«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!»

Пятница, 07 Апрель 2017 08:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8593 раз

«Жастық шақ – ерлік жасайтын кезең» деген екен француз жазушысы А. Стендаль. Осыны ұлы Абайдың:

DSC 0086«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қияға салған шақ», – дейтін өлең жолдарымен ұштастырғымыз келеді. Біз осы жалындап, жанып, арындайтын шағымызда немен айналысып жүрміз? Артымызға бұрылып қарағанда, не көреміз? Адамзаттың Абайы хақында «Абай жолын» тудырған көрнекті қаламгер Мұхтар Әуезов небәрі 20 жасында өзінің алғашқы пьесасын жазып, сахнаға шығарған еді.

Ал атақты Шоқан Уәлихановтың 23 жасында Қашғарияға сапары сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Бар-жоғы 29-ақ жыл ғұмыр кешкен ол ғылымда ашылмай жатқан аралды ашып кетті.

Әйгілі Саттар Ерубаев та көктей солған қазақ жазушыларының бірі. Небәрі 23-ақ жыл өмір сүрген ол 16 жасында Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түсіп, 19 жасында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 20 жасында Музыка театрының директоры қызметіне дейін өскен. 

Ғани Мұратбаев та 23-ақ жас жасаған. 19 жасында Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болды, Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторлық қызметін атқарды. 

Сәкен, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Бейімбет... жалпы, Алаш арыстарының қай-қайсысының да өмір сүрген кезеңі, қызметтік жылдары дауылды дүрбелеңмен тұспа-тұс келген. Қиын-қыстау кезеңде қынаптан қылыш суырғандай ұлттың сөзін сөйлеген. Олар ғұмыр кешкен заманда мемлекеттік қызметте, шығармашылықта, білім-ғылым саласында дәл қазіргідей жан жақты ыңғайлы жағдай мен орасан мүмкіндіктер болған жоқ. 

Біз, ХХІ ғасырдың жастары, өзімізге берілген тарихи мүмкіндікті тамаша пайдалана білуіміз керек. Ірі болу дегенді, биік болу дегенді алыстан іздемей-ақ, өзіміздің тарихи тұлғаларымыздан үйренейікші, достар!

anyqtama  27 1

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 09:06
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.