Лаңкестiкпен қалай күресемiз?

Пятница, 22 Июль 2016 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3602 раз

ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ӘРБIРIМIЗДIҢ МIНДЕТIМIЗ

Жұрт қазір «терроризм» деген сөзді естісе, үрейленіп, тіксініп қалатын болды. Оған себеп те жоқ емес. Қандықол терроршылардың әрекетінен әлемде қаншама жазықсыз жандар жапа шегіп жатыр десеңші! Ақтөбеде, күні кеше Алматыда болған терактілер жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Статистикаға сенсек, соңғы 3 жылда әлем бойынша, қауіпті шабуылдардан көз жұмғандар саны 80 пайызға өсіпті. Оның ішінде 51 пайызы лаңкестік әрекеттерден қаза болған. Мұндай статистиканы халықаралық экономика және әлем институты жариялап отыр. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осы уақыт аралығында жаһан елдері экстремистік іс-әрекеттер кесірінен 52,9 млрд долларға жуық залал шегіпті. Еріксіз жағаңызды ұстайсыз...

ЕЛIМIЗДЕ ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТКЕ ЖАЗА КҮШЕЙТIЛЕДI

8e8507d773f527e74afb231343fbf2ac-ogАлты адамды ажал құштырған Алматыдағы террорлық әрекеттің себебі мен салдары бүгінгі таңда жан-жақты анықталып, тергелу үстінде. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев террорлық әрекетке қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл жиынын өткізіп, сақтық шараларын күшейтуді тапсырған болатын.
Осы аптада Астанада Министрлер кабинетінің кезекті жиыны да Алматыдағы оқиғаларға байланысты бір минут үнсіздікпен басталды. Қанды оқиғаға қатысты соңғы мәліметтермен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов құлағдар етті. Жиында белгілі болғандай, елімізде бұдан былай террорлық әрекет жасағаны үшін бас бостандығынан айыру мерзімі ұзартылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир
Жұмақанов хабарлады. Оның айтуынша, қазір тиісті заң жобасы түзіліп, жан-жақты сараптамадан өткен. Айта кетерлігі, оны арнайы құрылған жұмыс тобы жасап шыққан. Яғни экстремизм және терроризммен күрес мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы 6 Кодекс пен бірқатар бағыттағы 18 заңға түзету енгізуді көздеді.
– Құжатта мемлекеттік нысандар мен қару-жарақ сақталатын мекемелер қауіпсіздігін күшейту қарастырылған. Сондай-ақ лаңкестік әрекет жасаған тұлғалардың мал-мүлкін тәркілеу көзделіп отыр. Бейбіт тұрғындарға қауіп төндіргендерге жаза еселенетін болады. Заң жобасы күшіне енуге дайын, – деді ҚР ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақанов.
Жиын соңында Премьер-министр К. Мәсімов жағдайды қатаң бақылауға алып, ел тыныштығын сақтау бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

ОЙРАН САЛҒАН ЛАҢКЕС КIМ?

Алматыдағы терактіні жасаған кім? Оны қылмысқа не итермеледі? Мақсаты не?
Рас, терроризмнің діні, ұлты болмайды. Лаң салған 27 жастағы Руслан Күлекбаев – Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тумасы екен. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, полиция қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған қылмыскердің мақсаты олардан кек алу болған. Күлекбаевтың бұған дейін бірнеше рет сотты болғаны анықталды. Соңғы рет атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін темір торға жабылған.
Алматы облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің дерегінше ол өткен жылы, яғни 2015 жылы жазасын өтеп шыққан. Ол қазіргі таңда, яғни осы уақытқа дейін Алматы облысында тұрған. Ал жанұясы, 2 баласы және әйелі Байқоңыр қаласында тұрып келген.
– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, Руслан Күлекбаев соңғы кезде Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұрған. Ұялы телефон сатумен айналысқан. 2010 жылы 27 тамызда Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотымен Қылмыстық Кодекстің 178-бабы 2-бөлігі бойынша сотталған. 2012 жылы 8 мамырда Қызылорда облыстық сотымен ҚК-нің 251-бабы бойынша 2 жылға және 11 айға бас бостандығынан айырылған. Қазір істі ҰҚК өз бақылауына алды. Ал Ішкі істер министрлігі мәліметінше, оған қатысты Қылмыстық Кодексінің 8-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – дейді облыстық Алматы ІІД өкілдері.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТҚАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Естеріңізде сала кетелік, Елбасы Н. Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Алматыда лаңкестікке қатысты жұртшылықты арандатушылықпен айналысқандарды қатаң жазалау керектігін айтқан болатын. Бұл ретте Президент еліміздің Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақытылы және толық ақпарат беріп отыру қажеттігін тапсырған-ды.
Осы орайда қазіргі уақытта Алматыда лаңкестік әрекетке қатысты әлеуметтік желілерге шыққан барлық аудио және бейнежазбаларға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.
– Әлеуметтік желілер бойынша бөлек тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл өз алдына бөлек жеке, сотқа дейінгі тергеу шарасына жатады. Қазір әлеуметтік желілерде пайда болған барлық аудио және бейнежазбалар бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, – деді С. Әзірбек.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілер арқылы қасақана жалған ақпарат тарату бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Яғни, қасақана жалған ақпарат таратқандар 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады.

амангелдАмангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Ол тек құқық қорғау органдарының мәселесі емес. Мен өзім бір нәрседен қорқамын. Лаңкестік оқиға қайталана беретін мемлекеттерде мұндай жайтқа халықтың еті өліп кетеді. Сөйтіп, лаңкестіктің алдын алуға ешкім ұмтылмайды. Бұл бола беретін қалыпты жағдай секілді көрінеді. Міне, біз де осындай қауіпті бір шекке келіп тұрмыз. Терең ойланып, тиімді тактикалық, стратегиялық шаралар қолданбасақ, біз үлкен бір қиындыққа ұшырауымыз мүмкін. Ол үшін, біріншіден, құқық қорғау органдарының штатын көбейтіп, солардың жұмысына басымдық береміз бе, әлде жұмыссыз жүрген, әсіресе, ауыл жастарын оқуға тартып, министрлік тарапынан, облыстық әкімшілік тарапынан көптеп грант бөлеміз бе? Осыны ойлап, шешуіміз керек. Екіншіден, құқыққорғау органдарын техникамен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге ақша бөлеміз бе, әлде парасатқа негізделген, атыс-шабысы жоқ, ұлттық мәдениетімізге байланысты жақсы кинолар шығарамыз ба, драматургияға мән береміз бе, театрлардың тәрбиелік жұмысын көтереміз бе? Қай жолды таңдаймыз? Бұл – бір күнде шешілмейтін страгетиялық мәселе. Бұл менің жеке ойым емес, көптеген елдің тәжірибесі. Ол кейін бірте-бірте өз жемісін береді.


сергейСергей ГРОМОВ, 
ҚР Сенат депутаты:

– Террористер жеке түрмеде, өзге қылмыскерлерден бөлек ұсталуы қажет.
Мұндай адамдардың басқа жазасын өтеушілермен бірге болуы қауіпті. Себебі олар өз ұстанымын абақтыдағы өзгелерге насихаттауы мүмкін. Терроризммен күресті әлі де қатаңдату керек. Осыған дейін бұл мәселеге жеңіл-жепі қарап келген сияқтымыз. Өзге елдер, көрші Өзбекстанды алайық, олар қатаң шараларға барды. Қазір онда теріс діни ағымда жүргендер былай тұрсын оның атауы да айтылмайтын болды. Біз де нақты әрекеттерге баруымыз қажет.


Айдос Сарым   Айдос САРЫМ,
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, саясаткер:

– Соңғы кездері елімізде өкінішке қарай, осындай қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Сондықтан, мұндай лаңкестік әрекеттер қайталанбас үшін, мықтап ойланатын, үлкен де кешенді шаралар қабылдайтын кез жетті. Ұзақ жылдар елімізде, дәстүрлі емес діндер, радикалды ағымдар тамырын жайып үлгерді. Бүгін соның нәтижесін көріп отырғандаймыз. Енді, болашақта лаңкестік әрекеттерге жол бермес үшін ел болып, қоғам болып ұйысуымыз қажет. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ел намысын, мемлекеттің мүддесін, ертеңіне алаңдамай қорғауын қамтамасыз ететіндей еңбек жасауымыз қажет.