Бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамында» және Жолдауда көрсетілген тапсырмалары аясында шешімін тауып келеді. Әсіресе, жас мамандардың екі қолға бір күрек табуына «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының беріп отырған мүмкіндігі мол.
Бағдарламаның үш бағытының да шарапатын көріп жатқан негізінен – жастар. Оқу орнын тәмамдап, диплом алғаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жас мамандар өз тәжірибесін жинақтауға жастар практикасына жүгіне алады. Егер мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналаса алмаса қайта даярлау курстарына жіберіліп, сұранысқа ие жаңа мамандық бойынша жұмысқа жолдама алады.
Елімізде жастарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаулар аз емес. Бұл жөнінде Елбасы биылғы Жолдауында да кеңінен тоқталып, елімізде кәсіптік білімді дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын айта келе, оларды табанды еңбек етуге шақырды. Бүгінде жастардың сапалы білім алуына, өз бизнесін бастауына және жұмысқа орналасуға «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы», «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Серпін», «Болашақ» бағдарламалары өз септігін тигізуде.
Жуырда Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Шымкент қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары қаламыздағы «Жабық», «Автонұр», «Самал», «Орталық», «Айна» базарларына барып жастарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін жан-жақты түсіндірді. Шара барысында «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалы, «Ырыс» микроқаржы ұйымының мамандары базарларда жұмыс істеп жүрген жастар мен жұмыссыз жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, сала мамандары жастардың еңбек құқықтарының бұзылған жағдайда, жұмысқа қабылданған кезде қандай іс-әрекеттер жасау, жұмысшының құқықтары мен міндеттері, қайта даярлаудан өтіп, жаңа маман иегері болу, жас кәсіпкер болу, кәсіпкерлікке оқыту, кәсіпкерлерге жасалынып отырған жеңілдіктер мен бағдарламалар, бизнесті бастау үшін қажетті алғышарттары туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Тиісінше жастарға 1200-ге жуық ақпараттық кітапшалар таратылды.
Нұрсұлтан ТАСТАНБЕКОВ,
Шымкент қаласы
ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы