Версия для печати

Елбасы: Биыл Шымкенттің халқы миллионға жетеді

Четверг, 27 Апрель 2017 11:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6333 раз
Оцените материал
(0 голосов)
DSC 4591Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстікке жасаған сапары кезінде қарқынды бау өсіру және жеміс-жидектерді сақтаумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Онда Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалып, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі ұсынылды.
 
Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған серіктестікке бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. «Агробизнес-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиенің есебінен 400 млн теңге алған қожалық басшылығы бүгінгі таңда ел қазынасына 607 млн теңге салық түсірген.
 
Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден делишес», «Гала», «Айдаред» алхоры мен шиенің «Стенлей» атты шетелдік сұрыптарын кездестіруге болады. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді. 
 
 
Сапар барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Мемлекет басшысына Шымкент шаһарының бүгінгі даму жоспарын таныстырып, жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент Сити» іскерлік және тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары жөнінде баяндады. Сонымен қатар, Президент аталған бау шаруашылығының ғимаратында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, елімізде қызу қолдауға ие болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жайында әңгімелесті.  
 
– Мен таяуда жариялаған мақаламда заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесін жан-жақты баяндаған болатынмын. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу. Оңтүстік өңірі бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді. Облыс орталығы Шымкент қаласының дамуына да мемлекет тарапынан жоғары деңгейде көңіл бөлінуде. Үшінші мегаполистің халқы биыл миллионға жетеді деп жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
 
Жиында сөз алған жазушы-журналист Мархабат Байғұт пен белгілі кәсіпкер, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-нің бас директоры Серікжан Сейітжанов Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталып, онда айтылған мәселелердің елдің әлеуетін нығайтуға зор септігін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ Оңтүстік жастары атынан Елбасына ізгі лебізін білдірген Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков бүгінгі таңда жастардың білім алуына және кәсіпті меңгеруге үлкен қолдау бар екенін атап өтті.
 
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев кездесу соңында Оңтүстікте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы өз деңгейінде екенін тілге тиек ете келе, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Президент өз сөзінде ірі табысқа жетуде қоғамның рухани жаңғыруы қажет екендігін, бұл жолда жаңа міндеттерді іске асыратын білімді де, білікті мамандар екенін ерекше қадап айтты.
 
– Оңтүстік – еліміз үшін ерекше маңызы бар аймақ. Мұнда 800-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Өңірдің туризмнің ордасы болуға да мүмкіндігі мол. Ендігі ретте облыста шағын кәсіптің одан әрі қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Кәсіпкерлік – экономиканың басты тірегі. Мен мұны үнемі айтып келе жатырмын. Мәселен, Германия бюджетінің 80 пайыз табысы шағын кәсіптен түсіп отыр. Оңтүстік халқы еңбекқор, шаруаның көзін таба біледі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды игілікке пайдаланып, осы саланы барынша жандандыру қажет, – деді Елбасы қорытынды сөзінде.
 
Последнее изменение Четверг, 27 Апрель 2017 15:17
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.