Жүргiзушi, жолыңды бiл!.. Избранное

Пятница, 12 Август 2016 05:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4996 раз

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ӨТКЕЛІНДЕ ЖОЛ АПАТЫ НЕГЕ КӨБЕЙДІ?

«Жан-жағыңа мұқият қарайсың да, үшке дейін санап өте шығасың. Не аман қаласың, немесе...». Шымкенттіктер жаяу жол жүргіншілеріне арналған жолақтан өту үшін осылай жасайтынын айтып, әлеуметтік желілерде әзілге айналдыруда. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес. Жол – жауапсыздықты кешірмейді. Бұған қалада болған жол-көлік апаттары дәлел. Сондықтан, ереже сақтап, жолдың қарама-қарсы бетіне тек тиісті жерден ғана өткеніміз құба-құп. Ал көлік жүргізушілері «шумахерліктен» арылса игі.

DSC 5212

«ТОҚТА ЖОЛДАС, БҰЗБА КӨШЕ ТӘРТIБIН!..»

Шымкентте көлік саны күн санап көбейіп отыр. Соңғы мәлімет бойынша, 285 мың автокөлік ресми түрде тіркеліпті. Темір тұлпарды тізгіндеп, өзін жолдың «қожайыны» сезінгендер де жоқ емес. Олардың арасында жол ережесін біле тұра бағынбайтыны, жүргізуші куәлігін «сынақсыз» алғандары қаншама? Осыдан болар, жаяу жүргіншілерге арналған жолақта соңғы уақытта жол апаттарының саны күрт артып отыр. Қайғылы оқиғалардың орын алуына жаяу жүргіншілердің де қатысы бар. Мәселен, олар арнайы белгіленбеген жерлерден өтіп, жол апатына себепші болады. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелуде. Қазір жастардың дені көшеде плеер тыңдап, құлаққап кию сәнге айналған. Әнді бар даусына қойып, тіпті белгі берген көліктің дауысын да естімей, өмірімен қош айтысқан қаншама оқиғаларды естіп жүрміз.

DSC 5302

Қаланың кез келген жерінде жаяу жүргіншілер жолағынан өткен адамдарды көріп, біраз нәрсені байқауға болады. Бірі – сенімді өтсе, енді бірі – алақ-жұлақ етіп, не өтерін, не өтпесін білмейді. Келесісі көлік нөпірінің азайғанын күтіп әлек. Осындай сәтті көлік жүргізушілері өз пайдасына ұтымды пайдаланады. Кейбір көлік жүргізушілерінің асыққаны сонша, жолаққа жақындағанда тежегішті әрең басып тоқтайды. Қала тұрғыны Жанар Қосанова жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан күн сайын өткендіктен, ол үшін үйреншікті жағдай.
– Мен неге қорқып өтуім керек? Бұл – жаяу жүргіншілер үшін арнайы белгіленген жол. Сондықтан да, бұл жерде ережені көлік жүргізушілері сақтауы тиіс, – дейді Ж.Қосанова.
Қалалықтармен сұхбаттасқан кезде, олардың басым бөлігі жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан абайлап өтуге тырысатынын жасырмады. Әсіресе, жас балалармен өткенде мұқият әрі сақ болатындарын алға тартты.
Бірнеше жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісі Әбдіманап Үкібаев жаяу жүргіншілер жолағына жақындаған сәтте абай болу қажеттігін ескертеді. Жолақтан өтіп келе жатқан адамды байқамай қалу қаупі басымырақ. Сондықтан, жолаққа жақындаған сәтте-ақ, тоқтаған ләзім. Тіпті қарсы бетке өтетін адамдар байқалмаса да, көліктің жүріс жылдамдығын баяулатқан абзал.

КIМ КIНӘЛI?

Биыл жыл басынан бері жаяу жүргіншілер жолында 551 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан, 77 адам қаза болса, 508-і жарақаттанған. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде 598 жол апаты тіркеліп, 73 адам қаза болған. Оның 558-і түрлі жарақаттармен дәрігер көмегіне жүгінген. Бұдан шығатын қорытынды – биыл жол-көлік оқиғасы азайғанымен, қаза болғандар саны артқан екен. Өкінішке қарай, жаяу жүргіншілер жолағында көлік жүргізушілерінің жауапсыздығынан бір емес, бірнеше адамның өмірін жалмаған оқиғалар аз емес. Соның бірі биыл мамыр айының басында тіркелді. Арғынбеков көшесінде 1974 жылы туған қала тұрғыны Нұрлан Мейірбеков өзінің «Toyota Land Cruiser 100» маркалы көлігімен жаяу жүргіншілер жолымен өтіп келе жатқан бір отбасының мүшелерін қағып кетті. Жол апатының салдарынан 12 жасар қыз оқиға орнында ажал құшты. Ал 6 жастағы ер бала облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде есін жимаған күйі көз жұмды. Анасы жан сақтау бөліміне жеткізілген. Көзінің қарасы мен ағындай, мәпелеп өсіріп отырған ата-ананың ұл-қызынан бір-ақ күнде ажырап, аңырап қалуы жүрекке ауыр тиеді.
Жол апатына көп жағдайда көлік жүргізушілері кінәлі. Мұны ішкі істер органы қызметкерлерінің берген мәліметтері растайды. ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Н.Әбдірамановтың айтуынша, биыл жыл басынан бері темір тұлпарды тізгіндегендердің кінәсінен 1300 жол апаты орын алған. Бір ғана оқиға жаяу жүргіншілердің себебінен тіркеліпті. Өткен жылы да осы уақытта 1300 жол апаты көлік жүргізушілерінің жауапсыздығы салдарынан орын алған. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен 8 оқиға тіркелген.

ЖАСАНДЫ ЖОЛ КЕДЕРГIЛЕРI ҚАЙДА ҚОЙЫЛАДЫ?

Қала аумағында 116 көше бойында 320 жаяу жүргінші жолақтары бар. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрғали Исаховтың айтуынша, әлі де жаяу жүргіншілер жолақтарын орнату қажет.
– Бүгінгі таңда 200-ден астам көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ жаяу жүргіншілер жолақтары орнатылмады. Бұл мәселе бойынша ОҚО ІІД Әкімшілік полиция тарапынан қала әкімдігі мен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныстар жолданды. Ал жаяу жүргіншілер жолағы жоқ жерлерде жасанды жол кедергілері бар. Мәселен, 145 мектептің 87-нің аумағына кедергілер қойылды. Жасанды жол кедергілерін қоюдың тәртібі бар. Яғни, балабақшалар мен мектептердің маңына және жол қозғалысы үшін қауіпті деген жерлерге орнатылады, – дейді Н.Исахов.

599 ЖАЯУ ЖҮРГIНШIГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Жаяу жүргіншілер жолында жол апатын азайту мақсатында жуырда ғана қалада «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші» атты шұғыл іс-шара қорытындыланды. Жеті күнге созылған шара барысында 599 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Жалпы 5216 жол қозғалысы ережесін бұзу жайттары анықталып, көше қиылысынан өткен кезде ережеге бағынбаған 298 көлік жүргізушісі де айыппұл төледі. Ал 36-сы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылды. Тәртіп сақшылары осындай іс-шараларды қала аумағында жиі өткізеді. Жыл басынан бері «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» және «Абайлаңыз, жаяу жүргінші» секілді 15 түрлі іс-шара ұйымдастырылыпты.
Жол жүру ережесін сақтамаған азаматтарға Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-не сәйкес айыппұл қарастырылған. ОҚО ІІД Әкімшілік практика бөлімінің бастығы А.Сүйерқұловтың мәліметінше, жаяу жүргіншілер жолынан өтпей, жолды кесіп өтетін азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Бұл – 10 мың 605 теңге. Ал жаяу жүргіншілерді жаяу жүргіншілер өткелінен өткізбеген жүргізушілер ҚР ӘҚБтК 600 бабына сәйкес, 10 АЕК мөлшерінде 21 мың 210 теңге айыппұл төлейді. Ал салынған айыппұл 7 жұмыс күні ішінде төленсе, оның жартысын өтеуге мүмкіндік бар.

ЖАЯУ ЖҮРГIНШIЛЕРДI «ОЯТАТЫН» ЖОЛАҚТАР

Сәуір айының соңына қарай, Шымкент көшелерінде жаяу жүргіншілердің назарын аударатын ерекше жолақ пайда болды. Қызылды-жасылды диодті шамдар әзірге Тәуке хан мен Д. Қонаев даңғылының қиылысындағы тұрғындар көп жүретін жаяу жүргіншілер жолына орналастырылған. Қызылды-жасылды жолақтар бағдаршамның түсіне сәйкес белгі беріп тұрады. Яғни, жаяу жүргінші жолдан өтуге болатынын немесе болмайтынын төменге қарап-ақ біле алады. Заманауи қондырғы елімізде алғаш рет қолданысқа еніп отыр. «Оятатын» жолақтар – қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолға алынған қанатқақты жоба. Бұл әсіресе телефонға үңілгендер үшін тиімді. Мұндай жаңалықты жергілікті кәсіпкерлер туған қаласына тарту ретінде ұсынып отыр. Шамдарға 2 миллионға жуық қаржы жұмсалыпты.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апатының кез келген түрі жол ережесін білмегендіктен, оған бағынбағандықтан және тым асығыс болғандықтан жасалады екен. Олай болса асықпайық! Өмірімізді бағалай білейік.

Последнее изменение Пятница, 12 Август 2016 06:40
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.