×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Ескі көлік орнына өтемақы алыңыз...

Среда, 07 Декабрь 2016 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5092 раз

Шымкенттен 1150 көлік қабылданады

Істен шығып, өзінің жүру мерзімін өтеген көліктерді де енді кәдеге жаратуға болады. 21-қарашадан бастап елімізде тозығы жеткен көліктерді қабылдау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында ел азаматтарының тозығы жеткен көліктерін арнайы орындарға өткізіп, белгіленген сомаға ие болу мүмкіндігі бар.

utilizasia 97

Осы орайда, Шымкент қаласының әкімдігі бағдарламаны жүзеге асырушы тарап – Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі Операторымен бірлесе отырып, жергілікті БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырды. Пресс-тур аясында ел аумағында жаңа қолданысқа енген бағдарламаның өзіндік шарты мен тиімділігі сараланды.
Ескі көлік алып, есі шыққан жүргізушінің бірі ордабасылық Дәулет Босынбек бағдарлама жөнінде алғаш көгілдір экран арқылы ақпар алған соң, Оператор өкілдігімен хабарласқанды жөн көріпті. Нәтижесінде, біраз уақыттан бері аулада жөндеуді қажет етіп, бос қаңтарылып тұрған көлігі 150 мың теңгеге бағаланған. Белгіленген шарт аясында қажетті құжаттарды толық рәсімдеген көлік жүргізушісі енді өзіне тиесілі сомаға алдағы 10 жұмыс күні уақыт ішінде иелік етеді.
– Шынымды айтсам, көлігімнің қызмет өтіліне де 24 жыл уақыт болыпты. Бір жерін жөндесең, екінші жерінен ақау табылып жатады. «Ескіні алып, есім шыққан тұста» көлігін бағалауға ұсынған алғашқылардың бірі мен болдым, – дейді Дәулет.
Айта кетейік, бағдарлама шарты бойынша көлік иесінің немесе сенім білдірген тұлғаның жеке куәлігі, көлік иесі болмаған жағдайда өтініш берушінің сенімхаты және екінші деңгейлі банктен шот ашылу керек. Ал төленетін ақы көліктің жиынтығына байланысты болмақ. Яғни, қозғалтқышы, есіктері мен берілу қорабы сынды бөлшектері түгел болса, 150 мың теңгеге бағаланады. Олай болмаған жағдайда көлік иесіне 48 мың теңге беріледі. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында елімізде 800 көлік жиналған. Ондағы 40 көлік Оңтүстік өңіріне тиесілі. Жоба аясында елімізде ескі көліктерді қайта өңдеуден өткізетін 3 зауыт салынады деп күтілуде. Жиналған техникалар сонда іріктеліп, кәдеге жарайтын болады.
– Бағдарламаның негізгі мақсаты – тозығы жеткен көліктерді қайта өңдеуден өткізу, осы арқылы елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Биыл утилизацияға тек жеңіл көліктер қабылданса, келер жылдан бастап жүк көліктерін де өткізуге болады, – дейді Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі Операторының ОҚО бойынша өкілі Дінмұхаммед Абдуллаев.
Өкілдің айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында елдегі 10 мың ескі көлік жоюға қабылданады деп күтілуде. Жобаны іске асыру үшін «ӨКМ Операторы» ЖШС-гі биыл 1 миллиард 250 мың теңге көлемінде қаржы жұмсамақ.
Бұл ретте, ескі көліктерді қабылдауға бөлінген квотаның саны бойынша Оңтүстік өңірі ел аумағында үшінші орында тұр. Мамандардың айтуынша, мұнда шығарылғанына ширек ғасырдан асқан 40 мыңдай көлік бар. Бөлінген квота бойынша өңірден 1150 көлік қабылданбақ. Осы мақсатта Оператордың өңірдегі өкілдігі мобильді жылжымалы бекет жобасы аясында желтоқсанның 8-і күні Түркістан, 12-сінде Сарыағаш қаласында ескі көліктерді қабылдау күнін өткізбек.