Түркі әлемінің тұтастығы дәріптеледі Избранное

Среда, 17 Май 2017 04:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5250 раз

Өткен ғасырдың басында қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастаған еді. Уақыт өткен сайын тұтас Түркі әлемі осы бір сөзге көбірек көңіл аудара бастағаны байқалады. Оның бір дәлелі, рухани астанамыз Түркістан шаһарында өткен «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты тақырыпта өткен халықаралық медиафорумы.

12-4

Ауқымды шара «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ұйымдастырылды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясы ұйытқы болған бұл медиафорумға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Башқұртстан елдерінің ірі БАҚ басшылары қатысты. Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл шараның мән-маңызына тоқталды.

– Ақпараттық кеңістік құрудағы басты мақсатымыз – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сияқты түркі елдерімен қатар Жер шарындағы түркі қауымдастықтарымен ақпарат саласында ынтымақтастық орната отырып, жедел ақпарат алмасу, баспасөзде серікестік құру, түбі бір түркіге ортақ тарих, мәдениет, білім, өнер, рухани құндылықтарды бірге насихаттау болмақ. Яғни, ол біздің бірлігімізге, рухани, саяси және экономикалық байланыстарымыздың нығаюына жұмыс істейтін үлкен дүние болады деген сенімдемін, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

13-2-1

Сонымен қатар, форумда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі халықтарының мәдени, рухани интеграциясындағы ақпарат құралдарының маңызын баяндап өтті. Форум жұмысына қатысқан түркі тілдес журналистер мемлекеттер арасында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру жайын сөз етіп, өзекті тақырыптар төңірегінде кеңінен пікір алмасты. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі форум аясында қабылданған негізгі мәселелерді тарқатып айтып берді. 

– Түркі елдері арасында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ телеарна құру және ақпарат кеңістігін қалыптастыру бойынша тапсырмасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, оған қолдау көрсету – жиынның басты мақсатының бірі. Сондай-ақ түркі елдеріне ортақ құндылықтар мен рухани мұраларды, киелі жерлерді, ортақ тұлғаларды айқындап, елдігімізді бірге насихаттау, бір-бірімізбен ақпарат алмасулар арқылы бір-бірімізбен бөлісіп тұрсақ деген ұсыныс бар. Ол әлеуметтік желілер, ақпарат агенттіктері, басылымдар арқылы болуы мүмкін. Ортақ мәдениетіміз бойынша Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт ата сияқты сериалдар түсіруді ұйымдастыруға ұсыныс жасау. Мұндай ұсыныстар бұған дейін де болған. Сол жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Түркі әлемі журналистерінің достық клубын Түркі Академиясы жанында құруға ықыластымыз. Біз бұл міндетті өз мойнымызға аламыз. Сосын жақсы ұсыныстар мен баяндамаларды, материалдарды басып шығару, оны тиісті мекемелерге, мемлекет басшыларына жеткізу. Осындай жобалар бар. Бүгінгі жиын алдағы үлкен кеңестердің басы болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Қыдырәлі. 

10-5

Ортақ телеарна ашу мәселесі де журналистер форумында назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте түркиялық «NTV» телеарнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе телеарнаның ғимараты Түркістанда болуы тиіс деген ұсынысын жеткізді. Басқосуда сөз болған келелі мәселе төңірегінде Түркі кеңесінің жоба жетекшісі Джейхун Шахвердиев, «TRT-Avaz» телеарнасының директоры Мұрат Аккоч пен бас кеңсесі Брюссель қаласында орналасқан «EURELIZ» Медиа және стратегиялық коммуникациялар компаниясының директоры, журналист Эли Хаджиевалар да өз пікірлерін білдірді. Түркі елдері үшін ашылатын ортақ телеарна құру мәселесі туралы ұсыныстар ескеріліп, барлық мемлекеттердің министрліктеріне жолданатын болды. Бұл мәселе сондай-ақ «ЭКСПО -2017» халықаралық көрме аясында өтетін Еуразиялық медиафорумда да талқыланбақ. 

Форумда шынайы жанашырлық сын да айтылды. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп болашақта түркі баласының кез келген жетістігін кеңінен насихаттап, маңызды оқиғаға айналдыруымыз керек екенін айтты.

2-3 

– Бірлік қарапайым нəрселерден де байқалады. Мысалы, жуырдағы əнші Димаш Құдайбергеннің жеңісі түркі тілдес елдердің БАҚ-тарында сондай бір қуанышпен атап өтілмегенін байқауға болады. Əрбір түркі баласының жетістігі бізді біріктіретін маңызды қадам болуы тиіс. Түркі баласы ғарышқа ұшатын болса да, жаңағыдай үлкен жетістікке жететін болса да біз сол ақпараттың маңыздылығын кеңінен көрсетуге тырысуымыз керек. Мәселен сол Димашты Франция еліндегідей шақырып, Түркияда, Әзірбайжанда, Қырғызстанда шақырып ән айттырса, несі айып?! Алдымызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне бауырлас елдердің танымал әншілері келіп, қазақ, түрік елдерінде ән айтса деген ойлар келеді, – деп ұтымды ұсынысын жеткізді белгілі журналист. 

Форум барысында Түркі əлемін насихаттаған журналистерге Исмаил Гаспыралы сыйлығы тапсырылды. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «2016 жылғы үздік дипломат-елші» атағымен марапатталды. Әлем журналистері ұйымының шешімімен берілген бұл сыйлықты ұйым басшысының орынбасары, белгілі журналист Орxан Селен мырза табыстады. Осы ретте, аймақ басшысы түркі елдерінің рухани байлығын молайтуға қосқан елеулі үлесі үшін халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Форумда түркітілдес мемлекеттер арасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу туралы келісімге келді.

Последнее изменение Среда, 17 Май 2017 05:54
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.