20-ға жуық ескертпе тақта орнатылды

Пятница, 21 Июль 2017 11:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4470 раз

Қалада жаңадан бой көтерген шағынаудандардың мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әрбіріміз де көше бойларын таза ұстауға міндеттіміз. Мәселен, Қаратау ауданына қарасты шағынаудандарға 20-ға жуық ескертпе тақта орнатылды. Бұл жұмыстар қоқысты бей-берекет тастаудың алдын алу, тазалыққа шақыру мақсатында қолға алынған.

20-juik-57

Қаратау ауданының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаевтың айтуынша, бұл жұмыстар кестеге сай атқарылып жатыр. Ескертпе тақталар 20-ға жуық шағынауданда – «Бозарық», «Қайнарбұлақ» саяжайы, «Достық», «Қайтпас», т.б., шағынаудандарға қойылды. Мұның бәрі де демеушілердің, кәсіпкерлердің тарапынан іске асып отыр.
Тағы бір мәселе – тұрғындардың жедел жәрдем, төтенше жағдайлар қызметі немесе тәртіп сақшыларын шақырғанда қолайсыздық туындауы. Көше бағыттағыштары жоқтығынан мекенжайды табу қиынға соғатын. Жомарт азаматтардың жәрдем беруімен «Асар2» шағынауданына 7 көше бағыттағышы орнатылды. Бұл мәселе де халықтың талап-тілектерінің арқасында шешімін тапты.
– Ескертпе тақталары көбінесе қоқысты бей-берекет тастайтын орындарға қойылды. Мұның бәрі бюджеттің қаражатынсыз, демеушілердің есебінен. Ол азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Тәртіп бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылады. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды көптеп өткіземіз. Ал бағыттағыштар негізгі жеті көшеге қойылды, – дейді бөлім басшысы.
Шағынауданда 4000-нан астам халық тұрады. Орам басшысы Тұрдалы Шынасылов атқарылған іске өз ризашылығын жеткізді. Енді тұрғындар жедел жәрдем көлігін шақырғанда еш мәселеге кезікпейді. Сонымен қоса, ескертпе тақталардың да оң нәтиже беретініне сенім бар.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.