өзге ағымның жетегінде кеткендерді мен құл деп санаймын.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жақсы тәмсіл бар ғой қазақта. Жалпы көпшіліктің сана-түйсігін қалыптастыруда теледидардың өзіндік әсері жоғары екенін байқауымызға болады. Тәуелсіздік жылдарында Өзбекстанның киномотографиясы жақсы кинолар түсіре бастаған еді. Баршамыз тамсанып, өзбек фильмдерін беріліп отырып көрдік. Ол кезеңдерде қазақтың өз ұлттық болмысын бейнелейтін көркем туындылар аз болды. Бала кезімізде біз де «Үш ноян» фильмін көріп алып, бәріміз де Дартаньяндай болуға талпынушы едік. Ескі шапан мен басымызға киер телпекті тауып алып, күн ұзағына шайқас жүргізетінбіз. Біздің ойымызда батыл да ержүрек болып өссек деген арман-мұрат қалыптасты. Ал қазіргі кезде ше? Балаларымыз нені көріп, тамашалап жүр? Заман талабына сай лайықты туындыларды көрсете алып жүрміз бе? Кейбір отандық телеарналардан байқап қарап отырсаңыз, шетелдерден алынған фильмдерінде католик дінін насихаттайтын элементтер толып жүр. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Тікелей аудармасын жасап, балалардың назарына ұсынып-ақ жатырмыз. Елеусіз ғана көрінетін осындай дүниелерден соң, балалар қандай ой түйіп, қай бағытта қалыптасады? Сол себептен де, меніңше, осынау жауапты БАҚ, идеология саласында өз ісінің мамандары жұмыс жүргізгені жөн секілді.

СҰРАҚ: – Бүгінгі өркениетті қоғамда кейінгі буын өкілдері әсіресе, қалаған қажеттілігі мен ақпараттарды әлеуметтік желілерден алатыны даусыз. Осы ретте, әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттар қаншалықты бақылауға алынып отыр?

Ұ. ӘЛИАКБАРҰЛЫ: – ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тарапынан жүйелі түрде тиісті жұмыстар атқарылуда. Негізгі мақсат – ғаламторда жарияланған мәліметтерге жүйелі түрде мониторинг жасау. Әр күн сайын мамандарымыз 16 сағат бойы телеарналар мен БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарды ұдайы бақылауында ұстап отырады.
Бұл жерде айта кететін жайт, Ақтөбе оқиғасы ел аумағында бірінші рет орын алып отырған жоқ. Дінді бетперде етіп алғандар бұған дейін де бой көрсетіп келді. Жалпы, діни ағым мүшелерінің өз ортасынан көргісі келетін 4 адамы бар. Ең алдымен, қалталы азаматтар. Дегенмен, бұл шылауға иленген бірінші топ адамдары некен-саяқ қана. Екіншісі – әскерилер болса, үшіншісі – жақсы сөйлей білетін, көпшілікті аузына қарата білетін адамдарды жағалайды. Ал төртінші топқа жұмсауға қажетті адамдарды жатқызады. Бұл бағытта ұдайы көздеген адамдарын алдап-арбауға тырысады.
Ұлттық салт-дәстүрді ұстанып, шелпегін пісіріп, ұл-қызына діни сауат беріп отырса, қай қазақтың жанұясы жапа шеккендей еді. Қазіргі таңда, орта ғасырлар заманындай бір ел бір елді күшпен жаулап ала алмайды. Дегенмен, өзге елге үстемдігін жүргізу үшін бірқатар елдер түрлі айла-шарғыға баруда. Мәселен, елді рухани азғындатудың негізгі тетігінің бірі – алкоголь, наркотик, зорлық-зомбылықты насихаттау. Осы бағыттағы ел аумағында 19 діни ағымға қызметін жалғастыруға ресми тыйым салынған. Енді салафизм ағымын құрықтау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Меніңше, рухани азғындаудың алдын алуда бір ғана жол бар, ол – ең алдымен, ұлттық идеологиямен сусындау, ұлтжандылықты қалыптастыру.

С. МӘЖІНБЕКОВ: – Кеңес одағы кезінде мынадай эксперимент жасалды. Жазасын өтеушілер арасында өзгеге әмірін жүргізуді қалайтын кіл мықтыларды сұрыптап, бір түзеу мекемесіне жинақтады. Заңды қатайтып, орта санаттағы қылмыстардың барлығын жоғары санатқа жатқызды. Дегенмен, бұл тәжірибе нәтижесін бермеген соң, 8 айдан соң тоқтатылды. Себебі, мықтылардың ішінен әлсіздер әлсіз топтан мықтылар көбейіп шықты. Бұған дейін орта қылмыс санатында болған әйел зорлаған адамдар үшін тағайындалған жаза қатайған соң, енді оны өлтіріп кете салатындардың қатары артты. Салдарынан, қылмыс көлемі 20 пайызға артып кетті. Сол секілді, Өзбекстан елі салафизмге тыйым салып еді, «Мұсылман бауырлар» ұйымы дегені шықты. Ұйым мүшелерінің ұғымында бірнеше әйел алып, көп балалы болу сүннет саналады. Жауапқа тартылған әрбір ұйым мүшесінің артында боздаған бірнеше әйелі мен 20 баласы тентіреп қалады. Осыдан келіп, әлеуметтік шиеленіс тіпті үдеп кетті.
Алғашында «дайштер» дедік, «әл-каида» дедік, мұнан кейін «ислам содырлары» бой көрсетті. Олардың бірінің қызметіне тыйым салғанымен, ертеңгі күні түрін өзгертеді де өзге бірі шығады. Біздің қолымыздан келері, гректің ойшылдары айтқандай, сөзімізден кемі 3 адам дұрыс ой түйіп жатса, миссиямыздың орындалғаны сол болмақ.

СҰРАҚ: – Шымкент қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі қаншалықты деңгейде?

С. МӘЖІНБЕКОВ: – Шымкентті айтсақ сын айтуға құмармыз ғой. Дегенмен, Шымкентте ұлттық сана, салт-дәстүрді ұстану жоғары деңгейде қалыптасқан. Алғашқы кезде мұнда қызметін бастаған діни ағым өкілдері ісі нәтиже бермеген соң елдің батысына ойысып кетті. Оңтүстік – нағыз қазақы тәрбиенің ордасы. Біз өзіміз ұлттық санамен тәрбиеленгенбіз. Соңында айтарым, бірлесе жұмылғанда ғана сыртқы күштерге тойтарыс бере аламыз. Ата-аналар өз перзенттеріне дұрыс тәрбие берсе, қауіпсіздікті сақтауда жүйелі жұмыс атқарылса, Ұлыстың ұйытқысы атанған өңірдегі қоғамдық ахуал тұрақты болып қала бермек.

З. ЮСУПОВ: – Біздің ауылға бірде Александр Александрович деген азамат көшіп келген еді. Алғашқыда томаға-тұйықтық танытып, өзгелерден бойын аулақ ұстап жүрді. Қазақтың жиыны таусылған ба? Бірте-бірте ауызашар жиындарына, өзге де басқосуларға қатысып жүріп, көпшілікпен етене араласып кетті. Сол әлі күнге дейін айтып жүр: «Оңтүстікте өмір сүру әлдеқайда ыңғайлы» деп. Тіпті, жергілікті адамдармен араласа жүріп, мінезіндегі жұмсақтықты, бауырмашылықты, көпшілдікті қалыптастырғанын жасырмайды. Елбасымыз «Терроризмге, экстремизмге қарсы әрбір адам күресуі тиіс» деп мәлімдегені белгілі. Сол себепті, сыртқы күштермен қоғам болып күресу міндеті тұр. Осы мақсат аясында топтасып, ұйымдаса жұмыс істейтін сәт туды. Елімізде барлық мәселе заң аясында шешіледі. Егер қандай да бір адам күдік тудырса, құқық қорғау органы өкілдеріне хабарласыңыздар. Әрбір адам өзінің қауіпсіздігін сақтауға, тыныш өмір сүруге құқы бар.

– Бүгінгі жиынымызда келелі әңгімелер қозғалып, қоғамдағы түйткілдердің шығу себебі мен алдын алу бағытында лайықты пікірлер мен сын-ұсыныстар толық айтылды. Оқырман қауым үшін мұндай ойталқы сұхбаттарымыз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Әңгімелеріңізге рахмет!

Жазып алғандар:
Тағабай ҚАСЫМ,
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Последнее изменение Пятница, 17 Июнь 2016 10:56
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.