Құрылыс материалдарына сұраныс қандай? Избранное

Пятница, 12 Август 2016 06:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6095 раз

Жаз мезгілі – үй жөндеп, көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстарды жүзеге асыруға қолайлы уақыт. Бұл кезде үйін ретке келтірушілерден бөлек, құрылыс материалдарын сатушылар үшін де сауданың қызатын шағы. Жөндеу жұмыстарын жүргіземін десеңіз, базар мен дүкендерде қажеттінің барлығы табылады. Тек, қалтаңызға қарай көсілсеңіз болғаны. Олай болса, құрылыс материалдарының бағасын бағамдап көрелік...

DSC 4935

Шымкенттің ауа райы жылдың кез келген маусымында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қолайлы. Бірақ көп ретте бұл іске ерте көктемнен кірісіп, қара күзге дейін жалғасатыны мәлім.
Жөндеу кезінде қабырғаларды сылау, еден мен есік-терезелерді ауыстыру, тұсқағазды жаңалау, жаңа сантехника алу секілді машақаты көп жұмыстардың басталатыны белгілі. Қала тұрғыны Рақымжан Бибосынов үй құрылысын бітіріп, енді қажетті құрылыс материалдарын сатып алмақ екен.
– Қазір асхана мен шомылатын бөлмелерге «қандай сантехника алсам екен?» деп қарап жүрмін. Қымбаттары өте әдемі екен. Бірақ мен қолымдағы ақшаға қарай есеп жасаймын, – дейді Р.Бибосынов.

DSC 5020

Қазіргі кезде нарықта ванна бөлмесіне керекті неше түрлі бұйымдар бар. Оның түр-түсі, қай елде шығарылғаны мен үлкенді-кішілігіне қарай өзіңізге қажеттіні таңдай аласыз. Сонымен қатар, зәулім үйлер мен шағын пәтерлерге арналған сантехника бұйымдары да арнайы шығарылады. Бұл ретте тәжірибелі мамандардың көмегі зор. Солардың бірі – Әкім Жолшиев. Ол үш жылдан бері дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Сатып алушыларға не керектігін жақсы біледі.
– Мен ең алдымен клиенттердің қанша сомаға жоспар жасағанын және жеке үйде немесе пәтерде тұратынын анықтап аламын. Сатып алушылардың дені әрине, өз үйлеріне көрінісі әдемі, сапалы және люкс модельдерді алғысы келеді. Нәтижесінде қалтасына қарай көсіледі. Бізде Ресей, Қытай, Иран, Украина мен Малайзияда шығарылған сантехникалық бұйымдар бар. Өткен жылға қарағанда олардың бағасы біршама қымбаттады. Ірі заттарды алатын болсақ, шамамен 10-20 мың теңге аралығында айырмашылық бар. Мәселен, джакузи жеткізіп, оны орнатып беруі 275 мың теңге. Бұл былтыр 250 мың теңге еді. Ваннаға арналған қол жуғыштар 10 мың теңгеден басталады.

DSC 4987

Ресейлік тауарлар қытайлыққа қарағанда әлдеқайда арзан. Сапасы да кем түспейді. Тек дизайн жағынан кішкене ұтылатыны бар. Байқасаңыздар, Қытай кез келген бұйымның әдемілігіне көп көңіл бөледі. Қол жуатын арнайы шкафтардың бағасы – 60 мыңнан 255 мың теңгеге дейін. Тым қымбат заттар тек бір данадан ғана әкелінеді, – дейді сатушы.
Дүкендерден отандық өнімдер де төрден орын алып тұр. Мәселен, «Аквалюкс» фирмасы шығарған ванналар сұранысқа ие. Бағасы 53 мың теңгеден басталады. Сапалы жасалған және ішіндегі су тез суымайды. Өзге ванналарға қарағанда артықшылығы осында. Көп ретте пәтерде тұратындар сатып алады екен.

Жуынатын бөлмеге қажетті кафельдердің бір шаршы метрі 900-1200 теңгеден басталады. Оның да бағасы қай елде шығарылғанына, дизайны мен сапасына қарай қымбаттай береді. Ал еденге төселетін ламинаттың бағасы 2000-4500 теңге аралығында. Есіктер 25 мың теңгеден жоғары. Тұсқағаздардың сан алуан түрі бар. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны, яғни қағаз тұсқағаздардың бір бумасы 800 теңге. Оның кір көтермейтін және ұзаққа шыдамайтын кемшілігі бар. Біз көрген дүкенде кірлесе жуып-тазалап алатын және ұзақ жылдар бойы үйіңізге сән беретін тұсқағаздардың ең қымбаты – 10 мың теңге. Оның ою-өрнегі мен түсіне қарап таңдап алып жатқандар көп. Кейбір дүкендерде тұсқағаздардың бір бумасы бұдан да қымбат болуы мүмкін. Соңғы кезде сұйық тұсқағаз сұранысқа ие. Сатушы Акрам Хаттамовтың айтуынша, экологиялық жағынан таза, әрі арзан өнім. Мақтадан жасалған сұйық тұсқағаздың артықшылығы – қыста жылы болса, жазда салқын болады екен. Оның бір келісі – 2100-2300 теңге аралығында және бір келісі үш шаршы метрге жетеді. Сатушының сөзіне қарағанда күніне 20-30 келі сұйық тұсқағаз сатылады.

DSC 4978

Осылайша, үй жөндеуге қажеттінің барлығының құнын бағамдап, қолда бар ақшаны жоспарлауға болады. Өкінішке қарай, еліміздегі құрылыс материалдары нарығында шетелдік өнімдер тым көп. Тіпті, ұсақ-түйек материалдардың ішінде тұсқағаз, сантехника, еденге арналған линолеум, шеге, бұрандалы шегеге дейін шетелден әкелінеді екен. Бұл ретте Ресей, Қытай, Түркия елдерінің өнімдері сұранысқа ие болып отыр.
Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 2015 жылдың желтоқсан айы мен биылғы жылдың шілде айын қосқанда облысымызда нарықтағы құрылыс материалдарының бағасы 104,2 пайызды құрады. Яғни соңғы жеті айда құрылыс материалдарының бағасы 4,2 пайызға қымбаттаған.
Айта кетейік, 2016 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан Республикасында инфляция 5,6 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы биылғы жеті айда 5,6 пайыз, азық-түлік емес тауарлары – 5,2 пайыз, ақылы қызметтер – 4,7 пайызға өскен.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Жүргiзушi, жолыңды бiл!.. Сәнi кiрген техносаябақ »