×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Халық сенімінен шығу – басты талап Избранное

Среда, 17 Май 2017 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3281 раз

Шымкент қаласында өткен жылы тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық дерегі алдыңғы мерзімдермен салыстырғанда 7,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде, әсіресе, аса ауыр және ауыр қылмыстар саны едәуір азайып отыр.

59197f6adfdc0

Елімізде құрылғанына 1 жыл толған жергілікті полиция қызметі қазіргі таңда өткен мерзімді саралап, алдағы міндет-жоспарларын бағамдау үшін жергілікті тұрғындар алдында есеп беруде. Яғни, сала мамандарына тұрғындар алдында жылына 2 мәрте есепті кездесу өткізу жүктелген.

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейрханның есепті кездесуіне қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сала басшысының айтуынша, қала аумағындағы құқықтық тәртіпті сақтауға және нығайтуға бағытталған шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Бір жылдың ішінде құқыққорғаушылар түрлі бағыттағы 87 рейдтік шарасын ұйымдастырған. Өткен кезеңдермен салыстыра алғанда, кісі өлімі – 8,8 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 6,5, зорлау – 48, қарақшылық – 30, бұзақылық деректері 24,5 пайызға төмендепті. Дегенмен, сала басшысы азаматтардың мас халде жасаған қылмыстарының саны едәуір артып отырғанын да атап өтіп, қынжылыс білдірді. 

18447986 1366328826780882 1281289000 n-696x463

– Қазіргі таңда тіркелген жалпы қылмыстардың жартысынан көбін мүліктік қылмыстар, оның ішінде, бөтеннің мүлкін ұрлау деректері құрауда. Бұл ретте, әрбір төртінші ұрлық ұялы телефонға қатысты болып отыр. Дегенмен, деректерді ашу көрсеткіші 56,7 пайызға жақсарғанын да баса айтқым келеді, – деді Данияр Мейрхан.

Жарыссөзге жазылған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай өз кезегінде, сала қызметіндегі ширата түсетін тұстарды атай отырып, учаскелік инспекторлар мен жергілікті тұрғындар арасын жақындата түсу қажеттігін жеткізді.

– Бертінге дейін ауыл ішінде қандай да бір құқықбұзушылық деректері тіркелер болса, күдіктілерді учаскелік полиция қызметкерлері дөп басып, тауып ала қоятын. Себебі, кімнің қандай мінез-құлықты адам екенін ел ішінде жүрген инспекторлар бағамдай білетін. Бүгінде өкінішке қарай, тұрғындар өз инспекторларын танымай да жатады. Біздер, ардагерлер кеңесі, ата-аналар, ұйымдар мен мекемелер инспекторлар қызметіне лайықты қолдау, жәрдем көрсетер болсақ, сол деңгейге қайта оралған болар едік, – деді Исамуддин Нәштайұлы.

Жарыссөзге шыққан қалалық мәслихат депутаты Ермек Дәрменов қаланың шалғай орналасқан елдімекендерінде жол-патрульдік полиция қызметін жиі жүргізуді ұсынды. Ермек Аманжолұлының пікірінше, осы арқылы құқықбұзушылық деректері жиі орын алатын аумақтарды тұрақты бақылауда ұстауға болар еді.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің студенті Талғат Есжанов ерікті жастардың қызметін, мүмкіндігін мейлінше кеңінен пайдалану қажеттігін жеткізді. Ол үшін де жоғары оқу орындарында құрылған жастар ұйымдарының белсенділері қолдан келген көмегін ұсынуға әзір. 

bbc101439011acca93dfd50d88f7751fd5028e80

Мұнан өзге де, өз ұсыныс-пікірлерін айта келген азаматтар әсіресе, пәтер ұрлығының, ұйымдаса жасалған қарақшылық әрекеттердің жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

– Қазіргі таңда, облыс орталығында прокуратура қызметінің бастамасымен «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асуда. Мақсат – қала аумағындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендету. Бұл бағытта, көпқабатты тұрғын үйлерді жүйелі бақылауға алу мақсатында 479 бейнебақылау қондырғысы жұмыс істеуде. Әсіресе, бұған дейін жиі сынға алынып келген «Нұрсәт» және 8-шағынаудандарда бақылау күшейтілді. Сонымен қатар, ватсап әлеуметтік желісі арқылы «көршілер бақылауы» жобасы да қолға алынды. Әл-Фараби және Қаратау аудандары бойынша 44 көпқабатты үйде әлеуметтік желілер байланысы жүйеге қойылған, – деді Д. Мейрхан.

Айтылған сын-ұсыныстарға орай тиісті жауап берілді. Яғни, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету бағытында бүгінде 149 азамат «полицияның қоғамдық көмекшісі» ретінде тіркеліп, қызмет етуде. Отбасылық-тұрмыстық қатынастағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында, «Қауіпсіз қала», «Құқықтық тәртіп», «Қадағалау», «Тұрмыс», «Шартты» жедел сауықтыру іс-шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Нәтижесінде, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар саны – 18, ал отбасы-тұрмыстық қатынастағы қылмыстар саны – 25 пайызға төмендеген.

Дегенмен, өткен жылда кәмелетке толмағандар қолымен жасалған қылмыс көрсеткіші 48,4 пайызға өсіпті.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов саладағы өткен мерзімде атқарылған жұмыстарды оң бағалай отырып, полиция қызметіне алдағы уақытта тұрғындардың үлкен сенімі мен жауапкершілігі артылатынын жеткізді. Бастысы, сала мамандарының осы жолда күткен үдеден шыға білеріне сенім білдірді.