×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жас ұландар қияға қанат қақты

Пятница, 17 Июнь 2016 07:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3131 раз

Әскери өмірдің алғашқы баспалдағынан өткен жас ұландар ересек өмірге қадам басты. Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебін биыл 142 түлек бітірді. Бәрінің де арманы асқақ, мақсат айқын. Мектеп басшылары, ұстаздар мен ата-аналар түлектерді қимас сезіммен шығарып салды.

SAM 0113

Түлектерге аттестат тапсыру мерекелік жиыны жоғары деңгейде өтті. Шымкент қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Әбдіғабит Шегебаев түлектердің қадамына сәттілік тілей келген.

Әскери мектеп қазіргі таңда толығымен Қорғаныс министрлігіне өтіп, «Жас ұлан» мектебі атанған болатын. Яғни, биылғы бітірушілер Қорғаныс министрлігінің құрамына өткеннен кейінгі алғашқы бітірушілер. 2016 жылдың ҰБТ қорытындысы бойынша да ұландар жоғары жетістіктерге жетті. Түлектердің алды 118 балл жинаса, орташа балл 81,6-ді көрсетті.

Іс-шара барысында түлектер әуелі Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін оларға салтанатты түрде аттестат тапсырылды.

– Бүгінгі күн сіздердің өмірлеріңізде ерекше есте қалмақ. Мектепте оқыған кездеріңіз мәңгі жадыларыңызда қалатынына сенімдімін. Қазақстан қарулы күштерінің әскері болуға алғашқы қадам жасадыңыздар. Сіздер ҚР Тәуелсіздігіне 25 жылдығы аясында, әрі Қорғаныс министрлігі құрамында мектепті аяқтадыңыздар. Әрбіріңіз Тәуелсіздік туын жоғары ұстап, елдің дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін!, – деді мектеп басшысы Ғазиз Төлеуішев құттықтау сөзінде. Одан әрі ата-аналар мен бітіруші түлектер де сөз алып, қимастық сезімдерін жеткізді. 

Айта кетсек, еліміздің әр аймағынан жиналған шәкірттердің бәрі де жоғары оқу орнына жолдама алды. Мәселен, 68 түлек Алматы қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігі, құрлық әскерлері әскери институтына, 15 түлек Алматы қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери институтына жолданды. Сондай-ақ, қалған шәкірттер де елдің түкпір-түкпіріндегі әскери оқу орындарында білім алмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.