Сенімге адал СҮҢГУІРЛЕР

Среда, 19 Июль 2017 05:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3731 раз

vodalaz-56

Жазды күні біздің өңірдің аптап ыстығында демалысты, әсіресе, суға сүңгіп кетуді аңсап тұратын әдет барша Оңтүстік тұрғындарына тән болса керек. Тіпті, қолымыз қалт етсе, ондай мүмкіндікті жібермейтініміз де анық. Қала тұрғындарының сұранысына орай Шымкентте аквапарктер, бассейндер ашылып-ақ жатыр. Ал құлашты кеңірек сермеп жүзу мен табиғат аясында сергуді қалайтындар таулы аймақтағы демалыс орындарына тартып отырады. Сондай-ақ, Арыс, Келес өзендеріне, Шардара, Бөген, тіпті, Сырдарияға жүзуге баратындар аз емес. Дегенмен, су көлемі үлкен болған сайын онда қауіп басым. Сондықтан мұндай аймақтарда суға кеткендерді құтқару үшін міндетті түрде сүңгуірлер жасағы қызметте жүреді.

 

vodalaz-4-56.jpg Адам аман қалу үшін...

– «Орталық», «Орталық»!
– «Орталық» тыңдап тұр!
– Құтқару жасағына қосымша күш қажет!
– «Орталық» қабылдады!

Мұндай хабар түскеннен-ақ, төтенше жағдайға дайын тұрған сүңгуірлердің келесі жасағы оқиға орнына жетіп барады. Бұл кезде олардың әрбір іс-әрекеті минутпен емес, секундпен өлшенеді. 15 секундта орындайтын тапсырмаға 16 секунд кідірсе, сүңгуір ескерту алады. ТЖД Жедел құтқару жасағының бөлімше басшысы Ілияс Мейірбеков ең қиыны, суға батып кетуден шошып, жанталасқан адамды құтқару кезіндегі арпалыс екенін айтты.
– Суға тұншыққан адамның бірден күші көбейіп, жан-тәнімен аман қалуға ұмтылады. Ондайда ол ештеңе естімейді де, көрмейді де. Құтқарушының өзін суға батырып жібере алатын күшке ие болады. Абдырап, құтқарушыға жармасып, оны басып өзі ауа жұтуға әрекет жасайды, – дейді ол.
Бұл сәтте құтқарушының өзі қимылсыз қалып не тұншығуы әбден мүмкін. Ал бірер минутта бітуі тиіс әрекет көп уақытқа созылып, жағдай қиындай береді. Сондай сәтте құтқарушы жаттығуда көрсетілген тәсілдермен суға тұншығып жатқан адамның қолын қайырады немесе жағынан қыса ұстап, жоғары көтереді. Тіпті қолдарынан қапсыра құшақтап алса, ішінен теуіп, оның құрығынан босап шығуы да жаттығуда қарастырылған. Содан соң асқан жылдамдықпен батып бара жатқан адамды артқа айналдырып бұрады да, қолтығынан ұстап жағаға немесе қайыққа қарай жүзіп алып шығады.
– Кейде жағаға аман-есен шыққан демалушылар алғыс айту былай тұрсын, аты-жөнін де айтпай теріс бұрылып жүре береді. Олар өздері туралы мәліметті беруден бас тартқан соң біздің жұмысымыз көбіне ескерусіз қалады. Кейбірі «рахмет» деп өзі туралы мәліметті толық қалдырады. Бұл біздің еңбек кітапшамызға тіркеледі. Дегенмен, біз кей адамдардың тәжірибемізді арттыратын мәліметтерін бермеуіне үйреніп кеттік. Бастысы, демалуға келгендер жақсы көңіл күймен қайтса болғаны, – дейді І сыныпты сүңгуір Өмір Шегенов.

vodalaz-1-56

 

≈ Жеделдік тынымсыз жаттығуды қажет етеді

Біз Тоғыс су қоймасындағы «Тоғыс» құтқару станциясына барып, сүңгуірлердің жұмысымен таныстық. Станцияда кезекшілікке түскен құтқарушылардың жатын орны, киім ауыстыру, тамақтану және медициналық бақылау бөлмелері бар. Күнделікті таңертеңгі жаттығу сүңгуірлердің денсаулығын тексеруден басталады. Олар спирттік ішімдік қолданбаған, түнде дұрыс тынықан, көңіл күйі жайлы және денсаулығы өте жақсы болуы шарт. Бұл қатаң талаптан өткен соң құтқарушылар сүңгуір киімін кию жылдамдығына жаттығады. Ал суға түсу кезегі келгенде олар 4 шақырымдық «Тоғыс» су қоймасының арғы шетіне тоқтамай жүзіп барып, кідірмей бергі жағаға қайта оралады. Таңертеңгі жаттығудың ең қиын кезеңі тереңдігі 15 метрді құрайтын судың астына түсу.

vodalaz-5-56.jpg

Бұл кезде ауыр сүңгуір киімі мен оттегі балонынан бөлек, құтқарушының мойны мен беліне кір тасын қапсыра байлайды. Жаттығу кезінде беліне қалың арқан байланған соң сүңгуір суға бір түсіп, бірнеше секундтан соң қайта шықты. Басын иіп, бас бармағын көрсеткен сүңгуірдің бұл әрекеті «құтқаруға дайынмын» дегені екен. Бұдан әрі құтқарушылар сүңгуірдің беліне байланған арқан арқылы «тілдеседі» деді І.Мейірбеков. 

vodalaz-3-56.jpg

vodalaz-2-56.jpg– Құтқарушы өз салмағына қосымша 45 келі ауыртпалық түспесе, сүңгуір киімімен суға батпайды. Судың астында жүріп, суға кеткен адамды іздеу үшін тас байланады. Тереңге түскен сайын судың қысымы күшейіп, қараңғылық басады. Бұған су астында өсетін балдыр, басқа да өсімдіктерді қосыңыз. Құтқарушының жағдайын арқанды үш рет сілкілеу арқылы білеміз. Егер дәл солай үш рет сілкілесе, бәрі дұрыс. Бір тартып, бір сілкісе бірдеңені бағамдай алмай тұрғаны. Екі сілкіп, үш рет тартса тапқаны. Ал 4 рет тартса көмекке екінші сүңгуірді шақырғаны. Арқанды тоқтаусыз жұлқи тартқаны – сүңгуірдің өзіне шұғыл көмек қажеттігін білдіреді, – дейді құтқарушылар жасағының жетекшісі.

 

≈ Сүңгуір болғыңыз келсе, су астында тәжірибе жинайсыз

От пен суды «тілсіз жау» десек, ең қиын мамандық иелері – сүңгуірлер. Сүңгуірге қойылатын ең басты талап – деннің саулығы. Толық тексеруден өткен құтқарушы 20 сағат теориялық оқу сабақтарына қатысады. Ал су астындағы практикалық жұмыстарының уақыт жиынтығы 12 сағатқа жетуі тиіс. Содан кейін сынақтан өткен құтқарушыға «ІІІ сыныпты сүңгуір» дәрежесі беріледі.
– Әр жолғы су астындағы жұмыстар сүңгуірдің кітапшасына 10-15 минут уақыт есебімен жазыла береді. Солай 500 сағат су астында жұмыс істесе, ІІ сыныпты алады. 700 сағаттан асырса, І сыныпты сүңгуір ретінде шені жоғарылайды, – дейді Ілияс Мейірбеков.
Оның айтуынша, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін құтқарушылардың кезекшілігі күзету аймағынан тыс орындарда да ұйымдастырылған. Ересектер арасында өкінішті жағдайға алып баратын оқиғалар көбіне жүзуді білетіндер арасында орын алады дейді мамандар. Ересектер жүзуден жарысады. Бұрынғы күш-қайратын сол күйінде деп ойлайды. Көбіне Тоғыс су қоймасының арғы шетіне жүзіп барып қайтуды көздегенімен судың орта тұсына жүзіп барғанда ғана аяқ-қолының талғанын сезеді. Кейде аптап ыстықтан келіп бірден салқын суға қойып кеткенде сіңір тартылады. Мұндай кезде терең жақта жүзіп жүрген адамның жағдайы қиындап кетуі ғажап емес. Құтқарушыларға құлақ ассақ, демалыстың сәтті өтуі үшін сақтық шараларын назарда ұстап, құтқарушылардың ескертуіне мән берген абзал.

vodalaz-6-56.jpg

Жыл басынан бері облыста 17 адам суға кетіп қайтыс болған. Оның 11-і кәмелет жасына толмаған балалар. Мұның әрқайсысы қабырғаны қайыстыратын қайғылы жағдай. Үйінен «шомылуға барамыз» деп шыққан жан ешқашан аяғы сәтсіз болады деп ойламайды. Шынтуайтына келгенде, әр адам өз жанының құтқарушысы.

Последнее изменение Среда, 19 Июль 2017 06:10
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.