×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

ПИК қызметіне жүктелер міндет КӨП

Пятница, 14 Июль 2017 05:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3954 раз

Бүгінде Шымкент қаласында кондоминиум (ортақ меншіктегі мүлік) нысаны ретінде тіркелген 1914 көпқабатты тұрғын үйдің 40 пайызы, яғни 761-сі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осы орайда, көпқабатты үй қорын сақтауға тұрғындар өздері белсене атсалысуы тиіс. Көпқабатты үйлерді басқару жүйесін оңтайландырудың 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы өзекті мәселенің шешімін табуды көздейді.

PIK-kyzmetine-jukteler-mindet-kop-55 1

Қазіргі таңда көп қабатты үйлерді басқару үшін өзін-өзі басқару жобасы ұсынуда. Әр көп қабатты үй өздері «үй иелері бірлестігін» құрып, үй төрағасын сайлай отырып, үйді басқаруға басқарушы компанияны таңдауға құқылы. Жоба аясында тұрғындар үйді басқаратын компанияларды таңдап, сол қызмет арқылы үй қорын жаңғыртуға мүмкіндігі бар. Яғни, жаңа жүйе бойынша әрбір пәтер иелерінің бірлестігі тарапынан жеке шот ашылуы тиіс. Ондағы атқарылатын, үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру басқарушы компания жүзеге асырады. Ал оны орындау келісім-шарт негізінде сервистік компанияларға жүктеледі.
Қазіргі таңда мұндай тәжірибе елімізде Астана мен Алматы қалаларында сәтті жүзеге асуда. Нақты айтқанда, тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерін жөндеу, қыс мезгіліне дайындау, санитарлық-техникалық тазалау және электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасау секілді міндеттер атқарылады.
– Пәтер иелерінің кооперативі – меншік иесі емес, ол тұрғындарға қызмет көрсететін менеджер. ПИК – ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын ПИК-ке төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу мен штат қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады, – дейді БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы бойынша өңірлік өкілі Әбдімәлік Балбаев.
Бұған дейін қызмет көрсетуші мекемелер көпқабатты тұрғын үйлерді жылу беру маусымына дайындаумен ғана шектеліп келді. Өз кезегінде, шатырлар мен жертөлесін, тозығы жеткен үй ғимараттарын жаңалауда бір шешімге келе алмай жататын үйлер жеткілікті болатын. ПИК-тің тиімділігі сол, тұрғындар көпшілік дауыспен басқарушы компанияны таңдаса болғаны, әрине, олар нысанның толық қызметін өз жауапкершілігіне алады. Бағдарламаға сәйкес, күрделі жөндеу кондоминиум нысандары болып есептелетін үйлерге жүргізіледі. Бұл ретте, қала әкімдігіне «тиімді меншік иесін қалыптастыруға» Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы бойынша үгіт-насихат жұмыстарына жәрдем бермек.
Осыған орай, 2015 жылдың 5 қараша айында Астана қаласында өткен форумда Біріккен Ұлттар Ұйымының басшыларымен Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымовтың қол қойған меморандум негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің «халықтық кеңсе» ғимаратында «қаланың тұрақты дамуын үйлестіру орталығы» ашылды.

PIK-kyzmetine-jukteler-mindet-kop-55 2

Жауапты сала мамандарының айтуынша, бағдарламада көрсетілгендей, 3 хаттама түзіледі. Алдымен, үй тұрғындары бірінші кезекте нені жөндеу қажеттігін өздері шешеді. Үй комитеті төрағасын да өздері сайлайды. Екіншіден, жұмыстарды жүргізетін мердігер компанияларды таңдап, олар атқаратын жұмыстардың техникалық негіздемесін сараптамадан өткізеді. Үшіншіден, тұрғындар жұмсалатын қаржы көлемін белгілегенде әрбір пәтер иесінің үлесін өзара келісіммен анықтайды.
Расында, өңірдегі тұрғын үй қорының қараусыз қалуы – энергетика және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Мәселен, шатыр, дәліз, жертөле, инженерлік жүйелер, үй айналасындағы жер телімі, тағы басқалары 20-25 жыл қараусыз қалды. Ал қараусыз қалған мүліктің тез тозатыны айтпаса да түсінікті.
Жалпы, айта кетер болсақ, халықаралық тәжірибеде күрделі жөндеуді қаржыландырудың төрт негізгі тәсілі бар: біріншісі, меншік иелері қауымдастығының осы мақсат үшін нақты уақыт кезеңінде жиналған резервтік қорлары, екіншісі, меншік иелерінің ақша жарналары, үшіншісі, мемлекеттік және муниципалдық билік органдары берген гранттар, төртіншісі, нарықтық немесе мемлекеттік (муниципалдық) несиелер.
Бұл бағытта жетекші орындарда тұрған Словакия елінде тұрғын үй кооперативтерін құрылыс банктері арқылы несиелендіру қызметі жүйеленген. Ал Венгрияда тұрғын үй кооперативтеріне қаржылық қолдауды гранттар бағдарламасы арқылы мемлекеттің өзі немесе муниципалитеттер көрсетеді. Ресей Федерациясында пәтер иелері күрделі жөндеу үшін жарналар көмегіне сүйенеді. Яғни, қажетті қаражатты толықтыратын қор қызметі құрылған.
Бүгінде тиімділігін көрсеткен ПИК қызметі үшін алматылықтар пәтерінің әр шаршы метріне 17-35 теңге, ал астаналықтар 22-90 теңге аралығында төлеуде. Айта кететін жайт, қазіргі таңда Оңтүстік өңірінде кондоминиум нысаны ретінде тіркелген 3152 үй бар. Оның 2317-сы күрделі жөндеуді қажет етеді.