Өнер мен шебер шешімі

Среда, 26 Апрель 2017 10:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6956 раз

IMG-20170414-WA0022

«Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр». Елбасы Н.Назарбаев жуырда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай деді.


Президенттің мақаласынан кейін ой үстінде қалдық. Расында, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері де өсіп-өркендеу жолында қанша тарихи кезеңдер мен сәттерді басынан кешірді. Егемендік алған елең-алаң шақта әркім қал-қадерінше күнкөріс қамын күйттеді. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Алтын жіп» перде салонының басшысы Батырхан Нұрбеков. Нарықта 15 жылдан бері перде тігіп, сатумен айналысатын кәсіпкер тағдыр талайында сан рет таласқа, күресінге түсті. Сүрінді, құлады, арпалысты, ақыры арманына жетті. Алдымен оның неден бастағанын баяндайық. 

IMG-20170414-WA0016

Негізі Батырханның жоғары білімі жоқ. Жетісайда жүргенінде аудандық «Тұтынушылардың құқын қорғау департаменті» ЖШС-де бір жылдай жеке инспектор болып жұмыс істегені бар. Сол кезде айлық жалақыға әрең шыдап күнелткен еді. Табиғатынан тың,тынбай қимыл-қозғалыста жүретін кейіпкерімізге жалақы қолға тиетін айдың соңын күту қиынның қиыны болды. Сөйтті де, Батырхан Нұрбеков 2000-шы жылдары Мақтарал ауданынан Шымкентке қоныс аударды. Жаңа ғасырдың басында өлместің күнін кешу үшін ол сол кездегі «Көл» аталған базарда (қазіргі «Қырғы базар») картоп сатты. Қара базарда картоп сатып жүргенінде, әйелі Тоғжан үйде құр отырмай, бұрынғы «Чайка» қол мәшіңкесімен пердеге тапсырыс алып тіге бастайды. Жеке тапсырыстар көбейгеннен кейін Батырхан да келіншегіне көмектеседі. Бала кезінен бар тірлікке икемделіп өскен оның қолынан тігін тігу де келер еді. Бұған дейін Жетісайда көйлек-шалбар тіккен-ді. Ерлі-зайыптылар 2,5 жылдай үйде перде тігіп, сатумен айналысады. Тапсырыс көлемі мен табыс артқан сайын жанына тігінші алу қажеттігі туындайды. Екі бөлмелі үйін төрт бөлмеліге ауыстырып, шәкірттерімен бірге сол үйінде перде тігеді. Өздері тапсырыс алып, клиенттің үйінің терезесінің өлшемін өлшеп, перде дайын болған соң апарып іліп беретін қосымша қызметті де атқарады. Тұтынушылардың көңілінен шығып, шаруасы дөңгелей береді. Үйден бөлек 3 бөлмелі шеберхана ашады. Бішкектен 10-15 бума мата әкеліп перденің түр-түрін тігіп, базарға сатылымға қояды. Кейіннен Тәуке хан көшесінің бойындағы бір дүкенді жалға алып, Түркиядан мата әкеледі. Кәсіп кеңейген сайын сапаға мән бере бастаған кәсіпкер енді түріктің масаты, жаккард, тафта (жұқа жібек мата), атлас, т.б. іспетті алуан түрлі матасын тасиды. Қытайдан да әкелмек болып, бір-екі рет барған. Бірақ, бәрібір түріктің матасы сапалы болып шыққан. Пердеден бөлек «Алтын жіп» дүкенінде пердеше (жалюз) мен фурнитура заттарының алуан түрі сатылымда. 

IMG-20170417-WA0012

«Алтын жіп» кәсіпорнының негізі 2002 жылы қаланған. Бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оның бесеуі – Батырханның отбасы мүшелері. Әйелі Тоғжан – дизайнер, ұлдары Мағжан мен Бисұлтан тауар жеткізу мен шопырлық жұмыстарды атқарады. Қызы Ботагөз пердеге ою ояды, жастық тігеді, қолөнермен айналысады. Білдей бір ҚазҰУ-дың қаржы мамандығын алып шыққанымен, ата-анасының кәсібі оң жамбасынан келіп, осы салаға бет бұрған. Батырхан қазір ою өрнектелген перделер сұранысқа ие болғандықтан, таяуда ою оятын арнайы білдек (станок) сатып алмақ ойда. Бүтін бір отбасы ешкімге иек артпай, осылайша өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Дүкен қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы – 60 мың теңге. 

– Кәсіпкерлер палатасынан қаржылай қолдау алдыңыздар ма? – дедік ағаның табыс сырын білмек болып. 

– Жоқ, олар түрлі ұсыныстар жасады. Бірақ, мен өз арбамды өзім сүйрегім келеді, – дейді кәсіпкер.

IMG-20170417-WA0014

Батырхан Молдакәрімұлының айтуынша, «Алтын жіптің» 15 жылдан бері тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Мұндағы перде бағасы әр түрлі, 100 мыңнан жоғары бағада сатылады. Сапасы жақсы болған соң, бағасы да қымбаттау. Мәселен, метрі 20 мың теңгелік перделер бар. Ал перденің биылғы трендтеріне келер болсақ, ағымдағы жылы ашық түсті перделер сән үлгілерінің қатарында.

Әсілі, перде тігу – әйел адамның жұмысы. Ал Батырхан соған қарамастан, арланбай перде тікті, сатты. Аяққа тұрған соң тігіншілер алды. Бүгінде ол перде тікпейді. Жеке кәсіпкер дүкеннің ұйымдастырушылық, қаржылық жағын басқарады. Ешқандай жоғары білімсіз, қолдаусыз, өз күшімен, еңбегімен кәсіп ашып, тасын өрге домалатты. Иә, еңбек – бәрін жеңбек. Батырхан әлі де еңбектене бермек. Еңбегі еш кетпесе екен!

Последнее изменение Среда, 26 Апрель 2017 11:02
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.