"Қолдау болса, қолымыздан көп нәрсе келеді" Избранное

Пятница, 31 Март 2017 06:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3613 раз

Элмира Райымбекова отбасы мүшелерімен және қайынсіңлісі Раушанмен бірге көп жылдан бері Шымкент қаласы мен Отырар ауданында кәсіпкерлікпен және туризммен айналысады. 2013 жылдан бері Астана қаласындағы «Astana Leusire» халықаралық туристік жәрмеңкесіне қатысып, өздері жасаған түрлі гобелен, кілемше, ұлттық қолөнер бұйымдарын, сувенирлер сатып жүр. Енді биыл өтетін «Астана. Экспо-2017» көрмесінен орын алып, ұлттық қолөнер бұйымдарын және өңделген ауыл шаруашылық, көкөніс, бақша өнімдерін сатумен айналысқысы келеді. Әйткенмен көрмеден орын ала алмай жүр. Жаздың күндері қауыннан қақ жасайды. Сонымен қатар қауынды қазанға салып қауынқұрт қайнатады екен. «Астана. Экспо-2017» көрмесіне үлкен көлемде қауыннан жасалған қақ, қауынқұрт, ыдыстағы қымыран, кептірілген көкөніс апарып сатқысы келеді. Енді жер учаскесін алып, ұлттық қолөнер шеберханасын салмақ ниетте. Оның құрылысы басталмақшы. Әзірге қаладан көпқабатты үйлердің жертөлесін жалдап, дүкен ашып жатыр.

galereya-3

Біз Элмирамен пікірлескенімізде көкейінде жүрген ойларын ортаға салып, көптеген өзекті мәселелерді, шешуін таппай жатқан мәселелерін айтып, Үкімет пен жергілікті және атқарушы органдар назарына бірнеше өтініштерін, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты: 

1. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа ұсынған «Ұлт жоспары - 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамы» стратегиясында туризм саласын дамыту жайына кеңінен тоқталды. Бұл орайда Оңтүстік туризм саласында жетекші салаға айналатын күн алыс емес. Облысымызда табиғаты ғажайып демалыс орындары өте көп. Өйткені, өңірімізде әлем саяхатшыларын қызықтыратын ауқымды жобалар көптеп қолға алынуда. Бүгінде туризм экономикалық сектордың айнымас бөлігіне айналып үлгерді. Дүниежүзінде осы сала жоғарғы қарқынды даму үстінде.Өйткені, тұрмыс деңгейі жоғары адамдар демалысқа көп көңіл бөледі. Нәтижесінде әлемде шет елдерге шығатын саяхатшылар саны көбейді. Қазақстанда да саяхатшылар саны артты. 2014 жылы Шымкент қаласында өткен туристік форумда Қазақстанның туристік ассоциациясының президенті Роза Асанбаева «2013 жылы дүниежүзінде бір миллиардтан аса адам шетелге туризмге шыққан. Бұл туризмнің табыс көзі екендігінің айғағы. Елімізде барлық өңірлерде халықаралық талапқа сай демалыс орындары ашылуда. Ұлы Жібек Жолының жаңартылған үлгісі «Батыс Европа – Батыс Қытай» магистралының бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстанның да туризмдегі мүмкіншілігі өте жоғары», – деді.

Ия, экономиканы ілгері бастыруға туризмнің маңызы зор. Жыл сайын облысымызда 40-50 туристік нысан іске қосылуда. Бұған мемлекеттің де, кәсіпкерлердің де қызығушылығы жоғары. Себебі, туризм жылжымайтын мүлік. Ол жыл сайын табыс түсіреді. Екіншіден, өндірісте және ауыл шаруашылығында жаңа технология дамыған сайын қол күшіне сұраныс азаяды. Ал туризм, керісінше көп адамның күшін қажет етеді. Өйткені сервистік салаға жұмысшылар, адамдар қажет. Яғни, туризмді дамыту арқылы жаңадан көптеген жұмыс орындары ашылады. 

217

2016 жылы Шымкентте өткен «Астана.ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу жәрменкесінде Ұлыбританиядан келген туризм саласының Бас директоры Марк Ахмед біздің облыстың үлкен туристік хаб екендігін, Әбунасыр Әл-Фарабиді, Түркістан, Отырарды әлемге мақтанышпен таныстырып, осы мүмкіндіктерді пайдалану керектігін айтып, шет елдерге насихаттау жұмыстарын жақсартуды ұсынған еді. Сондықтан:

– Алдағы уақытта шет елдерде өтетін «WTM 2017» туристік көрмесіне облыс делегациясының қатыстырылуы ұсынылса және шет елдік туристік операторлармен байланыс орнатылса; 

– Шет елдік басылымдарда облыстың туристік мүмкіндігі туралы ақпараттық-жарнамалық мақалалар шығарылса; 

– «ONTUSTIKTOURISM-2016» халықаралық туристік форумда көтерілген мәселелер, ұсыныстар іске асырылса. 

Біз көп жылдан бері туризммен айналысамыз. Шымкент қаласында түрлі белгілер, медаль, сувенирлер шығарып сатып жатырмыз. «Арыстанбаб» кесенесі аумағында 2014 жылы құрылысы біткен 6 бөлмелі жаңа жекеменшік қонақ үйіміз бар. Зияратқа келген адамдарға, саяхатшыларға қызмет жасаудамыз. Әсем киіз үй тігіп, келген меймандарға қазақтың ұлттық тағамдарын, қымыз, қымыран ұсынып жатырмыз. Өткен жылы Ұлыбритания, Нидерланды, Франция т.б. көптеген шетелдерден саяхатшылар келіп, киіз үйдің керемет ұлттық нақыштағы ою-өрнектерін суретке, бейнетаспаға түсіріп алып кетті. Меймандарға біздің ұлттық тағамдармен қымыз, құрт, қолдың сары майы, қауынқақ, қымыран қатты ұнайды. Олар ежелгі Отырар қаласының өңіріне, халқының тыныс-тіршілігіне үлкен қызығушылық білдіруде

2. Мен екі рет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ –ның көпкүндік оқу семинарына қатысып, сертификат алдым. Бірнеше рет қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктерге бардым. Банктер өздерінің филиалдары жоқ аудандарға бармайды, қаладан 40-50 шақырымнан алыс жерлердегі кәсіпкерлермен жұмыс жасамайды. Біздің ұсынып отырған жобамызға өздерінің банкінде мұндай бағдарламаның жоқ екенін алға тартады. Өздеріне ыңғайлап бағдарлама, жобалар жасап алған. Осылайша Ұлттық қордан, басқа да қаржы институттарынан бөлінген миллиардтаған теңгелер шалғай ауылдарға жетпей қалады. Көп жылдан бері қаржы институттарына, банктерге барып, несие ала алмай жүрмін. Жалпы облыста, қалада несие сұрап ала алмай жүрген кәсіпкерлерде есеп жоқ, зерделеу жұмыстары жүргізілмейді. Әркім өздігінше түрлі жолдар іздеп жүр. Облыстық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық басқармалары мен қалалық осындай тиісті бөлімдер сараптама жасап, мемлекеттік реттеу жұмыстарымен айналысса, дұрыс болар еді.

70898877 aszalt01

Қазақстанның әйелдеріне ЕБРР (Европейский Банк Реконструкции и Развития) банкінен 8 млрд.теңге несие беріледі дегенді БАҚ-нан оқып, біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Л. Рамазановаға өтініш жаздық. Әйткенмен көмек жоқ. Өтінішті аудан әкіміне жіберді, біз хатымызға жауап та ала алмадық. Жуырда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Абай Сарықұловпен кездесуінде облыс әкімі 

Ж.Түймебаев отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде екінші деңгейлі банктер белсенділік танытуы керек, - деді. 

А.Сарықұлов біздің облыстағы 4 банкке қаржы құйып, жобаларға қолдау көрсеттік деген пікір айтты. Біздің несие алуымыз үшін Ұлттық банк жұмыс жасап, ол үшін қаржы ұйымдары несие беру шарттарына түзетулер енгізіп, кәсіпкерге дер кезінде көмек қолын созуы тиіс. 

3. Жылыжай ашуға 1,4 га жер учаскесін сатып алдық. Жуырда өткен облыс әкімінің облыс тұрғындары алдында есеп беру кездесуіне құрылыстарымыздың төбесіне арзан бағамен күн батареясын сататын мекемені табуға көмек сұрадық. Менің сұрағым және берілген жауап облыстық газет бетінде жарияланды. Енді «Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында» маркетологтармен бірге жұмыс жасап жатырмыз. 

2015 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Катар еліне барды. Астанада күн энергиясын пайдаланатын, батарея шығаратын зауыт салынатын болған еді. «Казатомпром» басшысы келісім шарт жасады. Облысымызға арзан күн сәулесін пайдаланатын күн батареялары әкелініп осы мәселе қолға алынса дейміз. 

kf9t57ZsAKnEpXhX630220VTSI5x104. Үш жылдан бері Астанадағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасына, палатаның облыстағы және аудандағы филиал басшыларына өтініш жазып, «Астана.ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен қазақтың ұлттық-тағамдарын (қауынның қағы, қауынқұрт, ыдыстағы қымыран, т.б.) және ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын (сувенир кілемше, алаша, қоржын, торсық, домбыра, гобелен т.б.) сатып, жұмыс жасау үшін көрмеден орын ала алмай жүрміз. ЭКСПО-2017 көрмесінен тегін немесе жеңілдікпен орын алуға жәрдем беру жөнінде жуырда өткен облыс әкімінің облыс тұрғындары алдында есеп беру кездесуіне сұрақ бердік. Сұрағым және берілген жауап облыстық газет бетінде жарияланды. «Астана.ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі басшыларына облыстық кәсіпкерлік, индустриялық–инновациялық даму және туризм басқармасы басшыларының тарапынан № 25-06-04/407 хат жолданыпты. Біз мәселе шешіледі деп үлкен үміт артып отырмыз. Себебі соңғы үш жылда халықаралық көрме басшыларына, Астанадағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және облыстық филиалы басшыларына онға жуық өтініш хат жолдадық. Көрмеден сауда жасауға орын алу мәселесі шешілмей тұр. Ендігі үмітіміз облыс әкімі тікелей өзі араласып көмек берсе деп өтінеміз. «Астана.ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде шетелдік қонақтардың облысқа көптеп келуі күтілуде. Шымкент қаласы бойынша 2 күндік туристік маршрут әзірленіпті. Біз келген туристерді Отырар ауданының тарихи-танымдық нысандарын аралап қайтуға экскурсия маршрутына енгізіп берсе деген өтініш айтқымыз келеді. Біздер меймандарды қарсы алар едік. Осы мәселе қолдау тапса, ауыл туризмі бір серпіліп, туризмнің дамуына үлкен үлес болар еді.

5. «ОҚО туризм индустриясын дамыту орталығы ассоциациясы» мен «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жетекшілері Ұлыбритания, Канада өзге де елдердің өкілдерімен,отандық кәсіпкерлермен облыста туризмді дамыту жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Біз шет елдік туристік ұйымдармен байланысып, бірге жұмыс жасағымыз келеді. «Туризм индустриясын дамыту орталығы ассоциациясы» мен «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жетекшілерінің көмегіне мұқтажбыз. Туризм саласына инвестиция тартқымыз келеді. 

6. Көптеген елдердің тәжірибесінде шағын кәсіпкерлікті қолдаумен белгілі бір министрліктің департаменті айналысады. Оңтүстік Кореяда әкімшілік жанында технология мен сапаның Ұлттық институты, үкіметтік несиелер кепілдемелер жүйесі, арнайы ашылған кәсіпкерлердің банктері бар. Қытайда кәсіпкерлердің шетелдік ынтымақтастығын үйлестіру орталығы мемлекет көлемінде жұмыс жасайды. Үкімет осы бағыттар бойынша жұмысын жандандыра түссе деген тілек-өтініштеріміз бар.

13623882177. Қазір қажетсіз болып қалған тері мен жүн ауылдық жерлерде шашылып жатыр. Ауылда ешкім сатып алмайды. Жаңа технологияларды еңгізу арқылы қалдықсыз өндірістер ұйымдастырылса. 

8. Ұлттық қордан және басқа да қаржы институттарынан бөлінген қаржылар ауылға көбінесе жетпей жатады. Ауылдық жерлердегі үйлерді кепілдікке алып, несие беретін «Фермер банк» ашылса. 

9. Ауылдық жерлерде микроқаржы ұйымдарының саны көбейіп, қызметі дамытылса. 

10. Ауылда ақпараттық, консалтингтік, транспорт-логистикалық орталықтар желісі құрылса. Егілген өнімдерді, әсіресе бақша өнімдерін дер кезінде сату өзекті мәселе болып түр. Пісіп кеткен өнім тез сатуға жіберілмесе, көбінесе жарамсыз болып қалып жатады. Отандық тауарларды экспортқа жіберу орайында сервистік-ақпараттық қолдауға өте мұқтажбыз. 

11. Кәсіпкерліктің субьектілерін мемлекет тарапынан қолдауға, инфрақұрылымды тиісті көлемде қаржылар бөлу арқылы дамытуға және инвестициялық ахуалға Үкімет тарапынан көңіл бөлінсе. Қаржы бөлсе. 

12. Ауылдық жерлердегі аналарды, әйелдерді, қыз-келіншектерді жұмысқа тарту бағдарламасы бойынша арнайы гранттар бөлсе. Үйлерінде отырып түрлі гобелен, кілем, кілемше, алаша тоқып, қоржын жасап, сувенирлер дайындап, кәсіпкерліктің, әрі ұлттық қолөнердің дамуына үлестерін қосар еді.

Последнее изменение Пятница, 31 Март 2017 10:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.