Бүгінгі күннің қаһармандары Избранное

Пятница, 23 Июнь 2017 05:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2786 раз

2017 жыл. 4 қаңтар. Кешкі сағат 20.00. Тура осы уақытта жол-патрульдік полиция полкіне жедел шақырту түсті. Күйеуі әйеліне қару қолданып, өміріне қауіп төндірген. Кезекшілікте жүрген Сафуан Батырбаев бастаған полицейлер хабарлама бойынша жедел көлікке отырды.

DSC 0904

Кейде азаматтардың отбасындағы ұрыс-керісінің арты жанжалға ұласып, соңы өкінішті аяқталып жатады. Шұғыл жеткен топ оқиғаның үстінен түсті. Әйелдің өңінде қан-сөл жоқ. Тірі қаламын деп ойламаса керек. Бірінші болып Сафуан ер адамның қаруын қолға түсірді. Егер полицей келмегенде қайғылы жағдаймен аяқталар ма еді, кім білсін?.. Полиция қызметкері өмірі қыл үстінде тұрған әйелді қорғап қалды.

 

Ержүрек Сафуан 

DSC 0918Ішкі істер органында Жергілікті полиция қызметіне қарасты жол-патрульдік полкінің алатын орны ерекше. Мұнда полицейлерге артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Күні-түні қала тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалайды. Төнген қауіпті ауыздықтау үшін жанын қиюға дайын. Қиындығы мен қызығы мол мамандықты лайықты атқарып жүрген ОҚО ІІД Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметіне қарасты жол патрульдік полиция полкінің сақшыларын өз ісінің шебері деуге болады. Біздің кейіпкеріміз Сафуан Батырбаевты әріптестері ерекше құрмет тұтады. Қарапайым, қашанда көмекке келуге әзір, қайырымды жан деп бағалайды. Полицей жігіт патрульдік полкте қызмет істеген бес жылда 50-ге жуық қылмыстың жолын кесті. Талай оқыс оқиға мен қауіп-қатердің алдын алды. 

Ержүрек тәртіп сақшысына қала тұрғыны Анеса апайдың алғысы шексіз. Оны кездейсоқ зорлық-зомбылықтан Сафуан қорғап қалған. Бейтаныс адамның құйтырқы жоспары полицейдің қырағылығының нәтижесінде жүзеге аспады. 

Сафуан өз қызметін жақсы көреді. Жұмысының қиындығы мен жауаптылығына қарамастан абыроймен еңбек етіп келеді. 

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, бала кездегі арманым орындалды. Полиция қызметкері атанып, қаламыздың тыныштығын қорғап жүрмін. Алайда өзімді батыр санамаймын. Әрбір полиция қызметкерінің міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау және жол ережесін қадағалау. Менің орнымда болса басқа жігіттер де осылай жасар еді. Мен үшін атақ-даңқтан халықтың сенімі қымбат,-дейді полицей.

Жуырда Сафуан Батырбаевтың ерлігі басшылық тарапынан еленіп, «Үздік полицей» номинациясына ұсынылды. Полиция кәсіби мереке қарсаңында марапатталады.

 

Қауіпті қарақшы, қырағы жігіттер...

DSC 0925

Жылдың төрт мезгілінде жол бойын күзету оңай емес. Жыл сайын аумағы үлкейіп келе жатқан қалада көлік көп. Оған бағдаршамға қарамай, жарысатын көлік жүргізушілерін қосыңыз. Осылардың барлығын тәртіпке шақыру, полк қызметкерлерінің міндеті. Бірнеше күн бұрын Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полиция полкі бірінші взводының сержанты Оралбек Тәшімбетов және Ералы Далбаев, Дәурен Жолдасов күтпеген жерден қылмыскерді құрықтады. Полицейлер әдеттегідей кешкі ауысым бойынша жол қауіпсіздігін бақылап тұрған. Түнгі 24.00 шамасы болатын. Кең баба саябағы маңындағы қонақ үйден 5-6 азамат жүгіріп шығады. Олардың артынан іле-шала әйел шығып, полицейлерден көмек сұрайды. Сақшылар қылмыскерлердің ізін суытпай, қолға түсірді. Алдымен Оралбек екінші бағытқа бет түзеген қашқынның ізіне түсіп, оны көше бойынан тоқтатады. Әдепкіде ол қылмысын мойнына алмай, босатуын өтінеді. Алайда ойланып тұратын уақыт жоқ. Қырағы сақшы қылмыскерді құрықтады. Оқиға орнына барғанда қарақшының кассаны тонап, ақша алғаны анықталды. Тиісті тексеру мен сараптамадан соң, оның жеті бірдей қылмысы ашылады. 

Арада көп уақыт өтпей, жігіттер телефон ұрлығын анықтады. Оралбек Тәшімбетовтің айтуынша, телефонын ұрлатқан бейтаныс әйел шағым түсіреді. Полицейлер шұғыл түрде аумақты тексереді. Көп ұзамай, күдікті азамат көзге түседі. Алғашқыда ұры қарсылық көрсетпейді. Бірақ құжатын сұрағанда бой тасалағысы келіп, қашуға әрекет жасайды. Алайда жігіттер ширақ қимылдап, күдіктінің жалтарып кетуіне, тосқауыл жасады. 

DSC 0939

– Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 25 жыл. Осы жылдар аралығында елімізде қоғамдық тәртіпті күзетіп, қауіп-қатерден қырағы қорғайтын полиция қызметі қалыптасты. Ал жергілікті полиция қызметінің құрылуы екі маңызды мәселені шешуге мүмкіндік берді. Біріншіден, тәртіп күзетін қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігі артты. Екіншіден, жергілікті деңгейде қылмыстардың алдын алу мен құлақтандыру жүйесі әлдеқайда күшейді. Мұндағы жігіттердің бәрі жұмысын жауапкершілікпен атқарады. Бізге жаңадан келген жас қызметкер міндетті түрде тәжірибелі полицейге бекітіледі. Яғни, аға буын мен жас буынның арасында тәлімгерлік, іскерлік қарым-қатынас нық орнаған, – дейді ОҚО ІІД Шымкент қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция жол-патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция майоры Болатбек Иманалиев. 

Бүгінде қалалық жол-патрульдік полкінде 700-ге жуық полицей қызмет атқарады. Мұндағы жігіттердің бәрі ұйымшыл. Қызметтен қолы қалт еткенде қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысады. Жуырда облыстық ІІД ұйымдастырған спартакиадада полк құрамының жасағы жүлделі орыннан көрінді. Статистикаға сүйенсек жыл басынан бері полк жасағына 403 қылмыс тіркелген. Оның 133-ін полицейлер анықтаған.

Иә, ант қабылдап, погон таққан полицейлердің қай қайсысы да өз ісінің шебері. Оларды бүгінгі күннің қаһарманы деуге болады. Өкінішке қарай, сақшылар күнделікті қызметте жұрттың құрметіне бөлене бермейді. Еңбегі мен жанкешті ерлігі назардан тыс қалып жатады. Бұл полицейлердің назарға түскендері ғана. Ал белгісіздері қаншама?!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.