×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Сертіне адал сардар

Пятница, 07 Октябрь 2016 07:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8511 раз

Ербол Отарбаев Шымкент қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінде қызмет атқарады 

...Сол күнгі оқиға әлі есінен кетпейді. Мұздай қаруланған қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, оның екеуін жайратып салуы, өзінің де жарақаттанып, алты ай госпитальда жатқаны...
Міне, осы оқиғадан кейін Отанға адал болу керектігін одан әрі тереңірек түсінеді: шыңдала түсті, білім-біліктілігін арттырды. Ербол Отарбаев бүгінде лейтенант шенінде. Тәуелсіздіктің төл құрдасы абыройлы қызмет етіп келеді.

Елбасымен екі рет кездесті

a7b2c64b72ab0d97c8eb157f744aed53 XL

Еліне қалқан болар сарбаздардың барына қуанасыз. 2010 жылы маусымның 22-де Ақтау колониясынан қашпақ болған 21 сотталушының жолын кескен қатардағы жауынгер Ербол Отарбаевтың ерлігі ел жадында. Жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Ол кезде Ақтауда № 6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Небәрі 19 жасар жігіттің ерлігі ел ішіне тарап кетіп еді...
Ол күнгі оқиға әлі көз алдында. Таңғы сағат 5-терде бір топ қылмыскер түзету мекемесінен қашпаққа әрекеттенеді. Ербол сол түні күзетте тұрған. Жарықты сөндіріп, қараңғылықты пайдаланбақ болған тұтқындарға қарсы оқ атады, өзі де иығынан жараланады. Бірнеше оқ атып, үшеуін қолға түсірді. Екеуі сол жерде көз жұмса, біреуі сол жерде жарақаттанады. Бытыра оғы өкпенің 25 пайызын тесіп өтіпті. Содан 4 күннен кейін есін жинаған.

444444444444444Елбасы 2010 жылы 15 желтоқсанда Ақордада Тәуелсіздік күніне орай бірнеше азаматты марапаттады. Солардың арасында генерал-лейтенант, генерал-майор, полковник, шенді әскерилермен бірге қатардағы жауынгер Ербол Отарбаев та болды.
Президент жас жауынгерге үшінші дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті.
– Елбасымен кездесер сәтте қатты толқыдым, – дейді бүгінгінің батыры өткенді еске түсіріп. – Елбасы: «Құтты болсын. Ары қарай қызметіңді жалғастыра бер» деді. Сол сөз маған күш-қуат берді! Елбасыны көргенде бар қиындықты ұмытып, ауруымнан құлан таза айыққандай күй кештім.
Ол кезде екінші топтағы мүгедек-тін. Астанадағы әскери госпитальде алты ай емделіп шыққан. Медицина қызметкерлері қызметті жалғастыра алмайсың деп, үмітін үзгендей етіпті. Бірақ, ішкі түйсігі қызметке қайта оралатынына сенген.
Содан не керек, қызметті жалғастырмаққа бел буды. 2011 жылы келісім-шарт бойынша Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде бас маман болып қызметке орналасады. Ал осы жылы қыркүйек айында Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланының Әскери институтына оқуға аттанды. Әскери оқу орнын 2015 жылы абыроймен бітіріп шықты.
Бұл жолы да Елбасының қолынан лейтенант атағын алғаны одан әрі қанаттандырады. Елбасы 5 шілде күні Астана күніне орай өткен шарада жоғары әскери оқу орындарын үздік бітірген 12 сарбазға лейтенант әскери шенін табыс етті.
Е. Отарбаев міне, содан бері ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6698 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүр. Мұндағы міндеті – сарбаздардың тәрбиесіне тікелей жауап беру. Сарбаздың көңіл күйін, қиындықтарын, мұқтаждықтарын түсіну, қолдан келгенше көмектесуге жауапты.

Әскери тәрбиені көріп өсті...

Ербол жастайынан әскери жауынгер болуға құмартады. Бар қызығы, атасының ордендерін тағып алып, «мен қашан әскерге барамын», «қашан осындай медаль аламын» дейтін көрінеді. Мұны үнемі әжесі айтып отырады. Отарбайдан тараған 4 атасы да Ұлы Отан соғысына қатысқан. Екеуі соғыста із-түссіз жоғалған. Екеуі елге абыроймен оралған. Ал өзінің әкесі де әскери борышын 1978 жылы Хорватияда өтеген.
Бауырлары да осы саладан алысқа ұзай қойған жоқ. Үйдегі тәрбиенің әсері шығар. Үлкен ағасы Ақтөбеде Ішкі істер министрлігінде оқыса, одан кейінгі ағасы Сарыөзекте әскери міндетін өтеп қайтты. Екі ағасының ізінен еріп, 2009 жылы өзі әскерге аттанды. Үйдегі тәрбиенің ықпалы ақыры осы салаға мойнын бұрғандай...
Бүгінде ағасы Ерлан Шымкенттегі 6506 әскери бөлімде кинолог болып қызмет атқарса, ал Арман ұстаздық қызметте.
Антына адал жауынгер Қазығұрт ауданы Еңбекші ауылында туып өскен. Әкесі Есілбай – жеке кәсіпкер. Анасы – Күлайша Әбдікерімқызы үй шаруашылығында.

Қазақстан әскері ешбір елден кем емес

708c0124-c2ba-4956-b073-40c7d0101a0e

Әскери борышын өтеуге келген сарбаздарды отансүйгіштікке баулу, тарихын білуге, дәстүрін сақтауға тәрбиелеу – жауапты міндет. Әскери өмірге жаңадан қадам басқан сарбаздардан тарихта ата-бабаларымыз қандай ерлік жасағанын, Қазақ хандығының қалай құрылғанын, тарихтағы маңызды оқиғаларды сұрап шығатыны да сол себептен.
– Әскерге сарбаздар бізге аманат ретінде келеді. «Бір адам ішінен дара туады. Ал біреуі өмірді келе, көре ұғады» дегендей ғой. Әрқайсысы өзінің қателіктерінен сабақ алып, шыңдалады. Бүгінде қатардағы жауынгерлердің арасында нағыз азаматтар бар. Біздің берген насихатымыз құлағына жетсе, міне, соларды Отан қорғайтын азамат деп айтуға болады, – дейді өзі.
Қазақстан әскерінің қуаты жылдан-жылға артып келеді. Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь елдерімен жауынгерлік, техникалық оқу-жаттығулар ұдайы жүргізіледі. Сол себептен де біздің әскеріміз ешкімнен кем емес.
Батыр ұл осылай ой сабақтады. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деген ұранды ұлағат тұтқан.
– Қазақ бұрыннан батыр, дана халық. Жер көлемі бойынша дүниежүзінде тоғызыншы орын алады. Бабаларымыз осындай байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған. Қазіргі жастар соны жақсы түсінеді деп ойлаймын, – дейді батыр ұл.
Иә, еліне қалқан болар сардарлар баршылық. Бүгінгінің батыр ұлдары осындай. 2015 жылы сәуір айында «Айтуға оңай» бағдарламасында да Ербол Отарбаевтың ерліктері баян етілген-ді. ҚР Ұлттық ұланының сардарларын дәріптеуді мақсат еткен бағдарламада.
Бұдан бөлек, еліміздің оқу орындарында шәкірттерге ержүрек сарбаз Отарбаев жайлы түсiрiлген фильм де көрсетіліп жүр.
«Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген. Тәуелсіздіктің құрдасымен болған әңгімеміз осылайша өрбіді. Ширек ғасырда осындай жетістікке жеткен елімізді одан әрі тұғырлы ету өзі секілді азаматтардың қолында екенін ұғынғанына тәнті болдық.

Последнее изменение Четверг, 20 Октябрь 2016 10:15
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.