«Армандар орындалатын мекен»

Вторник, 05 Июль 2016 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6229 раз

Арқа төсінде бой көтерген ару қала Астананың туған күні биыл 18-ші рет тойланып отыр. Осы жылдар ішінде сәулетті қалаға айналып, өзгелер қызыға да қызғана қарайтындай деңгейге жетті. Күллі қазақтың мақтанышына айналды. Түрлі салада қызмет етіп, қаланың қарыштап дамуына үлес қосып жүрген жандар Астана туралы ой-пікірлерімен бөліскен еді.

astana pikir-1Шүкір ШАХАЙ,
ҚР Премьер-министрінің фотографы:

– Астана – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Еліміздің әр азаматының жүрегіне келешекке деген сенім ұялатқан, арманға жетелеген құтты қала. Елбасы Н. Назарбаевтың елордасын Ақмолаға көшіру туралы идеясы жемісті жүзеге асып, бүгінде әлемге танылды. Экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына, халқымыздың мәдени өмірінің темір-қазығына айналды. Елордамызға арналған «Астана – Қазақстанның жүрегі», «Астана: Қас-қағым сәт», тағы басқа фотоальбомдарым жарық көрді. Әрбір фотосурет – ертеңгі тарих екенін ескерсек, тәуелсіздік жылдарымыздың тұтас шежіресін жасап, Астананың әрбір сәтін фототарихқа айналдырып жүргеніме өзімді бақытты санаймын.

 

astana pikir-3Данияр ЕСЕН,
тележурналист:

– Астана қаласына 2001 жылы қоныс аудардым. Ол уақытта Астана болып енді қалыптасып жатқан кез еді. Келе салысымен «Қазақ радиосына» жұмысқа орналастым. Кейін «Астана» телеарнасына ауысып, арнаның бет-бейнесін қалыптастыруға үлес қостық. Бұл қала ерік-жігерімізді, сүйіспеншілігімізді бір арнаға тоғыстырып, алға батыл қадам бастырған қала. Осында отбасын құрдым, екі қызым дүниеге келді. Баспаналы болдым. Қазір өзге қалаға іссапармен кетсек, ауа райының қолайсыздығына, суықтығына қарамастан, Астананы сағынып, асыға оралатын болдым. Өйткені, Астана осы жылдар ішінде менің «өз үйім, өлең төсегіме» айналды.

 

astana pikir-4Әсел ТЕМІРБОЛАТ,
қонақүй әкімгері:

– Астанаға 10 сынып оқып жүргенімде қыдырып келдім. Сосын жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін осында жұмыс істеймін деп өзіме мақсат қойдым. Алдымен елордадағы «Алау» мұз сарайында жұмыс істедім, кейіннен қонақүй әкімгері болып ауыстым. Бізге шетелден қонақтар көп келеді. Аз ғана уақыттың ішінде осындай қаланың бой көтергеніне таңғалып, ризашылығын білдіріп кетеді. Астана – болашақтың қаласы. Гүлденіп, көркеюіне үлес қосамыз. Осы жерде ойға алған жоспарларым жүзеге асатынына, Астананың аты әлі де асқақтайтынына сенемін. Туған күніңмен, бас қала!

 

astana pikir-2Әлімжан ӘЛІШЕР,
жас ақын:

– Алғаш рет Астанаға 2012 жылдың күзінде жол түсті. Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, бақ сынау үшін келген болатынмын. Поэзия мерекесі жаңа серпін беріп, шабыттандырды. Былтыр Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтағаннан соң, екінші мамандық алу үшін елордаға жол тарттым. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, журналистика факультетінің студенті атандым. Астана маған жаңа достар сыйлады. Мұнда әр тараптан асқақ арман жетегінде келген жастар көп. Олар мақсат-мұраттарына, қол созған армандарына жететініне сенімдімін. Өйткені, бұл қала – мүмкіндіктердің мекені, жаңашылдықты, ізденуді, еңбекті сүйетін қала.

Последнее изменение Вторник, 05 Июль 2016 06:29