Мемлекеттік рәміздер – ұлттың айбары

Вторник, 28 Март 2017 04:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3024 раз
12Тарих беттерін парақтасақ, халқымыз өз Тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы сұрапыл сан соғысты бастан өткергені белгілі. Еліміз Азаттыққа қолы жеткенше арғы бабамыз Күлтегін жазғандай, нешеме рет «қара терін төгіп, қызыл қанын ағызды». Міне, бүгінде сол зұлмат заманның бәрі де артта қалып, халқымыз өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Еліміз Азаттық алғалы бері өркениет көшінің бел ортасынан ойып тұрып орын алып, өзінің мемлекеттік рәміздерін жариялады, алып шаһар – Астананың уығын шаншып, керегесін кеңейтті.
 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», – деген болатын. Елбасының бұл арнау сөзін қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, жадында ұстауы тиіс.
 
Әрине, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, қасиеттеу үшін, алдымен мемлекеттік рәміздер туралы терең түсінік болуға тиісті. Ендеше, мемлекеттік рәміздер туралы мәліметтерді сарапқа салғанымыз артық болмас.
 
Мемлекеттік рәміздер туралы
 
«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын  білдіреді». Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті
 
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
 
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
 
Мәңгі желбіре, көк Туым!
 
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
 
Елтаңбам – елдігімнің айғағы
 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
 
Менің, елім, менің елім...
 
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
 
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
 
Байқасақ, қандай ел болмасын өз рәміздерімен мақтанады. Алайда, оның тереңіне бармай, құр мақтану – әбестік. Ендеше, Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет – ғұрыпты, салт – дәстүрді қастерлеу болып табылады.
 
Рәміздер туралы қызықты деректер.
1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәлік, жеке куәлік, мектеп аттестаттары, медициналық карталарда да бар.
2. Қазіргі әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда белгіленген еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында дәл осы ән қазақ жастарының бейресми әнұраны болған.
3. Туды кез келген жерде, қалай болса солай ұстауға болмайды. Сонымен қатар, оң жаққа қарай желбіреуі керек. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында ту міндетті түрде болуы керек.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
5. Елімізде Мемлекеттік рәміздер күні бар, яғни ол – 4 маусым. Кей мемлекеттерде дәл осы мерекеде арнайы демалады.
 
С. ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Пятница, 21 Июль 2017 05:31
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.