Шымкенттің аяқ киімдері: бағасы мен сапасы қандай?

Понедельник, 17 Апрель 2017 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 11953 раз

Естеріңізде болса, Елбасы биылғы Жолдауында Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеген еді. «Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек. Бұл жұмысты, әсіресе, өңірлік деңгейде атқару маңызды», – деген болатын Президент. Осыған орай біздің өңірімізде де шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Шымкентте аяқ киім шығаратын екі бірдей фабрика бар. «Заря» және «Софи» деген отандық өндірушілердің өнімі бүгінде дүкен сөрелеріне жетпей-ақ таусылып қалады. Себебі, қарапайым халық Қытайдан келетін арзан аяқ киімнен гөрі сол бағадағы өзіміздің өнімдер әлдеқайда сапалы әрі тиімді екенін ұғынды.

 

20170329 100118 Burst01«Софи»-дің тауары – табиғи таза былғарыдан

Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімінің бір маусымды аяқтар-аяқтамас «шаруасы бітсе», «Софи»-дің аяқ киімдерін бірнеше маусым алаңсыз киесіз. 

– Біздің аяқ киімдер табиғи таза былғарыдан, тері, күдері былғары (замшевая кожа) мен лакталған былғарыдан, шүберектен де жасалады. Ерлер мен әйелдер, жасөспірімдерге арналған аяқ киімдердің бағасы да қолжетімді, жаздық аяқ киімдер – 7-8 мың теңгеден, ал қыстық аяқ киімдер – 10-15 мың теңгеден сатылуда, – дейді «Софи» аяқ киім фабрикасының басшысы Артық Марайымов. 

Кейіпкеріміз аяқ киім шығару өнерін әкесі Сәйдікәрімнен үйреніпті. 1950-60 жылдары Сейдікәрім қария Шымкенттегі танымал етікшінің бірі болған деседі. Әкенің қанымен берілген қолөнерлік қасиет Артықты да осы салаға жетелеген. 1976 жылы қалалық оқу-өндірістік комбинатты оқып тәмамдаған соң, кәсіби маман атанады. Шебер өзінің «Тассай» атты жеке кооперативін ашып, шаруасын 90-жылдардың орта тұсына дейін дөңгелетеді. 1994 жылы нарықтың аумалы-төкпелі кезеңінде бұл кооператив жабылғаннан кейін Марайымовтар отбасы басын шалмаған кәсіп қалмаған шығар. Азық-түлік дүкені, асхана, қала берді көлік жөндеу орталығын да ашып, бизнестің әрқилы түрлерінде бағын сынап көрген. Алайда, әу бастағы қанмен берілген қолөнершілік – ата кәсіптен артығы жоқ екенін түсінген Артық Сәйдікәрімұлы қайтадан аяқ киім шығару саласына бет бұрады. Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2015 жылы немере қызының есімін еншілеген «Софи» деген атпен кәсібін қайта бастайды. Етікші өзінің Момышұлы, 23 мекенжайында жеке учаскесінен шағын дүкен мен цех ашқан. Бұл фабриканың Шымкент қаласындағы «Спорт» шағынауданында тағы бір дүкен-бөлімшесі бар. 

20170329 095216

Атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіпті әулет болып жалғастырып келеді. Артықтың бауырлары мен балалары да осы шаруаға ден қойған. Ал жары Сахабат Марайымова – фабриканың тігіншісі. Отбасы мүшелерінен өзге кәсіпорын 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы – 50-60 мың теңге көлемінде. 

Шебер былғары мен теріні, тігуге қажетті жіп іспетті шикізаттың барлығын негізінен көрші Өзбекстаннан және Жамбыл облысынан, сондай-ақ Шымкенттің өзінен алынатынын айтады. Ал аяқ киім табанының дайын үлгісі Қытайдың фабрикалары мен Өзбекстан, Түркиядан әкелінеді.

 

Өнімдерін ЭКСПО көрмесіне апарады

Артық Марайымовтың айтуынша, күніне 10-15 аяқ киім саудаланады. Фабриканың айлық тауар айналымы шамамен 1 400 000 мың теңгені құрайды. Әзірге Қазақстанның Астана, Алматы, Түркістан, Жетісай секілді қалаларына жөнелтілуде. Кәсіпорын алдағы жазда ЭКСПО көрмесіне қатысуға дайындық үстінде. Ал жергілікті базарларда «Софидің» аяқ киімдері сатылмайды. Неге десеңіз, базар сатушылары Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімдерді арзан бағада сатып алып, үстеме ақысын көп қойғанды жөн санайды. Бірақ, бағасы қолжетімді әрі сапалы аяқ киім іздегендер Момышұлы көшесіндегі «Софи» дүкенін адаспай-ақ тауып алады. 

20170329 100545

«Софи»-дің аяқ киімдері қалай тігіледі?» деген оймен біз де кәсіпорын цехындағы жұмыс үдерісін бақылап көрдік. Алдымен аяқ киімнің үлгісі пішіледі. Одан кейін қолмен былғары мен астары біріктіріліп, мәшіңкеде, қалған кейбір жерлері қолмен тігіледі. Мысалы, бір аяқ киім түске дейін пішіліп, тігілсе, түстен кейін жапсырылып, қыздырылып, кептірілуге жіберіледі. Сонда бір жұп аяқ киім бір күнде дайын болады. Шеберханада 10 шақты шебердің барын ескерсек, күніне 10 аяқ киім сатуға шығарылады. 

Фабрика тігіншісі Сахабат Суярқызы сәуір айында әйелдер аяқ киімінің түрі көбейетінін жеткізді. Егер «Даму» қорынан қолдау алса, кәсіпорынды кеңейтпек ниетте. Ол үшін әйелдер аяқ киімінің сан түрлі үлгісі мен былғары, терілері дайын тұр. Бұған дейін негізінен ерлер аяқ киімін шығарып келдік. Ал сәуірден бастап әйелдердікін де саудаламақпыз.

 

Кәсіпке адалдық керек!

Ешкімнің қолдауынсыз, таза өз еңбегімен қазіргі нарықтық жағдайда бүтін бір фабриканы ұстап тұрған кәсіпкердің жанкештілігін айтпай кетуге болмас. Кәсібіне деген, еңбекке деген сүйіспеншілік оны бүгінгі дәрежесіне жеткізді. Осындай отандық өндірушінің қолынан шыққан табиғи таза былғарыдан жасалған туфли мен сандалдар, етік түрлері және спорттық аяқ киімдерін іздесеңіз, «Софиден» табасыз. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, еліңе пайдаң тисін десең, қазақстандық өнімді сатып ал! Өйткені, отандық өндірушілер мемлекет қазынасына салық төлеп қана қоймай, азаматтарға жұмыс орнын ашып береді.

 

«Заряға» бас сұғатындар көп

20170329 162833

20170329 164337Шымкенттегі аяқ киім шығаратын атақты «Заряны» білмейтіндер некен-саяқ. Кеңес кезінде дәурені дүркіреген фабрикадан бүгінде Қырғы базардың маңайындағы ұядай үш бөлмеде шығарылатын аяқ киімдер қалған. Бір бөлмесі – цех, екінші бөлмесі – дүкен, үшіншісі – қойма. Осында «Заря» сауда белгісімен, арнайы фирмалық қораптағы аяқ киімдер өңіріміз бен көрші облыс тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағада қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, тағы бір бөлімшесі жұмыс істеуде. 

Бұрынғы «Заря» 1992 жылы заманның қиын-қыстау кезеңінде қаржылық дағдарыстан жабылып еді. 2011 жылы кәсіпорын жетекшісі Әлімжан Ибрайымовтың көзсіз тәуекел етуімен «Заря» нарыққа қайта келді. 

«Заря» кәсіпорны жалпы саны 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге.

«Барлық істе дерлік ең қиыны – басталуы» деген екен бір ғұлама. Әлімжанға да бір кезде құрдымға кеткен кәсіпорынды қайта ашып, маркетингін жолға қойып, еңсесін тіктеу оңайға түскен жоқ. Осыған дейін тек өзінің қаржысымен әупірімдеп келген кәсіпкер жуырда Кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер жүргізіпті. «Даму» қоры «Заря»-ның өнімдерін көрмелерге тұрақты түрде қатыстырып, клиент санының күрт артуына септігін тигізген. Ал қуантарлығы, палата таяу уақытта шеберханаға алып ғимарат бермек. 

Біз барғанда «Заряның» аяқ киім дүкеніне кіріп-шығушылар көп екен. Олар құр қол емес, бір-бір қорапты қолтығына қысып шығуда. Тіпті, клиенттердің көптігінен кәсіпорын жетекшісі Әлімжан Ахметжанұлы бізбен сұхбаттасудың сәтін әрең тапты. 

– Біз сұранысқа сәйкес аяқ-киімдердің түрі мен үлгісін өзгертудеміз. Енді Үкіметтен қаржылай қолдау болса, брендке айналатын күн алыс емес. Өйткені, біздің аяқ киімді алған адам міндетті түрде қайта келеді, – дейді Әлімжан Ибрайымов.

 

Денсаулыққа пайдалы

Мұндағы аяқ киімдердің бағасына келсек, қымбат деуге де, арзан деуге де келмейді. Қолжетімді бағадағы балалар аяқ киімін – 5-7 мың, әйелдердікін – 4-9 мың, ерлердікін – 5-12 мың теңге аралығында алуға болады. 

20170329 161514

«Заряның» аяқ киімдері Алматы, Тараз қалалары мен Оңтүстіктің барлық аудандарына шығарылады. Дәл қазіргі уақытта Петропавл және Семей облыстарынан аталған фабриканың өнімдеріне сұраныс түсіп жатқанға ұқсайды. 

Цех бригадирі Шуһрат Асанов шеберханада бір күнде 70-80 жұп аяқ киім дайындалса, оның 40-50-і сатылып кететінін айтады. 

– Біздің аяқ киімдер таза былғарыдан жасалады. Үсті – қара малдың, астары – қойдың терісінен істелінеді. Резіңкелі, арзан, жасанды теріден жасалған аяқ киімдерге қарағанда денсаулыққа да пайдалы. Аяқты терлетпейді, – дейді Шуһрат. 

Мұнда ерлер аяқ киімінің 100, әйелдер аяқ киімінің 40 түрі бар. Шикізаттың барлығы шетелдерден және көрші облыстардан алынады. Мәселен табаны мен бауы, былғарысы – Ресей, Түркия, Семей, Тараздан, аяқ киімдерге арналған крем – Қытайдан әкелінеді. 

«Заря» аяқ киім шеберханасы да – отбасылық кәсіп. Жетекшісі Әлімжанның өз ұлы мен інілері, туыстары және цех бригадирі Шуһраттың баласы да осы жерде еңбегімен несібесін тереді. Кәсіпорын жалпы саны 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге.

 

Тобықтай түйін.

Екі фабрикада болып, басшыларымен сұхбаттасып, жұмыс барысынан байқағанымыз қазір кәсіби аяқ киім шеберлері жоқтың қасы. Кеңес кезінде қаламызда аяқ киім тігушілерді дайындайтын оқу-өндірістік комбинат болған. Бірақ ол кейіннен жабылып қалған. Сол оқу ошағының соңғы түлектері бүгінде өңір тұрғындарын аяқ киіммен қамтамасыз етіп отыр. «Заряның» да, «Софидің» де басшылары – сол қалалық оқу-өндірістік комбинаттың түлектері. Шымкенттің аяқ киімі брендке айналуы үшін алдымен кәсіби маман даярлайтын оқу ордасын, тым болмағанда, факультет ашылуы керек.

Последнее изменение Понедельник, 17 Апрель 2017 06:17
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.