Гидропоникалық инновация иірімі

Среда, 31 Май 2017 08:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6969 раз

Бір аптаның ішінде өніп, өсетін жасыл шөп көрдіңіз бе? Шымкентте KazAgro Green компаниясы небәрі жеті күннің ішінде жасыл қорек өсіріп шығарады. Шіліңгір шілденің аптап ыстығы ма, әлде қытымыр қыстың қақаған аязы ма, бұл мекемеге шөп өсіру ешқашан қиындық тудырған емес. Әдетте шаруалар қыс уақтысында жем-шөптен қиналып қалатыны белгілі жағдай.

DSC 1068

Кәсіпкер Бақытжан Көпбаевпен жыл он екі ай жем-шөптен қиналмай шығуға болады. Ол жыл бойына үзілмейтін қандай «құдыретті» шөп дейтін шығарсыздар?! Гидропоникалық қондырғыда өсірілетін, дәнді дақылдардан өсіп шығатын шөп. Гидропоника дегеніміз – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды қоректендіргіш ортада өсіру. Бұны ғарыштық технология десек те болады. Яғни, индустрия саласындағы инновациялық тың жоба. Қазақстанға аталған жобаның енгеніне екі-ақ жыл. Осы уақыт аралығында компания еліміз бойынша 14 гидропоникалық қондырғы қойып үлгерген. Компанияның Астана, Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент зауыттарында жұмыс істейтіндер санын жалпы есептегенде, 200-дей адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Ал Шымкентте 30 адам жұмыс істеуде.
Бақытжан Қонысбайұлы бұл кәсіпке қалай келгенін айтып берді және ақыл-кеңесімен де бөлісті.

13516603 813891542076573 852413861818796144 n

Кәсіпкер болудың ерте-кеші жоқ

Мен 2000 жылға дейін ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігінде және Шымкент қалалық Салық комитетінде қызмет атқардым. Одан кейін белгілі бір себептермен жеке кәсіпке кеттім. Жасыратыны жоқ, мемлекеттің жұмысында істеп жүріп те қосымша кәсіппен айналысқанмын. 2006 жылы әскерде бірге болған досым Саша Лаврешинмен Дубайда Alatau General trading (АGT) компаниясының негізін қаладық. Жасыл қорек технологиясын Қазақстан нарығына 2015 жылы KazAgro Green атауымен алып келдік. Әрине, біз бағаны бірден төмендетіп қойдық. Елбасы сол кезде «-50°С-та да шөп өсіре бересіңдер ме?» деп сұраған еді. Қыста күн райы -50°С-қа төмендеп кеткен кезде көп шаруашылықтарда сүт екі-үш есе азайып кетсе, «Ертіс» шаруа қожалығында керісінше сүт екі есе молынан болды. Ол – біздің гидропоникалық жасыл қоректі тұтынғанның арқасы. Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы 4 өңір бар: Өскемен, Қарағанды, Алматы және Шымкент. Осы төрт қалада кәсіпкерлікке керектінің бәрі табылады. Астана мен Өскемен, Шымкент қалаларында компанияның бөлімшелерін аштық.

DSC 1019

Өнім сапалы болсын

Жасыл қорек топырақсыз өседі. Бұған ешқандай қоспа қосылмайды, яғни, экологиялық таза. Біздің технология бойынша тек қана дәнді-дақылдарды, яғни, арпа, күріш, бидай, жүгері, соя, фасоль өсіре аламыз. Қытай, кәріс мейрамханаларында дәл осы технологиямен маш өсіреді. Маш төрт күнде, жүгері он төрт күнде өсіп шығады. Қалған дақылдардың дәнін жеті күнде өсіреміз. Бірінші тәулікте дән жара бастайды. Екінші тәулікте тамыр жіберіп үлгереді. Үшінші тәулікте тамыр байлайды. Төртінші тәулікте ол тамыр нығаяды. Бесінші тәулікте қатайып, бойшаңдап, биіктей бастайды. Алтыншы, жетінші күндері кәдімгідей биіктеп, жем-шөп ретінде дайын болады. Дайын болғанда тамырымен апарып, малға береміз. Жеті күннің ішінде бойына құнарлы заттарды жинап алады. Әсіресе тамырында пайдалы заттар өте көп. Протеин (28 %) сүттің майлылығын көтереді, май (5 %) құнарлылығын арттырады. Одан бөлек кальций, фосфор сияқты тірі ағзаға пайдалы өзге де заттар жеткілікті. Ең кереметі, бетокаротиндар мен А, К дәруменіне дейінгі витаминдердің барлығы да жасыл қоректің құрамында кездеседі. Адамға да, малға да пайдалы шөп қой.
Өзбектер Наурызда сүмәлак ұлттық тағамын жасайды. Олар бидай дәнінің көгергенін күтеді. Демек, бұл тек агросекторда ғана емес, тағам индустриясында да қолданылады.

DSC 1035

Бәсекенің болғаны жақсы

Алайда, Қазақстан нарығында бізге әзірге бәсекелес жоқ. Дегенмен, «KazAgro Green»-нің шетелде серіктестері бар. Жоғарыда бұл кәсіп алғаш Дубайда ашылғанын айтып едік. Қарапайым оқырманға түсінікті болуы үшін айтайық, біз шаруаларға шөп өсіріп бермейміз, сол шөпті өсіретін қондырғы орнатып береміз. Мысалы сіз шаруашылықпен айналысқыңыз келді делік. Егер біздің қондырғыларды орнатсаңыз, жер егіп, жыртып, суарып, шөп өсіріп, шауып басыңыз ауырмайды. Бір техника және бір адамның қатысуымен күніне 2 тонна шөп алуыңызға болады. Күн сайын 2 тоннадан алғанда жылына 730 тонна мал қорегі дайын. 730 тонна шөпті орып алу үшін сізге 240 гектар жер керек. Онсыз да жер жетпей жатқан кезде 240 гектарды сізге кім тауып береді? Мемлекет сізге «Шаруа баста» деп 1 гектар жер береді, «сиыр сатып ал» деп субсидия береді. Бірақ, жем-шөпті қайдан аласыз? Қазақстанда шөп орылып, таусылып біткен. Қыстыгүні сиырдың сүті де азаяды, сол кезде жем-шөп таба алмай қиналып қаласыз. Сол үшін шөп өндіретін зауыт қажет болады.

DSC 1013

 

Өнім қымбат болуы үшін инновацияны пайдалан

Қожалықтарға қондырғыны орнатып, дән салып береміз, қалай өсіру керектігін үйретеміз. Ары қарай шаруа өзі іліп әкетеді. Қазір Оңтүстік Қазақстанда бұл қондырғыны 29 миллион теңгеге қойып жатырмыз. Егер сіз менен сатып алатын болсаңыз, Үкімет сізге бірден 10 млн теңге субсидия береді де, қондырғының жалпы құны 19 млн-ға түседі.
Қондырғының ең арзаны – 130 мың, қымбаты – 36 млн теңге тұрады. Қымбаты – автоматтандырылған, күніне 2 миллион тонна қорек беретіні. Бұл түрін орнату үшін жапондық ультракүлгін және инфрақызыл сәулелері бар фитолампа пайдаланамыз. Ол қондырғының ішіне күн сәулесінің жарығын береді. 130 мың теңгелігі – бір сиырға жететіні. Үйде немесе қорада өсірсеңіз де, жылулық пен күн сәулесі қажет. Фотосинтез процесі жүріп, көп өнім өсе бастайды. Бұны өсіру үшін аса көп жағдай керек емес. Кешегі КСРО кезінде де көптеген мамандарымыз осыны өсірген. Бірақ, олар бұл істі ілгерілеп алға тарта алмады. Ылғалдылықты, суды, нәрін, бір сөзбен, бәрін бір мезгілде жеткізіп бермесеңіз, мына көк шөптің құрамында хлорофильден басқа ешнәрсе болмай қалады.
Ал қондырғының өзін қара темірден істейміз де, кейін оны қайнатамыз. Ылғалды жер болғандықтан, тот баспауы, бөлменің температурасы 20 °С-тан аспауы керек. Бұл қондырғы алюминий, гальваникалық жабын және пластиктен құрастырылады.

DSC 1028

«Әкенің малы балаға мал болмайды»

Білесіздер ме, әлемдік тәжірибеде көптеген ірі кәсіпкерлердің кәсібі өзі дүниеден озған соң бірден құлдырайды. Себебі, әкенің малы балаға мал болмайды. Бірақ, осы атақты тәмсілді екінші қырынан да қарастыру қажет. Егер кәсіп бастап, оны ілгерілетіп, жетістікке жетіп жатсаңыз, неге балаңызды да осы кәсіпке баулымасқа?! Егер икемі болса, бала да бұл шаруаны дөңгелетіп әкетеді. Сонда кәсібіңіз «өлмейді». Мәселен, біздің кәсіп – отбасылық. Екі інім мен үлкен ұлдарым да компанияға жұмыс істейді. 19 жасар ұлым Азамат мектепті үздік бағамен бітірді. ҰБТ-дан 125 балл жинады. Қазір Шымкенттегі зауыттың бүткіл қара жұмысын осы бала атқарады. Гидропоникалық қондырғының «миы» бар. Ол Америка, Италия, Тайваньнан әкелінген электронды аппараттар арқылы басқарылады.

 

Әлемдік тәжірибеге сүйеніңіз

Әлем бойынша Германия, Франция сияқты жылына 2 рет өнім алатын елдерге, Альпі тауындағы мемлекеттерге бұл технология керек емес, себебі, ол жақта жер онсыз да жап-жасыл болып жатады. Бұл біздің еліміз іспетті шөбі аз солтүстік және оңтүстік өңірлерге қажет технология.
2006 жылдан бері Сауд, Иран, Ирактан басқа Парсы шығанағындағы елдердің бәріне қойдық.

 

Кәсіп нәсіпті болсын

Егер сиыр асырасаңыз, бір литр сүтті 100-120 теңгеден сатасыз. Сиыр сауу да оңай шаруа емес. Оны қиналып сауып сатқанша, жеті мың долларға балмұздақ істейтін аппарат сатып алып, балмұздақ сатыңыз. Сонда жаңағы 120 теңгеге сатам деген сүтіңіз 1200 теңге болып, он есе қымбаттайды. Мәселен, біз ірімшікті жасау жолдарын үйретуге дайынбыз. Оның технологиясын Әзірбайжаннан әкелдік. Қарынның бүрінен алынған 2-3 грамдық тірі бактерияны 10 литр сүтке салсаңыз, 5 секундта ірімшікке айналады. Яғни, сүтті сүт қып сатқаннан гөрі өндірген жақсы, сонда шаруаға пайда көп келеді.
Жылына 20 пайыз табыс түспесе, ол бизнесті тоқтата салуға болады. Ал біздің елімізде жылдық табыс 50 пайыздан кем болмауы керек. Миллион доллар салсаң, жылдың соңына дейін 1,5 млн болуы керек.

 

Индустриялық карта жасаңыз

Кәсіп бастағысы келетіндерге кеңесім, өндіретін қосалқы бөлшектерін де индустриялық картаға түсіру керек. Мысалы, біздің кәсіпорын дәнді өсіріп, экологиялық тағамға қосатын шөпті де дайындайды. Салат жасайтын кәрістерге машты да өсіре аламыз. Бір ғана гидропоникалық қондырғы деп жазсақ, сізге қызықсыз болуы мүмкін. Басқа да өнімдер шығарып жатпасам да, шығара алатынымды білдіруім керек. Шетелде солай.

 

Тобықтай түйін

Гидропоникалық инновация – жаңа технология. Екіншіден, табысы жақсы. Үшіншіден, елімізде бұл кәсіпке бәсекелестер жоқ. Компанияның ең төменгі жалақы мөлшері – 40 мың теңге (күніне 2-ақ сағат жұмыс істейді), ал ең жоғарғысы – кризис менеджерлері 4,5 мың долларға (Дубайда) дейін алады. Ал өнімдерінің сатылуына келсек, Шымкенттен гөрі Шығыс Қазақстан облысының шаруаларында сұраныс көп. Себебі, Шығыс еліміз бойынша ет және сүт шаруашылығынан бірінші орында келеді. Әрі облыс әкімі Даниал Ахметов осы инновациялық технологияны, қыстыгүні жап-жасыл шөптің өсіп шыққанын көргенде, балаша қуаныпты деседі.
Бақытжан Қонысбайұлы бізді шығарып салып жатқанда дастарханынан дәм татқызды. Осы гидропоникалық шөппен қоректенген сиырдан алынған айранды ұсынды. Сенсеңіз, ана айранның майлылығы соншалық, стақанның жартысын зорға сімірдік. Сондай құнарлы әрі тойымды екен.
«Істің маңызды, маңызды емес екенін уақыт айқындайды» (Ә.Шілтерханов) дегендей, елімізге енді ғана енгізілген жаңа инновациялық технологияға тосырқап қарайтындар көп. Алайда, «KazAgro Green» компаниясының жылдық табысы мен тұтынушыға әкелер мол пайдасын көрсеңіз, «баяғыдан бері қайда қарап жүргенбіз?!» деріңіз сөзсіз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.