Кондуктор, саған айтам...

Пятница, 26 Май 2017 09:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3479 раз

немесе

қоғамдық көлік мәдениеті қашан түзеледі?

 

...Сағат кешкі 19:30 шамасы. «Дархан» автовокзалы аялдамасынан №84 бағыттағы қоғамдық көлікке мініп едік. Үйге жеткенше «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткердік. Автобус жүргізушісі үш аялдамадан кейін жолаушыларды артында келе жатқан көлікке ауыстырды. Мұның себебін техникалық ақау деп түсіндірді өзі. Әрі қарай да осы жағдайға куә болдық. Жүргізуші «Мега» сауда үйі аялдамасында тағы он минут күттіріп қойды. Сөйтсек, оның да автобусы бұзылғанға ұқсайды. Амал жоқ, үшінші автобусқа ауысып, ақыры үйге де жеттік-ау.

DSC 0151

Тәртіпсіз жүргізушілер жұмыстан қуылды

БАҚ беттерінде, әр түрлі жиын-жиналыстарда қоғамдық көлік мәдениетін көтеру жиі айтылып жүр. Түзелсе деген шырыл ғой. Жүргізушілердің де, кондукторлардың қоғамдық ортада тәртіп сақтауы – өзекті мәселеге айналғаны қашан?!. 

«Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, қоғамдық көлік қызметі жаңа сатыға көтерілуі тиіс. Мегаполис шаһарда қоғамдық тәртіп, адамдардың қарым-қатынасы жоғары мәдениеттілікке жетпек ләзім. 

Қуантарлық жағдайлар да бар. Жолдар жөнделіп, автобустар жаңарды. Көлік компанияларының бәрі де бірыңғай формамен қамтылған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл қалаға 230 жаңа автобус әкелінеді. Шалғайдағы, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайтын 10 әлеуметтік маңызы бар бағытта 100 автобус жүрмек. Бұған мемлекеттік бюджеттен көмек беріледі. Автобустардың алғашқы легі маусым айында келмек. 

Жалпы, қалада күнделікті 430-450 мың жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. 29 көлік компаниясы тұрғындарды 75 бағыт, 1200 кесте бойынша тасымалдайды. Бұл – ауқымды қызмет. Мәселеге байыппен қарасақ, негізінен, тәртіпсіздіктің басты себебінің бірі – жұмысқа салғырт қарауынан болып тұр. 

Қоғамдық көлік те – көпшілік орын. Оның да өз мәдениеті, өз тәртібі бар. Барлық іс-қимылымыз көпшіліктің көз алдында. 

Таяуда ғана № 84, 92 бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушілері жаға ұстасып қалып, екеуі де жұмыстан қуылған еді. 

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1 наурыздан бастап аялдама атауларын дұрыс, мәдениетті түрде айту, көше аялдамаларында айқайламауға тапсырма берілген. Тапсырмалардың орындалуы қалай? Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев бізді біршама жағдайлардан хабардар етті. Ұсыныстарын да тыңдадық. 

nad– Тапсырмаға сәйкес, рейдтік іс-шаралар өтіп жатыр. Қоғамдық тәртіпті бұзған 15-ке жуық кондуктор жұмыстан шығарылды. Орта жолдан тастап кететіндер де анықталып отыр. Бұл жағдай бұрынғымен салыстырғанда біршама реттелді. Компания басшыларымен де мәселені талқыладық. Жалпы, қоғамдық көліктер сағат таңғы 7.00 мен кешкі 21.00 арасында жүруі керек. Заңға сәйкес, жалпы жоспарланған бағыттың 70 пайызын орындаса, ол дұрыс болып есептеледі. Тиісінше, 20.00 мен 21.00 аралықта да 70 пайыз жүргізу мәселесі талқыға түсіп жатыр. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің басшыларына өз ұсынысымызды айттық, – дейді сектор меңгерушісі. 

Тағы бір айта кетерлігі, қала әкімдігі қоғамдық көліктердің уақытылы бағытқа шықпауы, кестеден кешігу себебіне байланысты 13 компания арасында келісім-шартты бұзған. Бұл компанияларға тиесілі 8 бағыттың ісі дәл қазір сотта қаралып жатыр. Алты бағыт бойынша келісім-шарт қайта түзіліпті. Он жылға созылған келісім бойынша енді компаниялар 120 күн ішінде бағыттарды түгел дерлік жаңартуы тиіс. Талап осындай. Орындамаса, келісім-шарт қайта бұзылады. 

 

Неге Нәзір Төреқұлов көшесі демейміз?

Қалада көлік компанияларының бәрі жекеменшік. Жұмысқа кімді алатындары өздерінің еркінде. Кондукторларға деген талапты да күшейтіп жатыр-ау. Бірақ...

Аялдамаларды хабарлаудағы тіл тазалығына деген құрмет кемшіндеу түсіп жатыр. Баяғы жартас, сол жартас әлі де... Қазір де «Карл Маркс», «Баумана», «Некрасова», «Полторацкий» деп айтудан арылмай-ақ тұр. Рысқұлов көшесін Рысқұлова дейтін сабаздарды қайтерсің?...Карл Маркс көшесі – М. Х. Дулати, Некрасов көшесі – Нәзір Төреқұлов, Попов көшесі – Ақназар хан, Полторацкий көшесі – Илияев көшесі аталғанына жиырма жылға жуықтады. Бірақ біз әлі күнге дейін ескі сарыннан айырылмай келеміз. 

Ойланатын жағдай. Тыл ардагері Өркен Әбдіреев көптен бері осы мәселені көтеріп жүр. Қоғамдық көліктердің басшыларымен де жиі кездеседі. Кондукторларға да ескертеді. Бірақ, нәтиже жоқ. 

orken– Аялдамалар қазіргі қазаққа еңбегі сіңген азаматтардың атымен аталады. Бұл – өте қуантарлық. Бірақ оны дұрыс атамайтынымыз ұятты жағдай. Аялдамалардың атауын толық, қатесіз айтуға не кедергі? Оған мысал жеткілікті. Мәселен, «Мардан Сапарбаевтан түсетін кім бар?» дейді. Ұят емес пе?! Арыстай азаматты қорлау ғой бұл. «М. Сапарбаев аялдамасынан түсетін кім бар?» деп неге толық хабарламайды? Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, елімізге қазақылық жағынан да үлгілі болса екен», – дейді ардагер. 

Жалпы, Ономастика комиссиясы бекіткен көше атауларын толық айту талабы қойылған. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кездесулер, семинарлар ұйымдастырып жатыр. Енді бұдан қорытынды шығару керек.

 

Электронды билет жүйесіне көшетін кез келді

Келешекте электрондық билет жүйесі енгізіледі. Технологияның дамыған заманында бәрібір осыған көшуге мәжбүрміз. Ондай жағдайда қоғамдық көлік қызметіндегі мәдениетіміз де артуы тиіс. Заман талабы осы. 

Бүгінде Астанада мәдениеттілікті көтеруге арналған мемлекеттік мекеме құрылыпты. Сол жерде кондукторлар, жүргізушілер оқытылып жатыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, бізде де осындай оқу орындарын ашу көтерілген. Өкінішке қарай, бұл мәселе шешімін таппаған. Ол – әзірге болашақтың ісі.

Электрондық жүйе туралы айқанда, бізде әзірге кей автобустарда дыбыс зорайтқыштар ғана бар. Оның өзі тіптен аз. Жалпы, электронды билет жүйесі енгізілген жағдайда кондукторлардың қызметіне сұраныс болмайтыны тағы айқын. Бірақ мамандардың пікірінше, бұл жүйеге көшуде кондукторлардың қызметінен түбегейлі бас тарта алмаймыз. Олай істесек, бір жарым мың кондуктор жұмыссыз қалмақ. Әрі екі тарапқа да кедергісі тиетін сыңайлы. Бұл мәселеде кейбір тұрғындардың жолақысын төлемей кететіні кездесіпті. Ал кондукторлар ақы төлеуге міндеттейді.

 

Қоғам болып атсалысатын мәселе

Тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби «Шымкент келбеті» газетінде тіл тазалығына қатысты дүркін-дүркін мәселелер көтергенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Коммунистермен, кертартпалармен күресе жүріп, көше аттарын өзгертуге қажыр-қайратын жұмсаған. Қабыл Тұрарұлы 90 жылдардан бастап Шымкент қаласындағы мемлекеттік тілдің ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосты. Ол кісінің табандылығының арқасында (1993-2001 жылдары қалалық ономастика комиссиясының хатшысы болған) қаладағы 600-ден астам көшенің атаулары қайта аталыпты. 

Бізге де осындай өз қаламызға деген жанашырлық керек. Қоғамдық көлік саласындағы мәселелерді шешуге әрбіріміз үлес қосуға әрекеттенсек. Тәртіпсіздікке куә болсаңыз немесе дұрыс хабарланбаса, сіз де де өз қайратыңызды танытыңыз. Орынды ескерту жасап, жөн сілтеңіз! Мұндай мәселеде әрбір азаматтың бойынан мемлекетшілдік, ұлтжандылық байқалып тұруы керек. 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі бұл мәселеге жауапты төрт адам, диспетчерлік қызметінде он екі адам қайсыбір келеңсіздікті реттеп үлгереді? Мінекей, қоғам болып атсалысатын кез келді.

 

P.S. Кеше таңертең №84 бағытқа міндік. Аялдамаларды айқайлап хабарлау тиылыпты. Жұмысқа келгенше даңғаза музыка да қойылған жоқ. Жолаушылардан да ешқандай өкпе-реніш, шағымын естімедік. Кондуктор жігіт Азамат Әшенов аялдамалардың бәрінің қазақша атауын жатқа біледі. Жұмысты бастағанына екі ай болыпты. № 2 колледжде құрылыс мамандығы бойынша білім алған. Көптен бері айтылып жүрген сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға ниетті. 
Шынтуайтында, жолаушыларды тасымалдау қиын да жауапты сала. Таң қылаңдап атқаннан, қас-қарайғанға дейін қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет ету ауыр еңбек. Дегенмен, қоғамдық ортада жауапкершілікке көңіл бөлуді де ұмытпаған жөн.

Последнее изменение Понедельник, 29 Май 2017 09:31
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.