×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Табысқа жету үшін табандылық пен нақтылық керек

Среда, 02 Ноябрь 2016 06:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 21148 раз

Еуропа елдерінде ата-аналар балаларын 8 жасынан бастап жеке табыс табуға үйрететінін өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік. Яғни, олар жас кезінен бастап жеке капиталын құруға әрекет етеді. Өмірде әр адамның табиғаты, қарым-қабілеті әр түрлі. Дегенмен, біздің олардан үйренер тұсымыз көп-ақ. Айдарымыздың бүгінгі санында «жеке капитал» жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік.

mota ru 1121912-1280x1024

Мақсатыңыз нақты әрі дұрыс болсын!

Бүгінгі нарық заманында кімнің де болса өз жағдайын жақсартуға мүмкіндігі бар. Бұрынғыдай емес, қазір халықтың әл-ауқаты өсті. Яғни, көптеген адамдарда басқарылуы қажет активтер (меншіктегі мүлік), пассивтер (міндеттіліктер, қарыздар), табыстар мен шығындар пайда болды. Сол себепті, әрбір адамда мынадай мәселе бар: «Ақша қайда кетіп жатыр?», «Жеке капиталды қалай құруға болады?», т.т.
Әрине, кедергілерден өтпей мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Сонда бізді осы қиындықтардан өтуге қандай күш мәжбүрлейді? Ол – табандылық пен сенім.
Алғашқы капиталды қалай құруға болады? Бұл орайда ескеретін біршама жәйттер бар. Ең алдымен мақсат қоя білу керек. Егер сіз қаржылық жоспарыңызды дұрыс құра алсаңыз, ұзақ жылдарға қаржылық табысқа жетесіз. Қаржылық мақсаттарыңыз нақты, өлшемді, қолжетерлік, мәнді, уақыт бойынша анықталған болуы қажет. Енді бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
Нақтылық. Дұрыс қойылған мақсаттар әрқашан нақты және келесі іс әрекеттерді айқындайды. Мысалы, өзіңіздің қолыңыз жететіндей мүлікті сатып алуға ақша жинау.
Өлшемділік. Алдыңызға қойған мақсатқа жету үшін нақты не істеу қажет екенін, сондай-ақ жоспарыңызға жетуге қаншалықты жақындағаныңызды түсіну қажет. Мысалы: бағасы 72 000 теңге тұратын мүлікке қызықтыңыз, ал сізде 36 000 теңге бар. Демек, тағы да сонша теңге жинауыңыз қажет.
Қолжетімділік. Сіздің келесі әрекеттеріңіз нақты мүмкін болуы қажет.
Мәнділік. Алға қойылған мақсаттар дұрыс мағынаға сай боулы қажет.
Уақыт бойынша айқындылық. Белгілі бір күні көздеген мақсатқа жетуге тырысыңыз.

400 мың отандасымыз баспана кезегінде тұр

Жалпы, адамға ең қажетті капитал бұл баспана болса керек. Интернет бетінде «Үй алу үшін қаражатты қалай жинаған дұрыс?» деген мәселеде мынадай дерек келтіріліпті. Сайттың жазуынша, елімізде баспанаға мұқтаж болып, жергілікті әкімшіліктерде пәтер кезегінде тұрған 400 мыңдай қазақстандық тұр. Бұдан екі есе көп адам "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" депозит ашып, мемлекеттік бағдарламалар мен несиелендіру жобаларына үміт артумен келеді. Десе де санаулылар ғана мақсатына жетуде.
Ендігі бір дереккөзге сенсек, ел тұрғындары табысының тең жартысын міндетті шығындарға жұмсайды екен. Оған азық-түлік, балабақша мен оқу ақысы, коммуналдық төлемдер жатады. Қаражаттың 10 пайызы жолақы, ұялы байланыс пен дәрі-дәрмекке ұсталады. Ал жалақының қалған 40 пайызын әркім өз қалауынша жұмсауға құқылы. Әдетте бұл ақша демалысқа, киім-кешек сатып алуға жаратылады. Қаржыгерлер артылған осы қаражатты текке ысырап етпей, аздап болса да жинаған жөн деседі.

914806774bb9d04676a1b2a912f45f94Аслан ЕСЖАНҰЛЫ, жас кәсіпкер:

– Мемлекет әрбір азаматтың өз мақсатына жетуіне бар жағдайды жасап қойған. Әсіресе, бұл орайда кәсіпкерлікті айтып өтсем. Рас, қазір мемлекетке кәсіпорындар, инвесторлар керек. Енді, кәсіпкерлік саласында алғашқы капиталды қалай құруға болатынын сөз етсек. Оның үш жолы бар. Біріншісі – егер сіздің кәсіпке қатысты жақсы идеяңыз бар делік. Сол идеяңызды достарыңызбен, жақындарыңызбен, ағайындарыңызбен бөлісіп, солардың арасынан қолынан келеді-ау деген кісілерден қаражат жинап, жұмысты бастауға болады. Екінші жол – әрине, егер сіздің бизнес жобаңыз дұрыс құрылған болса, банктен несие алуға болады. Үшіншісі – гранттар. Мысалы, қазіргі таңда мемлекет тарапынан және басқа да мекемелердің, үлкен компаниялардың белгілі бір гранттары бар. Сол гранттарды жеңіп алуға тырысыңыз.

Өз қабілеттеріңізді дамытыңыз

Қаржы мамандары жеке капиталды құрып, қаржылық әлеуетті жақсарту үшін мынадай мағлұматтарды біліп жүруге үндейді. Әрбір адам ең әуелі сарапшы болуға ұмтылу керек. Қай мамандықтың иесі болса да. Яғни, таңдап алған салада барынша көп ақпарат алу қажет. Осы тақырып бойынша барлық кітаптарды оқып шығыңыз, семинарларға қатысыңыз, аудиобағдарламаларды тыңдаңыз. Екіншіден, жеке сіз үшін ең құнды және мәнді тақырыптарға баса назар аударыңыз.
Өз қабілеттеріңізді дамытыңыз. Сіз өз жұмысыңызды жақсы атқарған сайын, көбірек табыс табасыз. Барлық қасиеттерді дамытуда екі негізгі жайт бар. Біріншіден, ең үздік болу туралы шешім қабылдаңыз. Екіншіден, үнемі дамып отырыңыз және бұл жолда тоқтамаңыз. Өз біліміңіздің деңгейін арттыра беруге әрекет ете бергеніңіз жөн...
Сөзіміздің соңында әйгілі қаржыгер Билл Гейтстің өмірінен қысқаша үзінді келтірсек. Оның әкесінің айтуынша, сәби болған кезінде-ақ, Билл өз бесігін өзі тербететін. Өмір бойы ол өзінің жолын табу мен тәуелсіздігі үшін күресті. Мектептің өзінде-ақ, он үш жасар Билл Гейтс және оның айырылмас досы Пол Аллен алғаш рет компьютерлік терминалды жасады. Содан соң, олар ол үшін екі бағдарлама жасап шығарды. Және қабілеттілікке тес тапсыру кезінде АҚШ-тағы үздік оқушылардың ондығына кірді. Міне, осындай алғырлықтың арқасында «Майкрософт» компаниясы дүниеге келген еді.

Кеңес:

  • Қағаз бетіне сіз немен айналысуға шамаңыз жететінін және нені шабытпен жасайтыныңызды жазыңыз. Жұмыс міндетті түрде өз көңіліңізден шығып, рухани шабыт әкеліп, ұнауы қажет екенін есте ұстаңыз.
  • Белгілі бір қызмет саласымен өз қабілетіңізді, біліміңіз бен машығыңызды салыстырыңыз. Әрі қарай, сіздің біліміңіз, машығыңыз, тәжірибеңіз қай салада қолданылып, қай сала сіз үшін қызықты болатынын анықтауға тырысыңыз.
  • Сіз өзіңізге қызықты қызмет саласын анықтаған соң, бұл салада қандай бос орындар бар екенін анықтауға тырысыңыз. Әрі қарай интернеттің, таныстардың көмегімен қандай да бір қызметке байланысты міндеттердің болжамды аясын айқындауға болады.
  • Ұзақ жылдарға жұмыс іздеудің қажеті жоқ. Біріншіден, оқу мен жұмысты үйлестіре отырып, сізге ұтқырлық қажет. Екіншіден, сіздің білім алу өсіміңіз мансап бойынша өсуді де білдіреді (қалай болғанда да осыған құлшыну қажет). Егер сіз айналысқыңыз келген жұмысты дәл анықтамаған болсаңыз, ұзақ жылдарға бір қызмет түрін іздеуге асықпаңыз.
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.