Агросектор: шаруашылықпен жаңаша айналысу

Среда, 26 Апрель 2017 10:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4580 раз

(Жалғасы. Басы газеттің
№26, 28, 29, 30-шы нөмірлерінде)

57430fd963854Нақты мысал

Мәселені керекті және пайдалы іске айналдыруға орай мысал ретінде, жеке қасапханалардағы жағдайларды келтіруге болады. 

2016 жылы сот шешімімен Шымкент қаласындағы Дулати көшесінің бойындағы жеке үйлерде орналасқан қасапханалар жабылды. Өйткені, осы кәсіппен айналысатын адамдардың жануарларды ұстау туралы ережеге сәйкес қасапхана ашуға рұқсаты болмағандықтан, біз оларды жаптық. Меншік иелері мал союмен айналысуды жасырын түрде жалғастырып келгендіктен, жеке қасапханаларды жабу мәселесін түбегейлі шешу керек болды. Әкімдікке «Біз малды таза және ұқыпты соя аламыз, мал сою технолгиясының барлық қыр-сырын білеміз. Бірақ сіздер біздің жұмысымыздан айырдыңыздар», – деп ондаған отбасы өкілдері өз уәждерін айтқан.

Сонда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов оларға: «Келіңіздер, әкімдік тарапынан сіздерге жер береміз. Сіздер өздеріңіздің кооперативтеріңізді немесе ЖШС ұйымдастырыңыздар, инвестжобаларыңызды құрыңыздар, сонда деңгейі басқаша болады» деген ұсыныс жасады.

Нәтижесінде, бүгінгі күні "Бозарық" елдімекенінде қасапхана, дәлірек айтсақ, уақытша малды күтіп-бағу, бордақылау және союға арналған мамандандырылған кәсіпорын салынды. Небәрі жарты жыл ішінде бір гектар жердің аумағына барлық қажетті өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық үй-жайлар салынды. Кооператорлар жұмысты құны 220 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба аясында өз қаражатына орындады. Қазір оларға құны шамамен 16 миллион теңге заман талабына сай келетін заманауи құрал-жабдықтар сатып алу қажет. Құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат кооперацияның пилоттық жобасы бойынша да қаралуда. Жаңа кешенінің ашылуы жаз айларына жоспарлануда. Бұл – біз жоғарыда айтып кеткен ірі кооператив құру туралы көрнекі мысал болмақ. Енді бұрынғы ұсақ фермерлер барлық санитарлық-техникалық, тіпті өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату жағдайы жасалған ірі мал сою кәсіпорындарының иелері болды.

Айтпақшы, кооператорлар қазірдің өзінде жаңа кәсіпорынның қуаттылығын толығымен пайдаланатын мал ұстайтын жеке қосалқы шаруашылықтарды тартумен өз қызметтерін кеңейтуде. Болашақта бұл – жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру және ірі кооперативтер құру жоспарында, Шымкент үшін өте жақсы мысал. 

Келешекте жалпы алаңы 57 га болатын типтік жобадағы үйлерден басқа, жылыжайлар салу құрылысымен агроқалашық құру жобасы зор үміт күттіруде. Инвестицияның жалпы көлемі 15,6 млрд теңгені құрайды, ал егер, қосымша жерді қосқан жағдайда 45 млрд теңгеге дейін өседі, осы жобаға мемлекеттің қатысу мөлшері МЖӘ жағдайында және 1 млрд теңгеден аспайды. Жобаны орындаушылар, бұл жылыжайлар жабдықтары мен панельді үйлер өндіретін өнеркәсіп бойынша зауыттардың иелері, «Асар» құрылыс қонысын салуда тәжірибесі бар ірі жергілікті инвесторлар жобаның нәтижелігіне күмән туғызбайды.

Өйткені, құрылғалы отырған агроқалашықтың базасында агротехнологияның және халықты әлеуметтік қорғау талаптарына сай келетін жаңа типті кооперативтік агроқалашық көз алдымызда құрылуда. Біз осы жобаға барлық қолдау шараларын көрсетуіміз қажет, себебі, мұндай үлгідегі шаруашылық мекенін сатып алатын отбасы мүшелері тек үй-жаймен ғана қамтамасыз етіліп қоймайды, сондай-ақ несиелерін жылдам қайтаруға мүмкіндік беретін жұмыспен де қамтылатын болады.

Сонымен қатар, қаланың жүзеге асырғалы отырған Сайрам ауылында аумағы 10 га жерге мал сою цехы бар «Жібек жолы» сауда-саттық кооперативтік кешенін салу, сондай-ақ «Сандыбаев» мал базарын шекаралық аймаққа көшіру және дайындап-өткізу кооперативін құру жобалары қызығушылық танытып отыр. Қаланың аграрлық секторында тек осы жобалардың ғана жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. 

2016 жылы қаладағы «Сайрам сыйлары» кәсіпорнында жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу бойынша жаңа желі іске қосылған. Кәсіпорынның қуаты артып, шикізат өңдеу көлемі 9,7 мың тоннаға жетті, жобаның құны – 227 млн теңге. Осы бизнестің иесі қаланың тек фермерлік қожалықтарын ғана емес және жеке қосалқы шаруашылықтарын тарта отырып, агроөнеркәсіптік кооператив құру бойынша ұсыныс жасап келді.

Сонымен қатар, қала шекарасын кеңейту мерзімі кезінде 89 бордақылау алаңдары, 72 отбасылық сүт фермасы, үш сүт қабылдау пункті бар шағын жобалар іске қосылды. Нәтижесінде 882 жұмыс орындары құрылды. "Сыбаға", "Алтын асық", "Құлан" бағдарламаларының жүзеге асуы 2-5 есе орындалды. Осы шағын бизнес түрлерінің иелері көптеген біздің қала азаматтары сияқты (ЖҚШ, ЖК, ЖШС және кооперативтер иелері) жаңа агроөнеркәсіп кооперативтерін ұйымдастырушылар және оның негізін қалаушылар болып табылады.

Ендеше, құрметті оқырман, сіздің көз алдыңызда жаңа тарих құрылғалы отыр және сіз оның белсенді қатысушысы бола аласыз. Іске сәт!

 

Тимур БАЙМҰХАНОВ, 
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экономика ғылымдарының докторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.