Жолдау жастардың игілігіне қызмет етеді Избранное

Пятница, 10 Февраль 2017 04:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3867 раз

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Оңтүстікке келген сапарында облыстың ардагерлерімен жүздесіп, Елбасының Жолдауы туралы ой бөлісіп, пікір алмасты.

DSC 6162

Жиынды жүргізіп отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов кеңестің бүгінгі тыныс тіршілігі, ардагерлерге жасалып отырған қамқорлық, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады.

– Өткен жылы өңірдегі демалыс орындарында 12822 ардагер демалып, емделді. «Әжелер алқасы» салт-дәстүрді жаңғырту, отбасылық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында ерен еңбек етіп келеді, – деді ол.

Одан кейін сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, сондай-ақ, Орталық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы Жолдауға байланысты пікірін білдіріп, Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық саладағы потенциалына оң пікір білдірді.

DSC 6178

– Еліміздің көптеген өңірлері Оңтүстік Қазақстан облысындағыдай шаруашылықпен біте қайнасып отырған жоқ. Суы пайдаланылмай, жері бос, қараусыз жатқан аймақтар бар. Мемлекет субсидия бөлген, бірақ, жер игерілмеген. Есесіне, «ауылда жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыр. Қалауын тапса, жер игеру, өнім өндіру, мал шаруашылығымен айналысу үлкен табыс көзі. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстан астық өндіруден алғашқы үштікке кірді, ал экспорттаудан әлемде І орында тұр. Бірақ, бұдан да көп өнім алуға мүмкіндігіміз бар. Оған Канадаға барған сапарымда көз жеткіздім. Ол елдің шаруалары 1 гектардан 30-40 центнер өнім алады екен, ал біз әзірге 1 гектардан шамамен 15 центнер өнім алып отырмыз, – деген Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстанды өркендету мүмкіндіктерін айта келе, жастардың жұмыссыздық мәселесін де алға тартты: – Жастарымыз еңбекке құштар болса, елді биік белестерге шығарып, жетістігін еселейді. 2007-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысын басқардым. Сол кездері террористік әрекеттердің орын алғаны баршаға мәлім. Біз осы бағытта болашағымызды жалғайтын жастарымызбен жұмыс жүргізуіміз керек. Қазір әлеуметтік желіде жасөспірімдердің санасын улап, соңында өзіне қол жұмсауға мәжбүр ететін ойындар шықты. Мемлекет басшысының Жолдауындағы бес бастаманы негізге ала отырып, жұмыла жұмыс істейік, деді Б.Ізмұхамбетов. 

Кездесуге жиналған ардагерлер Елбасының Жолдауы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастардың тәрбиесіне, еңбекке баулу ісін жандандыруға бұдан әрі де атсалысатындарын мәлімдеді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.