Шымкентте айтыс өттi дүрiлдеген... Избранное

Среда, 07 Декабрь 2016 06:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6034 раз

durildegen aitys 97 1

Өткен жұма, сенбі күндері Шымкенттің төрінде, Түркістан сарайында «Бірлігіміз жарасқан – Мәңгілік ел» атты халықаралық айтыс өтті. Ақиқатты астарсыз жеткізген өнер иелерінің аламанын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Қазақтың төл өнері бұл жолы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне арналды. Жыр додасына еліміздің айтулы 16 ақыны мен Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан елдерінің сөз дүлдүлдері арнайы қатысты.

Айтысқа Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова, қоғам және мәдениет қайраткері Оразкүл Асанғазы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт пен айтыскер ақын Әбдіхалық Әбдірайымұлы қазылық етті. Ақындар айтысын «Парасат» орденінің иегері, белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізді.
Ақындар еліміздің бүгінгі күнге дейінгі тарихы мен даму белестерін, жетістіктерін өлеңмен өрнектеді. Айтыс – синкреттік өнер болғандықтан халықтың көкейіндегі өзекті мәселелер де қозғалды. Бабалардан қалған ұлық өнерді қадір тұтатын жұртшылық айтысқа келіп, кәусар жырдан нәр алды.
Сахнаға алғашқы жұп болып Қарағанды облысынан келген Айтбай Жұмағұлов пен шымкенттік Нұрғали Әнапия шықты. «Алдымен сөз бастау қиын» демекші, айтыстың шымылдығын түрген алғашқы жұпқа оңай тиген жоқ. Нұрғали айтысқа кейін қосылған жас ақындардың бірі. Ол қарсыласын әзіл-қалжыңымен қағытып отырды. Екінші жұптың айтысы да көрерменге салмақты ой салып, жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындатты. Тұрар Тілеулиев (ОҚО) пен Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы) сөз жарыстырды. Тұрар көпшілікті алаңдатып отырған елдік мәселелерді түйдек-түйдегімен айтып, жұртшылықты желпіндіріп отырды. Алайда қарсыласы Қанат та қалыспады. Талай жыр додаларында ысылған ол отты жырларымен еркін көсілді. Сондай-ақ Оңтүстіктің намысын қорғаған Дәурен Полатбаев пен Моңғолиядан келген Сәтжан Класханның айтысы да тартысты өтті. Сәтжанның төрт аяғын тең басқан өлеңдерінен оның айтыста ысылып қалғандығы көрінді. Қарсыласының мақтауына масаттанбай, тең дәрежеде өнер көрсетті. Рухани қазынамыз төл өнерді дәріптеді. Ал Қырғыз елінің қыраны Азамат Болғанбаев пен сарыағаштық ақын Жарқынбек Наушабектің араларындағы сөз жарысы айтыстан гөрі екі елдің достығын дәріптеген сұлу сөзге айналып кеткендей. Көптен бері айтыс аламанынан көрінбей жүрген Жандарбек Бұлғақовтың (Астана қаласы) Қажымұқан Абзаловпен (Оңтүстік Қазақстан) айтысы тартысты өтті. Екі ақын да Тәуелсіздік жетістіктерін жырға арқау етті. Айтыстың көркін қыздырған екі ақынға қазылар алқасы жоғары баға берді.
Көрермен асыға күткен ақындардың бірі – Айнұр Тұрсынбаева. Халық сүйікті ақындарын қошеметпен қарсы алып, шапалақтарын аямады. Әйткенмен Аян Ниязбекпен сайысқа шыққан Айнұр ақын бұл додаға аса бапты дайындықпен келмегенін байқатты.

durildegen aitys 97 2

Ақындар айтысының бірінші айналымын жерлесіміз Анар Жаппарқұлова мен Талғат Уринбаев (Өзбекстан Республикасы) қорытындылады. Жыр додасында Анардың мерейі үстем болды. Ол қарсыласын сүбелі сөздерімен қапы қалдырды.
Азулы ақындардың аламан сайысында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев облысымыздағы мәдениет саласына қатысты атқарылған жұмыстардың барысын баяндап, қазақтың төл өнері – айтыстың алаш баласы үшін орны бөлек өнер екенін жеткізді.
– Айтыс өнері ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілуі Қазақ елі үшін үлкен мәртебе. Осындай баға жетпес, теңдесі жоқ сөз сайысы біздің Оңтүстікте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз елімізде мәдениеттің, ұлттық өнеріміз бен дәстүріміздің өсіп-өркендеуіне үнемі көңіл бөліп келе жатқаны баршамызға аян. Бүгінгі өткізіліп жатқан ақындар айтысы осының айғағы, – деді Ж.Түймебаев.
Жалпы, айтыс жоғары деңгейде өтті деуге болады. Ақындар өз ойларын ірікпей, жырларын ақ жаңбырша төкті. Қара өлеңге қанат бітіріп, Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін жырға қосты. Сөзден сойыл соққан 5 жұп екінші айналымда да әдемі айтыс ұсынды. Өнер бәйгелерінде топ жарып, шашасына шаң тимеген ақындардың сөз сайысын көрермен тапжылмай отырып тамашалады.
Сонымен, аламан айтыстың бас бәйгесін оңтүстікқазақстандық Анар Жаппарқұлова иеленді. Жеңімпазға Renault Sandero джипі табыс етілді. Жүлделі І орынға астаналық Жандарбек Бұлғақов лайықты деп танылды. Оған Lada Granta теміртұлпары сыйға берілді. ІІ орын Оңтүстіктің намысын қорғаған Тұрар Тілеулиевке бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды Қажымұқан Абзалов (ОҚО) иеленіп, 1,5 млн. теңгені қанжығасына байлады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.