Облыстық әділет департаментінің басшылығы биылғы бірінші жарты жылдықта атқарған жұмыстары бойынша баспасөз мәжілісін өткізді.
Жиында белгілі болғандай, облыста жарты жылда 299 мыңнан астам атқару құжаты болған. Соның ішінде 73 мыңнан астамы ғана орындалған. Яғни, сот орындаушылардың жетіспеуінен әрбір төртінші іс қана нақты шешімін табатынын көрсетіп отыр.
– Жеке сот орындаушыларды көбейту жөнінде мәселе көтеріп отырмыз. Қазір бұл жұмысқа ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан кісілерді тарту мәселесін қарастырудамыз. Себебі сот орындаушылар жетіспеуінен бүгінде осы қызметке іріктеу, лицензия беру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Дегенмен осындай көрсеткішке қарамастан, жыл соңына дейін бүкіл құжаттардың 60 пайызын орындауды көздеп отырмыз, – дейді облыстық әділет департаментінің басқарма басшысы Бағдаулет Жұмаханов.
Айта кетсек, сот орындаушылары, адвокаттар мен нотариустардың қызметіне қатысты сауалдарыңыз болса Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі, 16-ғимаратта орналасқан әділет департаментіне, ресми сайтына, 119 нөмірі арқылы ақпарат беру қызметіне немесе 58-00-58 нөміріне хабарласуыңызға болады. Егер шағымыңыз болса, жазбаша түрде де арыздана аласыз.