Мұрағат ел тарихының мұрагері

Пятница, 02 Декабрь 2016 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4574 раз

111Құрметті қала тұрғындары!

Тарихи деректердің қазынасы болып табылатын Облысымыздағы архив қызметіне 90 жыл толып отыр.  

Оңтүстік Қазақстан облысындағы архив ісін ұйымдастыру жөніндегі алғашқы іс-шара 1926 жылдың қазан айында Шымкент қаласында губерния аумағында орналасқан барлық мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың архивтік қорларын жинап, қабылдаумен айналысатын Сырдария  мұрағат бюросын құрудан басталды.  1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының мұрағат басқармасы құрылған, ал 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік-депутаттар кеңесі атқару комиттетінің мұрағат басқармасы болып өзгертілген. 1964 жылы Шымкент облыстық еңбекші депутаттары кеңесі жанындағы мұрағат бөлімі деп аталып, 1980 жылы Шымкент облыстық еңбекші депутаттары кеңесі атқару комитетінің мұрағаты болып өзгертілді.  1988 жылы еліміздің мұрағат қорларын сақтап қалу мақсатында 800 сақтау бірлігіне арналған облыстық мемлекеттік мұрағаттың 9 қабатты ғимараты пайдалануға берілді. Осы күнге дейін архивіміздің құрылымы, басқару жүйесі, жұмыс жүргізу әдіс-тәсілдері әлденеше сатылардан өтті.

1992 жылы  3 штат бірлігімен құрылған Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің өз алдына ғимараты болмай көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп,  үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп,  2014 жылы Шымкент қалалық мемлекеттік архивіне қазіргі заман талабына  сай  ғимарат салынып, 2015 жылы пайдалануға беріліп, қазіргі уақытта 3 бөлім,  41 штат  бірлігін  құрайтын мамандар қызмет атқарады.

Бүгінде облыс аумағы бойынша аса күрделі де, маңызды,   бірақ көзге көріне  бермейтін архив ісін дамыту жолында   19(23)     қалалық, өңірлік, аудандық     архивтер   мемлекеттік қызмет көрсетуде.

Қымбатты жерлестер!

Еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және архив саласының қызметкерлерін 90 жылдық мерекесімен құтықтай отырып, қарапайымдылығымен, қиыншылығы қатар жүретін елімізбен, қоғамымыз үшін ерекше маңызы бар архив қызметін атқару барысында талмай, аянбай жасап жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.

Сіздерге денсаулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке, қызметіңізде абыройыңыз асқақ, аспанымыз ашық, әрбір атқан таңдарыңыз шуақ пен бақытқа кенеліп, Отанымыз –Қазақстан Республикасының жарқын болашағы жолындағы атқарып жатқан қызметтеріңізге табыстар тілеймін.    

Айпар АМАНГЕЛЬДИЕВА,
"Шымкент қалалық
мемлекеттік архиві" коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің басшысы

 

 

Біз арманы орындалған халықпыз

 

Еліміз тәуелсіздік алып, егеменді ел болып, мемлекетіміздің өркендеп, экономикасының өрлеуіне эвакуацияланып келген алып зауыттар, өндіріс орындарының қосқан үлесі орасан зор.

Оңтүстік Қазақстан облыстық және  Шымкент қалалық мемлекеттік архивтерінде сақтаулы тұрған құжаттарға көз жүгіртсек, Шымкент қаласы соғыс жылдары өндірістік, экономикалық маңызы зор майдан шебінен эвакуацияланған фабрикалар мен зауыттарға толықты. Бұл жылдары еліміздің Батыс облыстарынан көшіріліп әкелінген көптеген ірі өнеркәсіп орындары Шымкенттен орын тепті. Атап айтар болсақ, Шымкент қорғасын зауыты аймағына Подольск қорғасын-прокат зауытының прокат цехы, Шымкент химфармзауыты аймағына әкелінген Мәскеу алколоид, салицил зауыты, Киев байлау материалдары, Воронеж қаласынан әкелінген бірқатар зауыттар мен фабрикалар соғыс қажетіне сай мейлінше жұмыс істей бастады.

Қорғасын зауытының құрылысы негізінен кеңестік инженерлердің жобасы бойынша жасалып, 1931 жылдың тамызында бастау алды. Алғашқыда зауыттың құрылысымен “Казсредазполиметалл” атты монтаждық басқарма айналысқан. Қорғасын зауытының іске қосылған уақыты 1934 жылдың 20 қаңтары болып есептеледі. 1934 жылдың қазан айында “Казсредазполиметалл” комбинатының жойылуына байланысты қорғасын зауыты КСРО ауыр өнеркәсібі Наркоматы жанындағы “Главцветмет” түрлі-түсті металлдарды өңдеу бойынша Бас Басқармасының құрамына өтеді (Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архиві(ОҚОМА), қор № 207,  тізімдеме 1,  іс. 49,  бет. 43,53).

1941 жылдың күзінде Шымкент қорғасын зауыты аймағына Подольск қорғасын – прокат зауытының прокат цехы орналастырылды.

Олар аз уақыттың ішінде монтаждалып, құрастырылды. Көп кідірмей майданның мұқтажы үшін өнім бере бастады. Тарихтан мәлім, жауға атылған он оқтың жетеуі біздің Шымкент қорғасын зауытында қорытылған қорғасыннан құйылды.  

Оңтүстікқазақстандықтардың патриотизмі соғыс жылдарында көп станокшылар қатарының өсуінен де айқын көрінді. Олардың арасында  күндік нормаларын екі есе, үш есе орындайтындар саны өсті. Өндіріс орындарындағы әйелдер саны көбейді. 1942 жылы облыста өнеркәсіп пен көлікте 5682 әйел жұмыс істесе, ұжымшарлар мен кеңшарларда тек ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізуде 2700 әйел жұмыс істеді.

Архивтік құжаттарға сүйенсек, соғыс жылдары бүкіл Одаққа дүркіреп тұрған қорғасын зауытында темірдей тәртіп орнаса да,   келеңсіз жағдайлардың да орын алғанын көреміз,  1941 жылдың 3 қыркүйегінде қорғасын зауытының директоры Переводкин № 158 Бұйрығы негізінде зауытта себепсізден-себепсіз шықпай қалу фактілерінің күрт өсіп, шілде айында ол 13 пайыз көрсеткішті көрсетсе, тамызда ол 22-ге дейін бірақ өсіп кеткенін тілге тиек етеді. Осынау жайттың орын алғанын ол бөлім мен цех басшыларының еңбек тәртібін күшейтетін тәрбие жұмысын бәсеңдеткенін келтіре отырып,  кейбір жұмысшылар үстінен атап айтар болсақ, энергоцех жұмысшысы Уваровтың, еден жуушы Сашкова  және жұмысшы Рискулов үстінен іс қозғауды талап еткені көрсетілген. (Шымкент қалалық мемлекеттік архиві(ШҚМА), қор №177, тізімдеме 1, бума 2, іс 9, бет 603, 604, 605).

Ал осы жылдың желтоқсан айында Воронеж қаласындағы ұсталық – пресс механикалық зауыты деп аталатын, кейіннен бүкіл Одақ көлеміне аты әйгілі болған пресс – автоматтар зауыты көшіп келіп,  зауыт машина жасаушылары табысты жұмысымен көзге көрінді. Осының айғағы ретінде 1942 жылдың қазанында зауыттың ұжымы ВЦСПС пен КСРО Станок жасау өнеркәсібі министрлігінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.

 Пресс-автомат зауытында күндіз-түні тынбай еңбек еткен майдангерлер, тыл ардагерлері айтарлықтай көп, соғыстың ауыр кезеңдері мен жылдарында ортақ жауды жеңу жолында бәрі де бір кісідей қатал тәртіпке бағына отырып, қызмет жасаған, алайда, соғыс уақтысында да өз әлсіздігін көрсеткен азаматтар аз болған жоқ. Осы жерде жұмысқа кешігу, себепсізден-себепсіз жұмыс орнын тастап кету фактілері  қатты жазаланып отырған. Атап айтсақ, зауыт слесарі Джурсумбеков Суннатулла, жұмысшылар Гробова Ольга, Алимов Сайдивали, Брахман Георгий, электромонтер Баранов Виктордың іс қағаздарынан, яғни архив құжаттарынан анық көруге болады.  Біздің мақсатымыз оларды қараламау, атап көрсету емес, архив құжаттарын сөйлеттіріп, темірдей тәртіптің болғанын көрсету. (ШҚМА қор 173, тізімдеме  3ж, бума 1, іс 14,19, 22,39,59;

1943 жылдың 15 қыркүйегінде пресс-машина жасау Шымкент зауытының ұжымы Донбассты босатқан жауынгерлерге хат жолдаған болатын. Зауыт жұмысшылары 8 айлық жоспарды 114,1 % -ға орындап, Қалалық Кеңестің өтпелі Қызыл Туын жеңіп алғанын мақтанышпен жазады. Осылайша Шымкент қаласының тіршілігі еш бәсеңдемей, майдан үшін қызмет етіп жатты.

Киевтің Харьков қаласынан эвакуацияланған шұлық фабрикасының алғашқы құрал-жабдықтары Шымкент қаласына төрт данамен жөнелтілген болатын. Бірінші легі 1941 жылдың 10 қарашасы күні түссе, соңғысы осы жылдың 19 желтоқсаны күні түсті.Шымкент қаласына Харьков фабрикасында сол кезде қолда бар технологиялық жабдықтың 19 % - ы ғана келді (1640 тоқыма құрал-сайманнан 307-сі тиеліп, іске қосылды). Егер де эвакуацияға дейін фабрика қуатының өнімі 40,0 млн. жұп шұлық шамасында болса, Шымкентке келгеннен кейін оның жылдық қуаты 8,5 млн. жұп шұлық өнім мөлшерінде беріп, жұмысшылары тәулігіне екі ауысыммен қызмет атқарды (ОҚОМА  Қ.922,  іс 1051,  1942-1988, 1991 гг).    

Соғыс басталғаннан кейін Оңтүстік облыстарда да өндіріс орындарын соғыс мақсатында қайта құру жұмыстары басталды. Мүмкін болған жердің бәрінде соғысқа қажетті өнімдер өндіріле бастады. Соның бірі – Шымкенттегі дәрі шығаратын химфарм зауыты 1941 жылдың қараша айынан бастап жүретін техникалар бөлшектерін шығарды (“Правда Южного Казахстана”. 11.01.1942ж.).

Соғысқа дейінгі 2 және 3 бесжылдықта Ф.Э.Дзержинский атындағы Шымкент Химфармзауыты опий – шикізатын, дерменені, жеміс-жидек қалдықтарын, эфедра мен анабазис сияқты түрлі өнімдерді шығарған өз алдына өндіріс орны болып дамыды. Осы кезеңде бас механик бөлімі, күрделі құрылыс бөлімі, аналитикалық зертхана сияқты орындары ашылып, морфин, аса ауыр алколоид, опий, сантонин, цитварлы дақылдар, дермене майы, шабдалы майы, эфедрин мен анабазин және бу қуаты цехы мен энергоцех құрылған болатын (ОҚОМА 192 қор. 1 бума. 52 тіз. 592 іс. 2 – 9 бб).

Мәскеуден эвакуацияланған алколоид пен салицил зауыттарының Шымкент химфармзауыты аймағына орналастыру жайын қарастыру мақсатында салицил зауыты бойынша 13 қазан 1941 жылы КСРО Наркомздравы қаулы қабылдап, жаңа зауыттың аймағына құрал-жабдықтардың демонтажы мен сантонин бөлімінің корпусы есебінен салицил препараттарын өндіру мәселесін шешті. Жұмыс көлемін, жеке өндіріс жайын және шикізат базасын анықтау үшін орналастыру жоспарын жасаған салицил зауытының бас инженері Воробьев деген азамат келген болатын. Осы жүйе бойынша 1100 шаршы метр алаң босатылып, техникалық және сублимациялық салицил қышқылы, қышқыл салицил натрийі, аспирин сияқты салицил препараттарының негізгі өндірісін орналастыруға мүмкіндік берді.

Осы жүйенің іске асуы жылдық қуаты 25 тонна сантонинге есептелген таза өнім бөлімінен тыс жаңа сантонин корпусының тоқтатылуын меңзеді. Сантониннің одан әрі шығарылуын жылына 6 – 8 тонна сантонин  көлемінде зауыттың ескі корпусында іске асыруға берілді. Осылайша Шымкент химфармзауыты аймағында салицил препараттарының мәскеулік зауытын орналастыруда барлық іс-шаралары жүзеге асырылды. Мәскеу алколоид зауытының бірқатар өндіріс орындары “Акрихин” зауыты және кейбір бояу өнеркәсібінің өндірістері  Шымкенттен тыс басқа жерлерге де эвакуацияланды.

Свердлов атындағы эвакуацияланған Киев байлау материалдары зауытының өндірісі негізінде залалсыздандырылған және залалсыздандырылмаған бинттер мен кристалданған йод өндірісі жасалынды. Азотты қышқыл висмут пен омнопон, сальсолин және сапонин сияқты өнімдерді толық игеру жұмысы аяқталды (ОҚОМА  1 бума. 64 тіз. 665 іс.

14, 15 бб).

Шымкент қаласындағы фабрикалар өз өнімімен майданға барынша көмегін тигізді, соның дәлелі  1942 жылдың  үш айында 840,4 мың сомға өнім берген Шұлық фабрикасы өндірісі іске қосылып, “Росткаучук” зауыты монтаждалып, Айна фабрикасы, “Чимшвей” өнеркәсібі, Майэкстракциялық зауыты майданға қажетті заттар өндіріп,  жылы ықыласы мен лебізі киім-кешек, азық-түлік сияқты заттарды жинау науқанынан көрініс тапты.

Текстиль комбинаты да осы жылдары өз құрал-жабдықтарын монтаждаудан өткізіп, Шымкент өз өнім базасын жасап жатты. Оңтүстік өңірінің еңбеккерлері сұрапыл соғыстың алғашқы күндерінен танк колонналарына, авиаэскадрильяларының жасақталуына көмектерін аямай, майданға аяқ киім мен жылы киімдер жинап, Қызыл Армияның жауынгерлеріне сыйлықтар жіберіп, жаудан азат етілген облыстар мен қалалардың, аудандардың, халық шаруашылығын қалпына келтіруге көмектерін аяған жоқ.

Соғыс жылдарында Ащысай түсті металл комбинатының өндірістік қуатын барынша ұлғайту ісіне баса көңіл бөлінді. Рудаға бай “Мырғалымсай” руднигі жедел игерілді. Кантағы – Түркістан темір жолының 8 – ші километрлік айрығынан 5 километрге темір жол жеткізу рекордтық мерзімде жоспарлы 38 күн орнына 15 күннің ішінде салынып аяқталды. Оны салуға үй шаруасындағы екі жүздей әйел қатысты. Кейін олар кәсіпорындарда жұмыста қалды. Барлық жерде Отан үшін, майдан үшін еңбек еткен өндірісшілер жасампаздық істің тамаша үлгісін көрсетті.

1943 жылдың жазында облыс шахталарда жұмыс істеу үшін 900 адамдай әкеліп, оның 300-дейі Шымкент қаласына тиесілі болды. Шымкент қаласы тұрғындары шұлық фабрикасы жұмысшыларының бастамасымен Бадам өзенінде 100 кв. қуаты бар өз электростанциясының құрылысын бастады. Бұл халық құрылысы болды, өйткені шұлық фабрикасының жұмысшылары бұл құрылыста 1000 сағаттан аса норманы орындап шыққан болатын.

1943 жылдың 13 тамызында Шымкент қаласындағы өткен 19 сессия 2 онкүндік пен айлық кездегі майдангер жанұяларына көрсетілген көмекті жоғары бағалап, жұмысшылар арасында патриоттық қозғалыстың өрістегенін, әскери жанұяларға қажетті материалдық қордың жасалғанын атап өтті. Өндіріс, мекемелер мен қоғамдық орындардан онкүндік пен айлық кезінде қорға ақшалай 195.555 сом; 28.717 килограмм азық-түлік; 18.813 дана аяқ-киім мен сыртқы киім басқа да қажетті заттар 18.000 үйге түскен болатын. 1900 әскери жанұяларға шынайы көмек көрсетілді. Аса мұқтаж әскери жанұяларға 50.000 азық-түлік тауарлары берілді. Қалада 4 дүкен жұмыс істеп, оған 7085 майдангер жанұясы жұмылдырылды. 3635 балаға арнап бала-бақшалар жұмыс істей бастады. Қоғамдық тамақтануға 9100 адам тіркеліп, оның 2800-і балалар болды. 12.907 майдангер жанұяларына  жер учаскілері бөлінді (ОҚОМА 83 қор. 6 бума. 1 тізбе. 4 іс. 82б.).

Сонымен қатар, Шымкент қаласына көшірілген атақты ұшқыш, кеңестік әскери қайраткер, одақтастардың әуе қатарында аса нәтижелі жеңісімен (64 жеңіс) тарихта қалған, Кеңес Одағының Батыры, Авиация маршалы Иван Никитович Кожедуб түлеп ұшқан Чугуевск әуе мектебінің де маңызы зор болды. 1941 жылдың қазан айында Шымкентте ұшқыштар дайындайтын Чугуев атындағы ұшқыштар училищесі өз жұмысын бастады. Оның кейбір бөлімшелері Арыста, Түркістанда, Састөбеде, Манкентте және Жамбыл қаласының маңындағы Головачевкаға орналастырылды. Училище Шымкентте 3,5 жылдай болып, бірнеше ұшқыштар, техниктер дайындап шығарды.

1942 жылдыңқаңтар айында Шымкент қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларынан 102-ші атқыштар дивизиясы құрылған болатын. Оның құрамында 11373 жауынгер болды. Бұл дивизия сол жылдың мамыр айында Харьков қаласында соғысқа қатысты.

Қазақстан еңбекшілерінің соғыс жылдарында майданға берген көмегінің жалпы мөлшері өте көп. Тек Отан қорғау қорына, әскери техника мен қару-жарақ жасауға республика еңбекшілерінің жинаған қаражаты 1 млрд. сомнан асты. Соғыс кезінде мұндай қаржыға мөлшерлеп айтқанда 5 мың танк, немесе 10 мың истребитель ұшағын жасауға болатын еді.  

90 жылдық тарихы бар  мемлекетіміздің байлығы, тарихы, қазынасы  болып табылатын мемлекеттік архивтер    өндіріс орындарына қатысты құжаттардың мемлекеттік сақталуын қамтамасыз етіп,  оны халықтың игілігіне айналдыру  үшін маңызды да, жауапты іс атқарып келеді.

Архив саласының қызметкерлері мемлекеттік сақтауда тұрған архивтік құжаттардың негізінде алыс, жақын шетел, ҚР азаматтарының  әр түрлі тақырыптағы сұранымдарына жоғарғы сапалы  мемлекеттік қызмет көрсетуде.

Алтын СЕЙТАЕВА,
Ұлттық архив қоры құжаттарын
жинақтау және есебін жүргізу бөлімінің басшысы

 

Последнее изменение Пятница, 02 Декабрь 2016 04:23
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.