Қырағы бейнекамера қауіпсіздікке қызмет етеді

Пятница, 02 Июнь 2017 09:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2181 раз

Шымкент тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген жобалар қолға алынғаны белгілі. Бүгінде қаланың түпкір-түпкірінде бейнекамералар орнатылған. Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы тиімді шара өз нәтижесін беруде. Қондырғылардың жұмысын ОҚО Ішкі істер департаментіне қарасты Жедел басқару орталығы бақылайды. Жуырда орталықтың жұмысымен танысып қайтқан едік.

kyragy-kameralar-43 1

Жедел басқару орталығы аумағы үлкен залда орналасқан. Мұнда қаз-қатар 10 оператор отыр. Оларға артылған сенім жүгі ауыр. Күні-түні полицейлер шымкенттіктердің қауіпсіздігін күзетеді. Үлкен экранда қала көшелері мен қиылыстары алақандағыдай көрінеді. Оны тәулік бойы пульт басындағы бейнебақылау операторлары тапжылмастан қадағалайды. Монитордан қаланың әрбір нүктесінде болып жатқан тыныс-тіршілік көз алдыңда. Аялдамадағы адамдар, бағдаршамның жасыл түсін күткен жолаушылар, дамылсыз ағылған көліктер... Шымкенттің қым-қуыт тірлігі қайнап жатыр. Әзірге жол ережесін бұзған жүргізуші жоқ. Күдік туғызған ұры-қарылар да байқалмайды.

Мұндағы бейнекамераны бақылаушы инспекторлар тәулік бойы жұмыс істейді. Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары, кезекші бөлімінің бастығы Тимур Топишевтің айтуынша, қала тыныштығы қалыпты, өмір сүруге жайлы. Тәулік бойы қызмет атқаратын бейнекамералар қауіпсіздік саласының жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Бүгінде қала көшелерінде 479 бейнекамера жұмыс істейді. Оның 162-сі көше қиылысында, 176-сы қоғамдық орындарда орнатылған. Соңғы уақытта бейнекамера көмегімен талай қылмыстың жолы кесілді, талай ұры қолға түсті.


Атап айтқанда, жыл басынан 167 қылмыс анықталып, 8 тонау, 6 құқықбұзушылық, 10 автокөлік ұрлығы, 2 авторлық қылмыстық оқиғалары ашылған. Себебі – бәрі бейнебақылауда. 21 055 адам әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жазаға тартылса, қоқыс тастаған 533 адам айыппұл төлеген. 13 447 жүргізуші жол ережесін бұзған. Ал күн сайын құрылғылар арқылы 150-ге жуық әкімшілік-құқықбұзушылық анықталады.

 

 



Қауырт желі

Жедел басқару орталығының тыныс-тіршілігімен танысқан соң, «102» желісінің жұмысына куә болдық. Мұнда негізінен келіп түскен қоңыраулар тіркеледі. Сонан соң, тиісті орындарға хабарланады. Полицияның қауырт желісі толық автоматтандырылған. Оператордың компьютерінде телефон соққан адамның нөмірі көрінеді. Дыбыс автоматты түрде аудиожазбаға жазылып, қажет болған жағдайда дауысты теңдестіру үшін пайдалануға болады. Желі операторлары Сулейман Ахметәлиев пен Сурия Комардирова телефон қоңырауларының сағат 14.00-ден толассыз түсетінін айтады.

kyragy-kameralar-43 2


– Түс қайта қоңырау шалатындар көбейеді. Ал жұма, сенбі күндері хабарламалар легі толастамайды. Мерекелерде мыңға жуық, ал тәулігіне 600-700 қоңырау түседі,-дейді С. Ахметәлиев. Желі операторларының айтуынша, жанұялық жанжал, телефон, көлік ұрлығы туралы мәлімет алдыңғы орында. Қас қағым сәтте қоңырау келіп түсті. «Громова көшесінің жол айырығынан ер адамды қағып кетіпті». «Қайтпас-2» шағынауданынан үй тоналды», «Кеңседе 140 мың теңге жоғалды»...Бірнеше минут ішінде түрлі оқиғалар тіркеліп жатты. Ақпаратты қабылдаған желі қызметкері Сулайман Ахметәлиев пен Сурия Комардиева тиісті орындарға хабарлап жатыр.

Түскі үзілістен кейін 102-ге хабарлаушылар саны тіптен көбейді. Қолдарына бір-бір телефон ұстаған 2 кезекші оператор келген қоңырауларға жауап беруде. Желі қызметкерлері үшін әрбір минут маңызды. Қабылданған қоңырауды олар жедел түрде инспекторларға хабарлайды. Дегенмен желі операторлары мекенжай бойынша мәселенің көп екенін айтады.

– Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. Ол кім? Қайдан хабарласып тұр? Ал мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Ерігіп хабарласатын адамдар да аз емес. Олар біздің әрбір минутымыздың маңызды екенін ескермейді– дейді С. Ахметәлиев. Көршілер арасындағы дау-жанжал, кісі тонау сынды хабарламалар толастаған жоқ. Таңғы сегізден кешкі алтыға дейін «102» желісі 168 қоңырау қабылдады. Осы сәтте алаяқтық бойынша ақпарат келіп түсті. Шағымданушы азаматтың әлдекім сеніміне кіріп, 35 мың теңге ақшасын алдап алған. Желі қызметкері мұны үлкен залдағы бейнебақылау операторларына хабарлады. Бірі күдікті туралы баяндап, бірі полиция бөлімшесіне мәлімдеп жатыр. Аға инспектор Дәуренбек Жандаровтың айтуынша, «102»-ге негізсіз қоңырау шалатын тұрғындар да бар. Бірі ауласына сиыр кіріп кеткенін, бірі көлік қағып кете жаздағанын хабарлайды. Тіпті Қапал батыр мен Ш. Уәлиханов көшесінде тұратын екі зейнеткер күн сайын хабарласады екен. Қазір қарияларды учаске полицейлері жатқа біледі.


 


Жүргізушілерді «тәртіпке» шақыру қиын емес

Жедел басқару орталығының сол жағында инспектор Бақытжан Айтмырзаев отыр. Бейнекамера арқылы көліктердің жол ережесін бақылайды. Жол бағытын реттейді. Ал жүргізушілер болса, инспектордан бейхабар.
Мұнан соң Бақытжан Айтмырзаев құрылғыларға түскен оқиғалардың жазбаларын көрсетті. Таңертеңнен 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Ірі жол апаты жоқ. Жылдамдық арттырған көліктер бір-бірімен соқтығысқан. Мониторға көз салып отырғанымызда, көз алдымызда Ауди мен Некси соғысып қалды.

Инспектор жол ережесіне немқұрайлы қарайтындардың көп екеніне қынжылысын білдірді. Жедел басқару орталығындағы полицейлер күн сайын көлік оқиғаларының сан мәрте куәсі болады. Алайда инспекторлар өз қызметін мінсіз атқаруға тырысады. Жұмыс ауыр болса да, ару қыздар да ерлерше еңбек етеді. Жұмысына тиянақтылығын, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін көргенде сүйсінесің.


Уақыт 19.00-ге таяды. Кептеліс уақыты. Монитордан Тәуке хан көшесінің қиысылында жол қозғалысын реттеп тұрған жол сақшысын көрдік. Бірде оң жақ қапталды өткізуді айтса, бірде қарсы бетті жіберу керектігін ескертуде. Тұрғындар көбіне кептеліске жол сақшыларын кінәлі деп ойлайды. Алайда көше бойын бақылап тұрған бейнекамера мен инспекторларды аңғара бермейді.


Жылдан жылға қала аумағы үлкейіп, халық саны өсіп келеді. Содан болар, бейнекамералардың да қажеттілігі артып келеді. Жедел басқару орталығындағы барлық жазбалар бір ай мерзімге дейін сақталады. Ал қылмыстық оқиғалар мен құқық бұзушылықты айғақтайтын жазбалар дерекқорға жолданады. Бұл жазбаларды сот төрешілері, қорғаушылар, тергеушілер пайдалана алады. Алайда полицейлер бұрынғымен салыстырғанда жол ережесін бұзатындардың саны азайғанын, камера болғандықтан жан-жағына сақтықпен қарауды әдетке айналдырғанын айтады.

Последнее изменение Пятница, 02 Июнь 2017 10:04
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.