Версия для печати

Жолаушыларға қызмет көрсетудің жауапкершілігі мол

Среда, 14 Сентябрь 2016 05:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4506 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп, халық саны артып келеді. Миллиондардың мекеніне айналу мүмкіндігі жоғары мегаполисте жолаушылар тасымалы да жоғары деңгейде болуы керек. Ал қоғамдық көліктің қызметі кондуктордың мәдениетімен өлшенетіні рас. Осы орайда Green bus Company» ЖШС-нің 74, 84 бағыттарында болып, жұмысымен танысып қайтқан едік.

DSC 0159

Шымкенттік «Green bus Company» ЖШС-нің жұмысы таңғы 6-да басталады. Ал 7.30-да бағыт бойынша жүретін көліктерге жолаушылар лық толады. Бізді компания автоколоннасының басшысы Әбдібек Архабайұлы алып жүрді. Алдымен №74 маршуртқа отырдық. Таңертеңгі уақыт болғандықтан, салонда жолаушылар көп. Қоғамдық көлік тізгінінде – Таңат Мұсаев. Компания ашылғалы жүргізуші болып қызмет етеді. Автобусты жақсы жүргізеді екен. Өзгелердей жылдамдықты арттырып, көліктермен жарыспайды.
– Қала аумағы үлкейіп келеді. Сонымен бірге жолдағы қозғалыс та көбейді. Тәжірибесіз жүргізушіні кептеліс кезінде бірден танисың, – дейді ол.
«Green Bus Company» компаниясының 74 бағытқа қатынайтын қоғамдық көлігіне жолаушылар көп мінеді. Бүгінде компанияда 300 жүргізуші мен 300 кондуктор жұмыс істейді. Кондукторға қойылатын ең басты талап – халыққа мәдениетті қызмет көрсету. Сондықтан бір де бір шағым басшылардың назарынан тыс қалмайды.

DSC 0186

74 автобус тоқтағанымен адам саны азаяр емес. Ал жолаушылардың мінездері тіптен қызық. 10 адамның біреуі кондукторға ескерту айтуға дайын тұрады. Ал кондуктор Мадина Әлімханова сабырлы көрінді. Бұл салада 10 жылдан астам тәжірибесі бар.
Дегенмен кондуктор болу оңай емес. Олар күн ұясынан шықпастан автобусқа мінгеннен кеш қарайғанша түспейді. Сырт көзге олардың қызметі жеңіл көрінгенімен, жауапкершілігі ауыр.
– Алғашқыда адамдардың алуан түрлі мінездеріне бойымды үйрете алмай, қатты қиналдым. Әр күн сайын кондукторлық қызметімді қоямын деп, ертеңіне жұмысқа шығып кетемін. Кейде абайсызда ауыр сөздер естіп қаламын. Ондай сәттерде үндемеймін. Себебі, жұмыстың оңайы жоқ. Қоғамдық көлікте аялдамаларды ұмытып қалатын қариялар, қаланы жақсы білмейтін адамдар көп кездеседі. Оларды діттеген жеріне жеткізу – біздің міндетіміз. Қазіргі автобустар өте ыңғайлы, тұрғындар көңілінен шығуда. Жаңа көліктің жайлылығы жұмысқа деген ынта-жігерді арттырады, – дейді Мадина Әлімханова.
Бізбен бірге қоғамдық көлікке мінген Арман есімді қонақтың пікірі таңғалдырды.
– Мен мұнда іссапармен жиі келемін. Астанада жұмыс істеймін. Өткен жолы Шымкентке АҚШ-тан келген әріптестеріммен баруға жол түсті. Шымкент оларға өзінің тазалығымен, заманауи көркімен және халқының қонақжайлылығымен ұнады, – дейді қонақ жігіт.

DSC 0154  – Компанияның кез келген жұмысшысы
өз ұсыныстарын білдіре алады.
Компания жетекшісі Бақыт Бертаев бізді
әрдайым қолдап отырады. Мұнда ескірген
орындықтар мен терезе жапқыштарын көрмейсіз. 

 

Неге екені белгісіз, көптеген қалалықтар билетті ұнатпайды. Жол ақысын төлеп, «Ой, керек емес, қажеті жоқ» дейді. Ал бірақ компания автоколоннасының басшысы Әбдібек Үкібаев: «Жолаушылар билет алуы тиіс және осыған бейімделе беруі керек. Келешекте автобустарға электронды билет алу жүйесі енгізіледі. Билет тексерушілердің орнына ревизорлар болады. Бұл жүйе жолаушылар ағынын анықтайды және көлеңкелі жайттарды болдырмайды, – дейді ол.
Бұл, әрине, керемет! Бұл кәсіп иесінің мейірімділігі, кеңпейілділігі шымкенттіктерге ғана тән мінез екеніне шүбә келтірмейсіз.
74 бағыттағы автобус күніне қаланы 10 рет айналып шығады. Жүру кестесі бойынша 48 аялдамаға тоқтайды. Біздің барлық аялдаманы қамтып жүруге уақытымыз аз болғандықтан, 84 автобусқа ауыстық.
Бұл бағытта түс мезгілі таяп қалғандықтан адамдар қатары аз болмады. Кондуктор Елмұрат ұзын бойлы келген біртоға жігіт екен. Біз сырттай оның қызметін бақыладық.

 DSC 0176  Бүгінде қала ішінде компанияның
200 автобусы жұмыс істейді.
Жаңа жылға дейін
150 жаңа қоғамдық көлік
алу
жоспарда бар.
Оларды қалада жаңадан
салынған шағынаудандарға
жөнелтпекпіз.

Түсінгеніміз, көлік ішіндегі ахуал кондукторға байланысты екен. Кей автобустың үйлестірушілері өзінен-өзі ашуланып, дөрекі сөйлеп жататынын көпшілік жақсы біледі. Тіпті біреулер билетті өздері сұрап алып жатады. Ал
Елмұрат Назармухаммедов тек жолақысын ғана жинамайды. Қолындағы билетті де үлестіріп, автобустағы жағдайды да назарға ұстайды. Ол кезекті аялдама келгенде екі тілде бірдей хабарлап, қарт кісілерге орын ұсынуға да үлгеріп жатқанына риза болдық.
– Кондуктордың жұмысы – жолаушыларға билет сату. Бірақ таң атпай сағат 5-те тұру, әрқилы мінезді адамдармен жұмыс істеу – оңай емес. Күйбең тіршілікте өз-өзімді ұмытпауға тырысам. Кейде қарияларда жол ақысын төлеуге ақшасы болмай қалады. Мұндайда тегін жүруіне рұқсат беремін, – дейді ол.
Арасында киімін киіп, билет таратып көрдік. Күнделікті қоғамдық көлікке міну бір бөлек, ал жолаушыларға қызмет көрсету мүлдем бөлек екен.
Автобус жүріп келе жатқан Тәуке хан даңғылы жолы тақтайдай тегіс. Бірақ жақын арада болған жөндеу жұмыстарының салдарынан автобус бірер минуттай тоқтап тұрады. Осы уақытты пайдаланып Әбдібек Архабайұлы компания туралы баяндады.
– Бүгінде қала ішінде компанияның 200 автобусы жұмыс істейді. Жаңа жылға дейін 150 жаңа автобус алу жоспарда бар. Оларды қалада жаңадан салынған шағынаудандарға жөнелтпекпіз. Ол жақта жолаушы тасымалы – өзекті мәселелердің бірі.

Бір сөзбен айтқанда, компания жолаушылардың бар жағдайын жасаған. Кейде жолаушылар автобуста бағалы заттарын, сөмкесін, құжаттарын, азық-түліктерін ұмытып тастап кеткен жағдайлар кездеседі. Олар жоғалтқан заттарын автопарктен тауып, қуанып жатады. Бұл да автопарктің беделін арттырады – дейді Әбдібек.
Біздің жұмыс күніміз де аяқталды. Жүргізуші мен кондуктор жұмысының оңай емес екеніне көз жеткіздік. Олар өздерінің білікті маман екендерін тағы да бір дәлелдеді. Күні бойы тыным тапқан жоқ. Ал кешке қарай жолаушылардың саны күрт көбейеді. Бұл сәт кондуктор үшін жұмыстың қызған шағы. Біз Green bus Company» ЖШС-нің қызметкерлерінің арқасында уақыт құнының алтыннан да қымбат екенін сезіндік.

Последнее изменение Среда, 14 Сентябрь 2016 11:55
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.