Менің Мемлекетім!

Среда, 21 Июнь 2017 09:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4679 раз

«Біз тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді сол тәуелсіздіктің касиетті белгілерін де ерекше қадірлеп, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы кажет, Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы». 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті

1427987727r5ztd

Жер бетіндегі барша халықтың, барлық мемлекеттің өзіндік бет-бейнесімен қатар ұлттық рәміздері аталады. Тіпті, желбіреген Байрағы, жарқыраған Елтаңбасы, ұрандаған Гимні сол ұлттың бітім-болмысын, жаратылысын әйгілеп тұратындай. Сол себепті де әркім өзінің рәмізімен мақтанады, рәмізімен қуанады. Жастарды отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеудің негізгі жолы – ұлттық рәміздерді насихаттау.

Ұлттық рәміздеріміздің тарихы ерте замандардан басталады. Өзге халықтар секілді қазақ елінің де әрбір ру-тайпасының өзіне тән таңба белгілері, жалауымен қатар Гимні болған. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинаған тұста мемлекеттік рәміздерді дайындау аса жауапкершілікпен қолға алынды. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік кеңестің талқылауына Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылған екен. 

Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері дүниежүзіне кеңінен танылды. Қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы әлемдік қоғамдастық толық мойындады. Аспанкөк туымыз БҰҰ-ның алдында және еліміздің шетелдердегі елшіліктері мен өкілдіктері орналасқан ғимараттарда желбіреп тұр. Сонымен қатар, әлемдік спорт бәсекелерінде еліміздің саңлақтары Әнұранымызды шырқап, Туымызды биіктерден көрсетіп жүр. Міне, бұл – тәуелсіздігіміздің, азаттығымыздың айқын көрінісі болса керек.

Рәміздер дегенде, жиі көзге шалынатыны, әрине, елдің байрағы. Ертеректе елдің байрағы бейбіт кезде құрметпен сақталып, тек жаугершілік кезде ғана шығарылған. Тудан айырылу ер-азамат үшін өліммен тең болған. Даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының: «Ту – қасиет! Ту – әскерлердің ар-намысы!» – деуі соның дәлелі. 

1992 жылдың 4 маусымы ел тарихына алтын әріптермен жазылған айтулы күн. Өйткені дәл осы күні Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі тәуелсіз елдің мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Дәл осы күні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көк Туға тағзым етті. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Ортасында күн, оның астында қалықтаған қыран, сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған Туымыз әрқашан биіктен көрінсін, асқақтасын деген тілек көкейді кернейді. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, сондай бір қиын-қыстау кезеңде ұлы дана бабаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би маңызды жиыннан кейін, Әбілхайыр хан үш жүздің басын қосып, Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатқан деген дерек бар.

Шындығында, рәміз – мемлекеттің төлқұжаты. Сол себепті, әрбір жасқа Отан, Қазақстан, туған жер мен ел туралы толық түсінік беріп, дүниетанымын кеңейту кемел келешектің кілті саналады. Ал бойында еліміздің ұлттық рәміздері туралы мақтаныш сезімі қалыптасқан ұрпақтың Отанына деген адалдығының менмұндалап тұрары анық. 

Жуырда ғана интернет желісінен бір әдемі бейнетүсірілім көрдік. Онда Түркия көшелерінің бірінде ағайынды екі баланың желбіреген Туды сүйіп, маңдайына басқаны анық көрсетілген. Қос бүлдіршіннің отаншылдығы кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады. Расында жас өскін балаларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, ел мен жерге, мемлекетке адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Гимнін қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу әрбір қазақстандықтың басты міндеті болуы тиіс. Сонда ғана еліміздің іргесі бүтін, шаңырағы берік бола түседі.

Ойды ой қозғайды. Осындайда «Көк тудың желбірегені» әні еріксіз ойға оралады. Әйгілі әннің авторы, ақын Алмас Ахметбек баспасөзге берген сұхбатында көк туымыздың көңіл толқытатын ерекше қасиеті барын айтады. 

– 1993 жылы азаттықтың он төртінші айында алғаш рет туған елімнің топырағына табаным тигенде, Қорғас бекетінен желбіреген Туымызды көрдім. Тудың құдіреті жүрегімді шарпып өткендей болды. Адамдардың асқақ сезімін аспаннан ағыл-тегіл шашып, мемлекеттілігі бар ел екенін меңзеп тұрған талай жұрттың желбіреп тұрған жалауын көріп жүрміз, бірақ сол сәтте көз алдымда тұрған ту мен үшін басқа еді. Ақында аяқасты келетін алақұйын сезім, шалқып келетін шабыт деген болады. Тап сол сәтте ту маған ғана арнап тіл қатып тұрғандай көрінді. Сондай көңіл күйдің әсерімен жазылған өлеңнің алғашқы шумағы:

– Көк тудың желбірегені
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Ата жұртына жете алмай
Көзінің мөлдірегені,  – деп өрілді.

Кейін сахнадан оқыған кезімде жарқ етіп, жай түсіріп өтетіндей отты өлең болғанын сезініп жүрдім. Кейін еліміздегі танымал сазгерлер бұл өлеңге әндер жаза бастады.

Елтаңбаға көз салсақ, күн сәулесі шарпыған көк аспанды шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары әдіптегенін байқаймыз. Мемлекеттік Елтаңбаның негізіне шаңырақ бекерден бекер алынбаған. Өйткені, Елтаңбаның жүрегі іспеттес шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы – отбасы ошағын бейнелесе, қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі іспетті. Қанатты тұлпар болашаққа көз тіккен жас ұрпақтың асқақ арманы. Бес жарық жұлдыз Отанның бағы биіктеп, бақыты нұр шашып тұрғанын білдіреді. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны. Аспаны ашық, жұлдызы жарқыраған, шаңырағы биік, жеңімпаз, берекелі елдің перзенті болу әркімнің мақтанышы. 

Сондықтан елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеу, отаншылдық, патриоттық сезімін нығайту – әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге тиіс.

 

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

otewshovАлмас ӨТЕШОВ,
ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

«Рәміздерді құрметтеу – баршаға міндеттелуі керек»

– Менің пайымдауымша, мемлекеттік рәміздерді сыйлау-сыйламау еліміздегі әр адамның еркінде болмауы тиіс. Өзім әнұранды білмейтін адамды құрметтемеймін. Елдің негізгі нышандарын құрметтеу – баршаға міндеттелуі керек. Еліміз Азаттыққа қолы жеткенше арғы бабамыз Күлтегін жазғандай, нешеме рет «қара терін төгіп, қызыл қанын ағызды». Міне, бүгінде сол зұлмат заманның бәрі де артта қалды. Ендігі міндет – елдік нышандарды әрбіріміз жиі дәріптеуіміз керек.

 


15349674 1128032903980802 6741625059315130285 nБерік СҰЛТАН,
блогер:

«АҚШ-та әнұранды шабыттана шырқадым»

– Өткен мамыр айында боксшымыз Қанат Исламды қолдап, АҚШ-тың Флорида штатына бардық. Сонда үлкен бокс аренасында əнұранды орындадық. Көңілім толқып, рахаттанып айттым. Айтқанда да айқайлап, жан-жағыма естіртіп айттым. Шетелде көк туды ұстап, əнұран орындау деген басқаша сезім екен. Меніңше, мемлекеттік рәміздер, бұл – елдігіміздің ең басты тірегі.

Последнее изменение Среда, 21 Июнь 2017 11:00
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.