×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Бәйге жаңашыл бағытта насихатталады» Избранное

Пятница, 17 Март 2017 12:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5384 раз

Ат баптап, жүйрік жарату, бәйгеге қосу – қазақтың қанына сіңген, атадан-балаға мұраға қалған игі дәстүр. Тұлпарды құлынынан тани білетін, қыл құйрықты жануарға қызығатын азаматтар арамызда көптеп кезігеді. Дегенмен, ұлттық өнерді насихаттау әлі де болса кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Облыстық «Бәйге» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жеңіс Тоғызақбаевпен сұхбатымыз атбегілік өнердің бүгіні мен келешегін зерделеу аясында өрбіді.

at 22-3

– Жеңіс Бөрібекұлы, сіздің пайымдауыңызша, атбегілік спорт па, әлде өнер ме?

– Атбегілік – біле білгенге, үлкен өнер. Егер бұл өнерді жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын болмақ. Мәселен, бокстан жаттықтырушыны шетелдерден алдыруға болады. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені, қазақтан артық жылқы малының бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүліктерді сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын. Аға буыннан жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Ал жас жігіттердің көпшілігі ат жаратудың әдісін жетік білмейді. Осының салдарынан талай жүйріктің өліп кеткенін де көзімізбен көрдік. Себебі, бабына келмеген ат ерен жүйрік болғанмен зорығып қалады.

– Өзіңіз атбегі ретінде атты қалай жаратасыз?

– Ат баптаудың қыр-сыры көп. Әркім әрқалай баптайды. Дегенмен, оған ұзақ ізденіс, үлкен қажыр-қайраттың нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады.
2014 жылы Германия, Польша, Чехия елдерін аралап, ағылшын, англо-араб, араб тұқымды 14 бас сәйгүлік әкелдім. Бабы келгені болар, бір жыл уақыт мерзімінде осы тұлпарларым топ жарып, 4 автокөлік жеңіп алдым. Қазіргі таңда, Бексұлтан және Ерсұлтан есімді ағайынды жігіттер арнайы қора-жайда күнұзақ сәйгүліктерді баптаумен айналысады. Қора-жайда барлығы 300-ге таяу жылқым бар.

– Көбіне-көп былайғы жұрт ат дүбірін тек Наурыз мерекесін атап өту кезінде естіп жатады. Бәлкім, бәйге жарысының мәртебесін көтеруге үлкен насихат жетіспейтін болар?

– 1994 жылы Шымкент қаласында Наурыз мейрамы алғаш рет атап өтіліп жатқан тұста мен орталық атшабарда директордың орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Өңірдің игі жақсылары кеңесе келе, атаулы күнге орай, бәйге бердік. Бәйге жолы сол кезде 8 шақырым болып белгіленді. Сол уақыттан бері бұл үрдіс игі дәстүрге айналды. 

at 22-2

Тек, өткен жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының шешімімен, елдің барлық өңірлерінде «Бәйге» қоғамдық бірлестіктері құрыла бастады. Оңтүстік өңіріндегі бірлестіктің жетекшісі ретінде маған үлкен сенім артылды. Ағымдағы жылға арнайы күнтізбелік жоспарлы шаралар бекітілді. Мәселен, биыл өңірде түрлі деңгейдегі 6 бірдей бәйге беріледі. Бұл қатарда, облыс орталығында өтетін «Наурыз» және «Қала күніне» арналған республикалық деңгейдегі шаралар да бар.
Ең бастысы, қауымдастық тарапынан бәйгенің өзіндік Жарғысы қабылданды. Яғни, ұлттық өнерді дамыту, бір ізге салу мақсатында бәйгенің 8 түрі айқындалды. Атап айтқанда, тай бәйгенің қашықтығы – 3 шақырымдық ретпен белгіленді. Тиісінше, құнан бәйге – 7-9, жорға – 9-11, топтық – 15-21, аламан бәйге үшін 25-31 шақырым аралығындағы қашықтық ұсынылады. Жазық, яғни, ұшқыр бәйге – жақын қашықтыққа шабуға лайықталған. Ал жүйріктердің жүйрігін сынайтын республикалық «Алтын тұлпар» додасы 51 шақырым негізделіп отыр. Бұған дейін «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі 43 шақырым қашықтықта ұйымдастырылып келген болатын. Онда қазақы тұқымды жүйріктер ашылып үлгермейтін. Мәреге жеткенде олардың әлі тың екені байқалатын. Осыны ескере отырып, ендігі жерде жүйріктердің еркін тыныс ашуына мүмкіндік берілмек. Сондай-ақ, Жарғы негізінде, белгілі бір ас-тойларда бәйге беруді ойға алған ел тұрғыны қауымдастықтың өңірдегі өкілдігіне жазбаша өтініш қалдыруы тиіс. Осы арқылы жарыстың өту орны, төрешісі белгіленіп, барлығы ереже аясында жүргізіледі. Яғни, азаматтардың қауіпсіздігі баса назарға алынады. Ал қауымдастыққа ескертпей, өз алдына бәйге берген азаматтар көлемді айыппұл төлеуіне тура келеді.

– Қазіргі таңда ағылшын жылқыларына деген әуестік басым секілді. Олардың байырғы қазақ жылқыларынан ерекшелігі қандай?

– Ағылшын жылқылары табиғатынан ұшқыр әрі сезімтал болып келеді. Оларды бір орында тұрғызып бағасың. Жем-шөпті де талғап жейді. Арнайы қора болмаса, байлап қоюға келмейді. Артықшылығы сол, жақын қашықтықта ешкімге дес бермейді. Бұл ретте қазақы тұлпарлардың «аузымен құс тістеген» ағылшын аттарын басып озатын мүмкіндігі жоқ. Жоғарыда айтылғандай, жаңа қабылданған жарғы бойынша, ендігі жерде аламан бәйгенің қашықтығы анағұрлым ұзартылды. Бұл қазақы тұлпарлар үшін жаңа белеске көтерілер сәт. Себебі, табиғаты ерекше қазақы аттар шапқан сайын көсіле түседі. Олардың басты қасиеті ұзақ шабыс, алыс жорық жолдарына арналған. Дәстүрлі атбегілер де осыны ескеріп, аттарын баптайтын болған. Қазақы жүйрік сөреден шыққанда қоқаң шабыс қосаяқпен бастайды да, жүре келе, еті қызған соң көсіле шабады. Қазақы жүйрік кең көсілген сәтінде ағылшын жылқысының екі аттағанын бір-ақ аттайды. Соңғы кезде ұзақ шабысты қазақы жылқылар ұшқыр, қысқа шабысты ағылшын аттарының көлеңкесінде қалып қойып жатыр. Осының бәрін ескере отырып, нақтырақ айтқанда, қазақтың байырғы дәстүрлі атбегілік өнерін жаңғырту мақсатында жарыс жолы едәуір ұзартылды.

at 22

– Ұлттық өнерді дәріптеуде өңірдің бүгінгі ахуалын қалай бағамдайсыз?

– Шыны керек, күні бүгінге дейін бәйге спортында Оңтүстік спортшыларының қол жеткізген ірі жетістігі байқалмайды. Республикалық деңгейдегі қайсыбір шараларда болсын, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облысының сәйгүліктері өзгеге жүлде беретіндей емес. Рас, өткен жылдан бері бірқатар аудандарда бірлестіктің өкілдігін ашып, насихаттауға көңіл бөлудеміз. Тамыз айында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында өңірлік «Оңтүстік тұлпары» бәйгесін ұйымдастырмақпыз. Бұл алдымен, республикалық «Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне жолдама беретін іріктеу болғалы тұр. Мәреге бұрын жеткен 9 сәйгүлікке жүлде тағайындалады. Алғашқы үштікке ілінген шабандоздар «темір тұлпар» иеленбек. Осыған орай, бірлестік жанынан арнайы есепшот ашып отырмыз. Яғни, арамызда жүрген ұлттық өнерге жанашыр азаматтар осы есепшот арқылы жәрдем беріп, қол ұшын соза алады. Осындай айтулы шаралар ел азаматтарының ынта-ықыласын оятып, жылқы малына деген қызығушылығын арттыруға сеп болар деген үмітіміз бар.

– Бәйге атын баптаудың өзіндік әдістерін айта кетсеңіз...

– Ең алдымен, бәйге атының терін алу өз алдына бір өнер. Ат баптауда оны күн сайын аяңдатып, желдіріп, ащы терін шығарып, бабына келтіру керек. Терін алуда сәйгүлікті қинап, орынсыз зорықтырып алудан сақтану керек. Тәжірибелі атбегілер аттың терін алғанда сәт сайын ат терін саусағымен жалап, дәмін татады. Тердің түрі мөлдір су сияқты, бөтен дәмі болмағанда ащы тері шығарылды деп бағалайды. Бұл оның бабына келіп, бәйгеге қосуға жарайтынын білдіреді.
Бапкерлер ат бәйгесі ертең болады деген күні бәйге атының ноқта-жүгенін алып, жылқыға қосады. Байлауда іші пысып, әбден зеріккен бәйге аты жылқыға қосылған соң еркін ойнақтап, аунап, бойын жазады. Жылқылармен бірге жусап, ұйқысын қандырады. Ал таңертең жылқы өре бастағанда қайтадан ұстап, біраз суарып, байлап қояды. Осылайша, ат бәйге алдында әбден тынығады. Әдетте, бәйге атына дене салмағы 35-40 келіні құрайтын 10-15 жасар бала отырғаны жөн. Шабандоздар бастысы, атқа шапқанда шалқалап алмай, еңкейіп, алға ұмтыла отырғаны жөн.
Шапқан сәтте бүйірден тепкілемей, қамшының ұшымен ғана демеп отыру керек. Қамшы сабына шүберек байлап, аттың көзіне құйылған терді жиі-жиі сүртіп отырады. Бәйгеден келген соң да атқа дем алдырмай, аяңдатып жүргізіп, суытып, терін басып, таң асырып барып отқа қою керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ