Алғыс арқалаған халық қалаулысы

Среда, 28 Июнь 2017 12:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3667 раз

algys-arkalagan-xaluk-kalaulysy-50

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары мен зиялы қауым өкілдеріне депутаттық өкілетті мерзімі аяқталуына орай есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен барлық аудан-қалалардағы мәслихат хатшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Биыл 70 жасқа толғалы отырған қоғам қайраткері ғұмыр жолында облысымыздағы экономиканың түрлі салаларында басшы лауазымдарда еңбек етті. Арыс қаласының, Созақ, Сайрам, Отырар аудандарының әкімі қызметін абыроймен атқарды.
– ҚР Парламентінің Сенатының екі шақырылымына депутат болып сайланды. Өңірде жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында ел заңдарының жобаларына құнды ұсыныстар енгізе білді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап, қазақ елінің қалыптасуына бағытталған саяси реформаларды жүргізуге, еліміздің құқықтық негізін қалауға және мемлекетті нығайтуға Қуаныш Айтаханұлының сіңірген еңбегі зор», – деді жиынды жүргізіп отырған Қайрат Рахымұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қуаныш Айтаханұлы жиналғандарға алғысын білдіріп, 12 жылдық депутаттық мансабында атқарған жұмыстарын баяндап берді. Халық қалаулысы осы жылдар аралығында аудан, қала активімен 350 рет кездесу өткізіп, 705 рет еңбек ұжымдарын аралап, жиын өткізіпті. Соның нәтижесінде Қуаныш Айтаханұлы 190 депутаттық сауал жолдап, 201 мақала жазыпты.
– Жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке араласқаныма 52 жыл болыпты. Соның 45 жылы комсомол, Кеңес, партия, әкімдік қызметтеріне арналса, соңғы 12 жылда ҚР Парламенті Сенатының екі шақырылымда депутаттыққа сайландым. 17 жыл көлемінде аудандық, қалалық, облыстық кеңестің депутаты, 4 жыл ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты атандым. Жалпы алғанда аудандық, қалалық, облыстық, республикадағы заң шығарушы өкілеттілігінде 33 жыл депутат болып еңбек етіппін. Осы қызметтерде маған сенім артқан елге, Елбасына, облыс басшылығына алғыс айтамын, – деді Қуаныш Айтаханов.
Қ. Айтаханов жиын соңында қатысушыларға «Елге қызмет – басты міндет» атты кітабын сыйлады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.