Табыстың формуласы – талпыныс пен тәуекел

Пятница, 26 Май 2017 05:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4660 раз

18527292 425930161111053 3483463645755434704 oКәсіпкерлік саласында креативті ойлайтын азаматтардың бірі – Алтай Айнабек. «Nuray Construction» компаниясының директоры Шымкенттің жаңа келбетін жасауға тырысып жүр. «Арман», «Шұғыла» және «Sofia Towers» тұрғынүй кешендерінің авторы. ҚР Сәулетшілер одағы аталған тұрғынүй кешендерін үздік жоба ретінде таныған.
Белгілі кәсіпкер жаңадан кәсіп ашып немесе іс бастағысы келетіндерге өзінің кеңестерімен бөлісті.

Білім үшін күрес

Кәсіпкерлік – үнемі дамып отыратын сала. Біз енді қол жеткізіп жатқан білім экономикасы дамыған елдерде әлдеқашан ескіріп қалған. Мысалы бұрынғы сымсыз телефон мен бүгінгі смартфонның арасы жер мен көктей ғой. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ең басты нәрсе – білім деп ойлаймын. «Өзіңді дамытуға инвестиция қысқа мерзімде, кемі 15 есеге өседі» деген тұжырым бар. Бірде аустралиялық бизнес кеңесшіден бір кісі: «10 000 $ бар, қандай бизнес ашсам болады?» деп сұрапты. Сонда «ақшаны өз біліміңе жұмсау керек» деген кеңес алады. Кәсіпкердің кеңесін бұлжытпай орындаған әлгі кісіден жаксы кәсіпкер шығады. Менің өмірден түйгенім, кәсіпкер болу да бір талант. Біреу кәсіпке икемді болып туылады, екіншісі білім арқылы өзінен кәсіпкер жасайды.

15283914 338326213204782 3365526726499777877 n

Тәуекелсіз іс бітпейді

Өткен ғасырда зерттеушілер «бизнесмен болу үшін IQ деңгейі жоғары болуы керек» деп есептеуші еді. Дәл қазір оны теріске шығарып, бизнесменнің басты қаруы – тәуекелшілдік, EQ (эмоциялық интеллект), одан кейін қайсарлық екенін дәлелдеп отыр. Демек бизнес бастағысы келетін адамдар осы 3 нәрсені меңгеруден бастау керек. Бұл қасиетті бойына дарытпаған адам жақсы менеджер болуы мүмкін, бірақ өз кәсібіңді дөңгелетуге жеткіліксіз.

 

Ортаны дұрыс таңдаңыз!

Менен жиі сұрайтын сұрақтардың бірі, ол «бизнесті неден бастау керек?». Жалпы бизнес бастау үшін ортаңды зерделеп алуың керек деп есептеймін. Бұл туралы батыстың бизнес жаттықтырушылары жиі айтады. «Араласатын он адамыңның бір айлық табысын өз ойыңша қосып, сол 10 адамға бөлгенде сенің айлық табысыңның мөлшері шығады», – дейді олар.

13872872 277654545938616 1240236335752693520 n

«Бизнес – ақша генераторы» дейтін болсақ, бұл қағиданы тура мақсатта пайдалану керек. Бұл дегеніміз – ертеден келе жатқан мақалдар, хадистер, аңыз-әфсаналар. Мәселен «Маған жолдасыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтайын» дейтін мақалды алайық. Немесе ертеде 100 адам өлтіріп, тәубе жолын іздеген адамға бір дана кісі «ортасын ауыстыруы керек екенін айтып, ол жерден кету керек» деп кеңес береді. Бұдан шығатын қорытынды: журналист журналиспен, жазушы жазушымен, ұстаз ұстазбен пікірлес болатыны сияқты, кәсіпкер болу үшін, кәсіпкер сияқты ойлау үшін, шешім қабылдау үшін кәсіпкермен араласуы керек.

 

Кедергіні жеңіп үйреніңіз!

Бизнес — үлкен сынақ. Мен өз жұмысымда күнделікті әр түрлі кедергілерге кезігемін. Ешқашан жылтыр мұзда сырғанағандай болған емес, болмайды деп те ойлаймын. Өйткені бизнес тек сынақтардан тұрады. Кедергі болған соң адам сүрінеді, құлайды, тек нағыз кәсіпкер ғана қайта тұра алады. Майк Тайсонның: «Егер сен құлап барып тұрсаң, бұл – физика емес, мінез» дейтін жақсы сөзі бар. Сол сияқты бизнес күнделікті соққы жасайды. Кейбіреуі айналып үлгермей жатып, маңдайыңа тиеді, сол кезде тұра білу керек. Бизнесің құлашын кеңге жайған сайын проблемалардың да көбейетінін естен шығармау керек. Жетістікке жетудің жеңіл жолы болмайды.

18595293 427869714250431 4407331372985332290 o

Кәсіп пен отбасыны қатар алып жүріңіз!

Кітап сататын дүкендерде «Табысқа қалай жетуге болады?» деген сипаттағы көптеген кітаптар бар. Барлығы дерлік бизнес туралы. Демек адам санасы «жетістік» сөзін көбінесе бизнеспен ассоцияцалайды. Бірақ бизнес – бақытты болу жолы емес екені анық. Проблемасы көп кәсіпкер, өкінішке қарай, отбасы, жеке бастың бақыты мәселесіне көп көңіл бөле алмай жатады. Осы жерде бір ортақ шешім табылуы керек.

 

Дұрыс қарым-қатынас түзіңіз!

EQ – эмоциялық интеллект. Бұл бір ауыз сөзбен айтқанда, қас-қабақтан түсіну. Форбстың мүшелерін зерттегенде, «5»-ке оқыған адамнан нашар бағаға оқығандардың саны көп екен. Тереңірек зерттей келе, олардың эмоциялық интеллектісі дамығанын пайымдайды. Жақсы кәсіпкер болу үшін көшбасшы болу керек. Ал көшбасшы көптеген адамдармен жұмыс істейді. Тұтас ұжым кәсіпті алға дөңгелетеді. Бұдан шығатыны: жақсы бизнесмен қарамағындағы қызметкері болсын, бизнес серіктесі болсын адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі керек! Яғни, адамдардың қас-қабағына қарап амал етуі өте маңызды. Қызметкердің төбесінде тұрып, «менің айтқанымды ғана істе!» деп емес, оның білімін, идеясын, тәжірибесін жұмыста пайдалану керек. Атақты Стив Джобс: «Ақылды адамды жұмысқа алып, оған нені қалай істеу керек екенін айту – ақымақтық», – дейді. Сол үшін эмоциялық интеллект (EQ), (IQ) мәліметтер жиынтығынан маңызды деп ойлаймын. «Табыстың көзі – мынау» деп айта салатын нәрсе емес. Өйткені әр келесі қадам өткен шақтағы тәжірибеге байланысты. Ең маңыздысы, іске кірісіп, бастау керек. Адал жолдарды анықтап, қиындықтарға қаймықпай, біліммен қатар тәжірибе жинау керек.

13925013 280376512333086 8601672328081929524 n

Кеңесшімен кеңесіңіз!

Тағы бір қосарым, бизнес кеңесшілермен де кеңескен дұрыс. Олар көбінесе өздері жаксы кәсіпкер болмаса да, дұрыс жол көрсете алады. Ол – теңбіл доптың жаттықтырушысы іспетті. Футболшы жаттықтырушыдан да мықты доп тепкенмен, ол сияқты жөн көрсете алмайды. Білікті кеңесші сырттай бақылап, орынды ақыл-кеңес бере алады. «Сырт көз – сыншы» деген осы ғой.

 

Кәсіпкер – жұлдыз болуы керек!

«Қоғамда кәсіпкерлікті дамытуға не жетпейді?» десе, біздің арамызда көптеген мықты кәсіпкерлер бар, солардан жұлдыз жасау керек деп айтар едім. Өйткені қазір көп жастар, мәселен Баян Есентаева мен басқа да әнші, әртістерді ғана көріп, соларға еліктейді. Шенеуніктер де көгілдір экран мен әлеуметтік желіден түспейді. Әрине, одан кейін жастар солардай болғысы келеді. Кәсіпкерлерді де танымал етсек, өскелең ұрпақ соларға ұқсағысы келеді. Біздің қоғамда жемқорлыққа жол бермей, адал ақша тауып, жұртқа жұмыс беріп жүрген кәсіпкерлер аз емес, соларды көбірек насихаттау керек деп ойлаймын. СССР кезінен «байдың бәрі сараң» деген қасаң пікір қалыптасқан. Ондай ойдан арылып, жастардың бизнеске барынша тартылғаны елге, қоғамға үлкен пайда әкелері анық. Маргарет Тэтчер «Мемлекеттік ақша деген болмайды, салық төлеушілердің ақшасы деген бар» деп айтқанындай, мемлекетті құрайтын ұлт кәсіпкерлікті жақсы меңгерсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Бай-бақуатты, әлемде өзіндік орнымыз болуы үшін, бірінші кезекте кәсіпкерлікті дамыту керек деп ойлаймын.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.