АҚЫЛЫ АВТОЖОЛДАР оның транзиттік әлеуеті қандай?

Среда, 22 Февраль 2017 05:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4642 раз

«Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» дейді халық даналығы. Жол – қашанда экономиканың күретамыры болған. Бұған уақыт өткен сайын көз жеткізіп келеміз. «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек», – деген болатын Мемлекет басшысы 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауында. Дегенмен, жетер жеріңе оңайлықпен жеткізе бермейтін кейбір жолдар көлік иелерін әуре-сарсаңға салатыны да жасырын емес. Бұл ретте, жол азабынан құтылудың бірден-бір жолы ақылы жол дейді мамандар.

351bc7cd695d05f7efe5e4893334235177

4 жылда – 4 млрд теңге

Елімізде ақылы жол ең алғаш рет 2013 жылы «Астана – Бурабай» бағытында ашылды. Бас-аяғы 211 шақырымға созылған жолды тез арада жүйткіп өтесіз. Өйткені, мұндай жолдарда автокөліктерге сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Егер, осы жолмен жүргіңіз келсе 200 теңге төлейсіз. Автобус, жүк көліктерінің ақысы салмақ, көлемі мен жүгінің ауырлығына қарай белгіленеді. Жедел жәрдем, полиция, құтқару қызметі, жол жөндеу жұмыстарымен айналысатындар және мотоцикл айдаушылар тегін қатынайды. Жақын маңдағы елдімекендерге жеңілдіктер бар. Мысалы, Астанадан Шортандыға бару үшін 60 теңге ғана. Мұндағы қозғалыс қарқындылығы күніне 7 мың, ал демалыс күндері 9-10 мыңға дейін жетеді екен. Аталған ақылы жол 4 жылда 4 миллиард теңге пайда алып келген. Тек 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Астана – Щучье» ақылы учаскесіндегі жалпы жол жүру санының көлік қозғалыс қарқындылығы 2 581 252 бірлікті құрайды, бұдан түскен кіріс 1,143 млрд теңгені құраған. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл қаражат жолдың күтіміне қарастырылған. Жол сызықтарын сызу, шөп, қоқыс, қыс түссе қар тазалау және тағы басқа жұмыс күштері мен техникаларға жұмсалуда. Жүргізуші ақша төлеп жолға шыққаннан кейін оған қолайсыздық тудырмауы тиіс. Міне, ақылы жолдарды енгізудегі негізгі мақсат – сол жолдарды жөндеуге кететін артық шығындардан арылып, өз қаражатын өзіне жұмсау.

2022 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдар мемлекет бюджетіне жылына 220 миллион доллар пайда әкеледі деп жоспарлануда. Бұл үшін мемлекетішілік және халықаралық бағыттағы 7 мың шақырым жолдың құрылысын аяқтауы тиіс. Атап айтқанда, олар – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Астана – Қарағанды, Алматы – Талдықорған, Астана – Жақсы, Астана – Павлодар, Қарағанды – Алматы, Орал – Ақтөбе, Петропавл – Щучье тас жолдары. Сондай-ақ, «Қызылорда – Шымкент» және «Ташкент – Шымкент» бағытындағы 400-500 шақырымдық жол да ақылы болады деп күтілуде. Ал, бұл жол бағыттарының барлығы кезінде талай өркениеттерді байланыстырған «Ұлы Жібек жолымен» қайта жаңғыруда. Айта кетерлігі ежелгі керуен жолының басым бөліктері Оңтүстік өңірге тиесілі. Егер осы «Ұлы Жібек жолын» қайта жандандырып, жаңа жолдар салатын болса елімізге, оның ішінде Оңтүстік өңірге қаншалықты пайда алып келетінін болжау қиын емес. 

 

zhenisЖеңіс САДЫҚОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Құрылыс және көлік» факультеті деканы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Бұл жерде бір мәселе бар. Жақын жерде орналасқан елдімекендердегі кейбір адамдар бұл жолдан күніне бірнеше рет өтеді. Сол адамдарға қиындық тудыруы мүмкін. Осы жағдайларды назарда ұстаған жөн. Ал негізінен ақылы жолдың өз-өзін ақтап, жолдың құрылысына ақша бөлініп отырса тиімділігі орасан зор. "Жолым жаман болады" деп ойламайсың. Жол ақылы болса қаражат уақытылы түсіп тұрғаннан кейін, жол да дер кезінде жөнделетін болады.

 

Біле білсек, «Ұлы Жібек жолы» Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шынжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысқа баратын керуендік жол бағыты болған. Қытайлар осы жол арқылы Орта Азияға, Батыс Азияға және Еуропаға сауда-саттықтарын жасап, тауарларын тасыған. Жолдың бір бөлігі Ферғана, Самарқан, Иран, Ирак және тағы басқа мемлекеттерге жеткізсе, ендігі бағыты Оңтүстік Қазақстандағы Испиджабқа тіреледі. Одан бірі Орта Азияға, екіншісі Түркістан, Сырдарияның төменгі ағысымен Батыс Қазақстан, одан әрі Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағын айналып Еуропаға апаратын екі бағытқа бөлінген. Бұл жолдар арқылы тек сауда ғана емес, әлемдік өркениеттің өркендеуіне де үлес қосып, қоғамның дамуы қатар жүрген. Сондай-ақ, экономика, туризм, ғылым-білім, мәдениет жақсы дамыған. Ең үлкен және бай керуендер өткен. Осы «Жібек жолы» ХХ ғасырға дейін сақталып Қазақстанды Ресей және Орта Азиямен байланыстырып, жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Қазір міне, бұл жолдар арқылы байланыс нығайып жатыр. Осы бағыттар бойынша көлік қатынасының қарқындылығы өте жоғары. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізі жобасы жүзеге асса, жол уақытын 40 күннен 10 күнге дейін және жолдың қашықтығын 8-15 мың шақырымға қысқартуға болады. Жол толық пайдалануға берілсе, 7-8 жылдың ішінде жүк көліктерін өткізу көлемі 2,5 есеге көбейіп, жыл сайынғы экономикалық табыс 33,9 млрд теңгеге есептеліп отыр. Ал Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе және Алматы секілді ірі облыстардың экономикасы біршама дамиды деп күтілуде. Сондай-ақ, осы автомагистраль арқылы Қытайдан шығатын заттарды Алматы және Оңтүстік Қазақстан арқылы әрісі Польша, Германия, Францияға, берісі Ресей мен Белорусияға жеткізуге болады.

 

Тоғыз жолдың торабындағы Шымкент немесе туризмді табыс көзіне айналдырсақ...

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі тарихи ескерткіштердің 80 пайызы Оңтүстік жерінде екен. Жалпы алғанда, облысымызда 505 тарихи-археологиялық нысан бар. Алайда, осы нысандарды асықпай аралап, тарихымен терең танысуға мүмкіндік тудыратын тегіс, жақсы жолға жарымай жүрміз. Ал ақылы жол сапалы, тегіс жолдың және туристерді көптеп келтірудің кепілі. Нақты мысал ретінде, тағы да «Астана – Щучье» автобанын келтірейік. 2015 жылы аталған ақылы жолмен 35 мың ресейлік көліктер жүрсе, ал былтыр тек жарты жылдың өзінде 52 мыңнан астам көлік өткен екен. 

Туризм, бұл – бюджеттің бүйірін шығаратын сала. Соның арқасында бірқатар мемлекеттер өз экономикасын біршама жақсартып алды. Осындай елдердің қатарына Біріккен Араб Әмірлігінің ең үлкен қаласы – Дубайды айтуға болады. Бұдан басқа да алыс-жақын шетелдерде көлік жолдарының сапасы жақсы болғандықтан туризмнің автосаяхаттау түрі ерекше дамыған. Егер осындай сапалы тас жолдар тоғыз жолдың торабында, «Ұлы Жібек жолының» бойында орналасқан Оңтүстік аймақтарда салынатын болса, осы өңірдің әлеуетін біршама арттыратыны сөзсіз. Әрине, бұл қонақжайлық қасиеті қанына сіңген Оңтүстік халқының оң жамбасына келер еді. Тағы да деректерді сөйлететін болсақ, Қазақстанға былтыр 7 млн-ға жуық турист келіпті. Соның ішінде 1 млн 300 мың турист біздің өңірімізге ат басын бұрып, оның 1 млн-ға жуығы Түркістанға табан тіреген екен.

 

maynzhasarovНұрбол МЫҢЖАСАРОВ,
«ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары:

– Елбасының 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламасы аясында «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ақылы жолдар жүйесін «Қызылорда – Шымкент – Тараз» және Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы» бағыттары бойынша енгізу жоспарланып отыр. Ақылы жолдан түскен қаражат ең алдымен жолды жылдың барлық мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына, ақылы жолдарда қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуге, ақы төлеу пункттерінде сапалы қызмет көрсету мақсатында жұмсалмақ. Ақылы жолдар жүйесін енгізу барысында барлық жағдайлар ескеріледі. Тек, белгіленген тәртіпке сай әрекетті талап етеді. Ал жол ақысы жұмыс барысында бекітілген тарифтер мен жүйеге сай белгіленетін болады.

 

Олай болса, ақылы жолдар өңірде туризм саласының ерекше дамуына септігін тигізеді. Әсіресе, Оңтүстіктегі көне қалалар мен кесенелерге адамдардың көбірек келуіне жағдай жасалады. Сонымен қатар, қала тұрғындарының да жақын маңда орналасқан табиғаты көрікті жерлерге барып дем алуына қолайлы мүмкіндік туады. 

Сарыағаш, Шардара, Өгем, Қазығұрт, Машат, Түркістан, Ордабасы, Түлкібас, Бәйдібек, Біркөлік және тағы басқа ауасы таза, суы шипалы аймақтарға аз ғана уақыттың ішінде бара алады. Жол бойында мотельдер салынып, кафе мен қонақүйлер көбейеді. Автобан арқылы өткен көліктердің нөмірлері тіркеліп, әрбір жолаушы бақылауда болады. Осылайша, көлік, жол қауіпсіздігі біршама реттелер еді. Мамандарға сенсек, қазірдің өзінде Астана және Алматы қалаларына темір жол, тас жол және әуе транспорттарынан ең көп қатынайтын біздің аймақ екен. Бүгінде Шымкентті Оңтүстік туризмінің қақпасына балап жүрміз. Демек, ақылы жол өңірімізге туристерді молынан тартып, олардың жақсы демалыс өткізуіне сеп болары анық.

 

Аймақ агломерацияға айналады

Былтыр Қазақстан үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент – Қазақстандағы ірі агломерациялық орталыққа айналады» деген болатын. Ал агломерацияның жүйелі жұмыс жасауы үшін жол транспорт саласының маңыздылығы жоғары. Сондықтан да қала аумағында көліктердің кедергісіз жүрулеріне бірқатар бағдарламалар әзірленуде. Осыған орай, қалада жеңіл рельсті жолдар мен А-2 тас жолдарын салу жоспарланған. Осы арқылы Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау тапсырылған. Сонымен қатар, Сайрам, Ордабасы, Төле би және тағы да басқа қалаға жақын аудандардың ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласымен жүйелі айналысуына жақсы мүмкіндік болады. Бұл қаланың жұмыс күшін арттырып, Шымкенттің жан-жақтан келетін «күш-қуатты» өзіне сіңіріп алатын ядроға айналуына мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген үлкен қалаларында бар. Америкадағы Нью-йорк қаласына таңертеңнен бастап өзге штаттардан мыңдаған халық ағылып келеді. Бірі мемлекеттік қызметкер, бірі саудагер болса, енді бірі қарапайым көлік жүргізушісі. Сәйкесінше, адамдардың көптеп қатынас жасауы әрқашан ақшаның айналымда жүруін қамтамасыз етеді. Міне, дәл осындай жүйе Шымкент қаласында сәл ғана басқаша көрініс табуы мүмкін. Мысалға айтайық, таңертең алынған айран-сүт аз ғана уақыттың ішінде ашымай қалаға жетсе керемет емес пе? Сондықтан, жақын орналасқан қала мен аудандардың арасын жақындататын бірден бір жүйе осы – Aгломерация. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, аталған жүйенің жақсы жұмыс істеуі үшін де сапалы жол керек.

 

Шетелдің тәжірибесі

Жоғарыда тоқталып өткен ақылы жол жүйесі Батыста 17-ғасырдың өзінде пайда болған. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай автомагистраль АҚШ, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея секілді әлемнің 30-дан астам елінде бар. Ол жақтағы жол жүру тәртібін қарапайым қағидаға салып қарасақ, «Қанша ақша көп төлесең сонша жылдам жүресің» немесе «Уақыт – ақша» дегенге саяды. Өйткені, ақылы автобан жалпы үш жолақты бөліктен тұрса, соның бірінші жолағында сағатына 80-120 км, екінші жолағында 120-180 км ал, үшінші жолдың бөлігінде 180-230 км жылдамдықпен жүру мүмкіндігі берілген.

 

zhurgizАқтай БӘКІРОВ,
«Қызылорда – Шымкент» бағыты бойынша қатынайтын қоғамдық көлік жүргізушісі:

– Менің көлік айдап жүргеніме 13 жылдың жүзі болды. Қызылорда мен Шымкент арасындағы жолды ақылы жүйеге енгізетін кезде ірілі-ұсақты мал өтетін жерді ескерсе екен. Өйткені, осы екі облыс арасында мал көп. Ал бұл жүргізушілерді алаңдатып, көлікті ойдағыдай жүргізуге кедергі келтіреді. Осының кесірінен талай адам зардап шекті. Ондай жағдай менің де басымнан өткен. Мысалы, «Астана – Щучье» тас жолындағыдай жол жиектері арнайы жабдықталса, онда ешқандай мәселе туындамайтын еді.

Последнее изменение Среда, 22 Февраль 2017 08:40
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.